Шаштаразшылар шапағаты

Қазақ зағиптар қоғамының аудандық бөлімшесі көптеген жергілікті кәсіпорын-ұйым, мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мысалы, қоғам мүшелері аудандық Ілияс Есенберлин атындағы кітапхана ұжымымен жақсы қарым-қатынас орнатқан.

Осы білім ошағымен бірге мерекелік шаралар ұйымдастырса, спорт мектебі, «Олимп» спорт кешенінде спорттық жарыстарға қатысып, жаттығулар өткізіп тұрады. Қоғам мүшелері қаладағы  колледж ұжымымен де аракідік кездесіп тұрады. Колледждегі шаштаразшылар даярлайтын топ шәкірттері қоғам мүшелерін шақырып, қыз-келіншектердің шаштарын бояп, әдемілік үлгілерін жасап береді. Ерлерге де осындай қызмет көрсетеді. Оқу жылында мұндай кездесулер бірнеше рет өтеді.

Колледж ұстазы әрі өндірістік шебері Орынбасар Байымбетова өзінің шәкірттерімен қонақтарды қарсы алып, креслоларға отырғызып кімге қандай қызмет көрсету керектігін біліп, жұмысқа кірісіп кетеді. Ер азаматтардың шаштарын түзету көп уақытты алмайды. Ал, қыз-келіншектерге жұмсалатын уақыт әрине, ұзақтау. Шашты қию, бояу, жылы сумен жуу, кептіру біршама уақытты алады. Өндірістік оқыту шебері Александра Лях та бұл жұмыстың бел ортасында. Ол кезінде осы колледжде мамандық алған, кейіннен шағын кәсіпорнын ашып, сонда істеген. Өзі оқыған колледж жұмысқа шақырғанда көп ойланбастан келісім берді. Мұнда үшінші жыл жұмыс істеп келеді.

Жастар арасында шаштараз, сәндік мамандығына қызығушылық бар, мысалы бірінші курста 22 шәкірт, үшінші курста 21 адам осы кәсіпке білім алуда. Соңғы курстағы Юлия Афанасьева бұл мамандықты жақсы игерген, кез келген адамға қызмет көрсете алады. Ирина Кулинская болса бірінші курста, сондықтан, мұндай тәжірибелік жұмыстар оған тек пайдасын беруде.

– Кезінде Атбасарда қарттар үйі болғанда сонда барып, кісілердің шаштарын алып беретінбіз, – дейді Орынбасар Қайыргелдіқызы, – қаладағы №2 арнайы мектеп-интернатта да жиі болып, сондағы балаларға қызмет көрсетеміз. Оқу орнының директоры Светлана Белинская бізге хабарласып, келуімізді өтінеді. Бұл бір жағынан, шәкірттерімізге жақсы тәжірибелік жұмыс. Бізде оқыған жастардың біразы алған мамандықтары бойынша әр жерлерде еңбек етеді. Маргарита Качура жеке кәсіпкер, өзінің шаштаразы бар. Карина Сагоян – жаттықтырушы-стилист. Астана, Алматы, Мәскеуде де жұмыс істеуде.

Жалпы, жастарға дұрыс бағыт сілтеп, мамандық алуға қолдау жасау – мемлекет алдында тұрған үлкен  міндет. Колледж ұжымына көрсеткен қызметі үшін жергілікті зағиптар қоғамының мүшелері дән риза.

                   Өмірсерік ШАЙХИН.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар