Аудан орталығы Щучинск қаласында ескі үйдің орнына жаңа көп пәтерлі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Құрылыстың жалпы ауданы 3084 шаршы метрді құрайды.
6 қабатты үйде лифт, шаруашылық қызметке арналған орын, балалар алаңы, автотұрақ, гараж кешені қарастырылған. Жоба тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Бас мердігер – «TASU COMPANY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Хасан Мұсахаджиевтің айтуынша, жобаға 480 миллион теңге инвестиция салынған, үй осы жылдың қазан айында тапсырылады.
Айта кетейік, тұрғындар бұл жаңа тұрғын үй құрылысын 10 жыл күткен еді. Жуырда жаңа нысанның жұмысымен танысқан облыс әкімі М.Ахметжанов өз сөзінде «Жаңғырту бағдарламасы жергілікті құрылыс компанияларына өз бизнесін дамытуға және ірі қаржылық жобаларға қатысуға мүмкіндік береді» деп атап өткен болатын.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.