Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отбасы болып ән салған, өнерлеріне ел тамсанған - АРҚА АЖАРЫ

Отбасы болып ән салған, өнерлеріне ел тамсанған

Елімізде сонау сексенінші жылдардың соңында отбасылық ансамбльдердің қатары көп еді. Балалық шағымызда әкеміздің бастауымен Шаменовтар отбасылық ансамблі біздің де жанұяда құрылған.

Бес-алты жасар бүлдіршін кезімде мен де сол ансамбль құрамында ән салып, өнер көрсететінмін. Аудандық, облыстық деңгейде өтетін байқауларға дайындық барысы күні бүгінге дейін көз алдымда. Әкем мені ансамбльдің солисі етіп қоятын. Бал тілді бүлдіршіннің қазақша ән айтқанын көрген өнерсүйер қауымның ықыласы ерекше еді. Ойлап отырсақ, осы бір ілкімді үрдістің тағылымы бөлек болатын. Себебі,жастайынан өнермен сусындаған отбасындағы балалардың түптің түбінде әрқайсысы өнерге ынтызар болып өсетіні анық. Қазіргі таңда бұрынғыдай болмаса да, облысымыздың әр ауданында өнерлі отбасылық ансамбльдер жоқ емес, бар. Әрине, мұндайда алдымен тіл ұшына қорғалжындық Құсайыновтар әулеті оралады. Қорғалжын елі ежелден құт қонған, қасиет тұнған киелі өңір. Бұл өлкенің өнерпаздарының бойынан бекзаттылық пен тарлан тектілік байқалып-ақ тұратыны бар. Өнер ұрпақтан-ұрпаққа мұра болар ізгі дәстүр екендігін ескерсек, бұл өнерлі өлкеден әлі талай өнер тарландары шығатыны сөзсіз. Қорғалжын өңірінің жұлдызы биік өнерпаздарының ішінде   Қалимұса  ағамыздың орны бөлек, әрине. Қорғалжын ауданында халық театрын ұйымдастырушығана емес, ол облыс аумағындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің дамуына зор үлес қосқан өнерпаз. Бұл күнде әке жолын ұлы Мұхтар Құсайынов жалғастырып, өнегелі істі өрлетуде.

Ансамбль жетекшісі Мұхтар Қалимұсаұлы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатының, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің түлегі. Мұхтар аға да жастайынан өнермен есейіп, еңбексүйгіштік, табандылығының, шеберлігі мен іскерлігінің арқасында биікке көтерілген біртуар азамат. Әке аманатына адал азамат өз отбасымен бірге абырой биігінен көрініп, 2002 жылы ансамбль «Халықтық» атағына ие болды. Атақты  Құсайыновтар отбасылық ансамблі көптеген республикалық және облыстық байқаулардың дипломанты және лауреаты. Ұжым облыстан тыс жерлерде де танымал. Олар Қазақстан мен Ресейдің көптеген қалаларын аралап, өнер көрсетіп жүр. Ансамбль репертуарында 150-ден астам ән бар.

Аршалы ауданының Жібек жолы ауылдық округінде тұратын Тасболатовтар отбасылық ансамблі деел ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздар. Отбасылық ансамбльдің тізгінін 35 жылдан астам уақыт Әлібек Тасболатов ұстап келеді. Әлібек Тасболатов кезінде Көкшетау облысында «Көксеңгір сазы» фольклорлық-этнографиялық халық ансамбліне жетекшілік еткен. Ансамбль Семей облысында Абай Құнанбаевтың 150 жылдық тойына қатысып, лауреат атанған. Ренат Тасболатов болса, бас домбырада, Жұмабек баянда ойнайды. Қалибектің қызы Гүлдана Көкшетау музыка колледжін қобыз класы бойынша, Зәмзагүл музыка мектебін, педагогикалық институттытәмамдады.Ал, Гүлнәз Тасболатова Ұлттық музыка академиясында Айман Мұсаходжаевадан дәріс алған. Флейтадан талай халықаралық байқауларға қатысып, абырой биігінен көрініп жүрген талант иесі. Өңір мәдениетін өркендетуге қосқан үлестері ескеріліп, ансамбль Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2013 жылдың 17 мамырындағы №109 бұйрығы бойынша «Халықтық» атағын алды.

Ансамбль облыстық дәстүрлі «Ақмола жұлдыздары» байқауында аудан намысын қорғап, абырой биігінен көрінуде.  Көкшетау қаласында өткен облыстық «Өнерлі шаңырақ» байқауының 1-ші орын иегерлері.  Репертуарларында қазақ халық әндері, украин халық әндері бар, Қазақстан композиторлары әндерімен қатар, орыс тілінде де ән шырқайды.

Осындай өнерлі ұжымның қатарына зеренділік Насибуллиндер отбасылық ансамблін қоссақ әбден лайық.  Насибуллиндер отбасылық ансамблін 1991 жылы әнші, сазгер, «Алтын алқа» иегері, ауданның мәдениет саласының ардагері, облыстық көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы Әсия Абдуллина құрған. Ансамбль 1996 жылы Көкшетау қаласында өткен отбасылық ансамбльдер байқауының жүлделі 1-ші орын иегері. Облыстық, аудандық көркемөнерпаздар байқауының жеңімпаздары. Репертуарында қазақ халық әндері, татар әндері және жергілікті композиторлардың әндері бар. Қазіргі уақытта ансамбль құрамында 10 өнерпаз өнер көрсетуде. Ансамбль жетекшісі Насибуллин Ринат Хамитұлы.

Ал, көкшетаулық Біржановтар отбасылық ансамблін облыс орталығындағы өнерсүйер қауым жақсы таниды. Біржановтар әулеті туралы сөз қозғағанда әрине, алдымен осы әулеттің алтын қазығы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері,асқақ әнші Еркін Біржановты айтсақ әбден лайық. Бар ғұмырын өнер саласына сарп еткен әншінің ұрпақтары бүгінде өнер өлкесінде ұлағатты әке жолын абыроймен жалғастырып келеді. Бұл орайда, дәулескер домбырашы, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Сәкен Біржанов ағамыз туралы сөз бөлек. Саусағынан саз сорғалаған домбырашының өнеріне көкшеліктер дән риза. Ансамбль 2015 жылдары шығармашылық жолға қадам басты. Өнерпаздар домбыра, шертер, флейта, асатаяқ сынды аспаптардың  құлағында ойнайды. Ансамбль мүшелері бірнеше дүркін республикалық байқаулардың лауреаттары атанған. Көптеген Алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталған. Қазақтың  дәстүрлі  өнерін, ұлттық мәдениетімізді дәріптеп, насихаттау және дамыту жолында қажырлы да адал еңбек етіп жүрген өнерпаздар десек асыра айтпағандығымыз. Алматы қаласынан «Домбыра» ұлттық телеарнасының ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлттық рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптарын, дәстүрлі ән-жырлары мен ұлттық күйлерін  халыққа  барынша  насихаттайтын  жаңа форматтағы телеарнақатысушылары болып әлеуметтік желі арқылы шығармалары қалың көпшілікке ұсынылды.

Біз жоғарыда санамалап өткен өнер ұжымдары шетінен отбасыларымен өнерпаз. Біреуі асқақтата ән айтса, енді бірі домбыра құлағында ойнайды. Қай-қайсысы болсын, ұлттық мәдениетті ұлықтап жүрген ұлағаты биік өнер қызметкерлері. Өнер өлкесінде осындай өзіндік қолтаңбасымен танылған шығармашылық ұжымдарына қанаттарыңыз талмасын, дәйім алдан көріне беріңіздер дейміз біз де!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар