«Мектепке жол» акциясы аясында биыл Жалпыға бірдей оқу қорынан 596 ақкөлдік оқушыға қаржылай көмек көрсетілді.
Сол сияқты, демеушілердің қолдауымен 1-сыныпқа баратын 56 балаға да осындай көмек көрсету мүмкін болды.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан Республикасының Бiлiм министрлiгi мектеп оқушыларын жалпыға бiрдей мiндеттi бiлiм берумен қамтамасыз ету мақсатында «Мектепке жол» дәстүрлi республикалық қайырымдылық акциясын өткiзедi.
Басты міндет – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және балалардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке келмеуінің алдын алу.
Акцияның соңы 30 қыркүйекке жоспарланған. «Сондықтан, кімде-кім, кез-келген ұйым осы мақсатта көмек көрсетемін десе, әлі уақыт бар. Ауданымыздың әрбір жағдайы бар тұрғыны әлеуметтік осал топтағы балаларды мектепке дайындауда азаматтық белсенділік таныта алады,– дейді аудандық білім бөлімінде.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ақкөл ауданы.