Ақкөлде ауыл тойы дүбірледі

Халқымызда «қазақтың тойы үзілмесін» деген қағида бар. Той белгілі бір қуанышқа немесебелгілі бір кезеңді еске алуға арналған игі шара. Елімізде әртүрлі тойлар өтіп жатыр. Олардың жөндісі де, жөнсізіде бар. Оны, әрине, той иесі шешеді. Артық қаржысы бар болса, өткізе берсін.

Сонда да ысырапшылдық жасауға болмайды. «Көрпеңе қарай көсіл» деген ұлы сөзді басты назарға алу керек. Қарыз немесе кредит алып өткізудің қажеттілігі жоқ сияқты. Мысалы, мен әрбір он жылымды елу жастан бастап атай бастадым. Оның басты себебі, сол жасқа аман-есен жеткенімнің қуанышы.

Таяуда Ақкөл ауданының Амангелді ауылында «Ауыл тойы» (суретте) өтті. Мен оны орындыдеп есептеймін. Өйткені, ауылдың құрылғанына 95 жыл. Беделді азаматтар Көсембаев Мұрат бастап, Құрманғали Жұмабеков, ауыл әкімі Қанат Боранбаев, кәсіпкер Сағындық Ибраев, Жамиға атты келіншек, аудандық мәслихаттың төрағасы Сағынтай Абаханов, тағы басқалары қостап, жоспар құрып, екі айдай дайындалды. Қаржыны сол елде кіндігі кесілген азаматтар жинады. Ауыл өзенінің бойында, шоққарағайдың бауырында үш ақшаңқан киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылып, ат спортының бірнеше түрі өтіп, жілік сындырылып, мәре-сәре болған ұлттық ойындармен бір марқайып қалдық.

Ат ойындарына Ерейментау, Бұланды, Ақкөл ауданының Қарасай және Байқоныс ауылдарының өкілдері қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Он бес шақырымдық жарыста қарасайлық Қуат, жеті шақырымда байқоныстық Елубай, теңге алуда ақкөлдік Елдар, аударыспақта Бұланды ауданының өкілі бас жүлдеге ие болды. Ал, Наумов орта мектебінің оқушысы Толғанай қаптағы 21 келі жүкті 31 рет көтеріп, халықты таңқалдырды. Бұл баламызға бақыт, әрісінде осындай табыстар тілейміз. Жіліктің әдісін біліп, сындырған – Дархан Көсембаев. Қонақтарды дәмді тамақтарымен риза қылған Төлепберген, татар баласы Рафаиль, ингуш ұлтының өкілі Айна, Төлебек, Гүлнәр, Сапура, Нағималар бір кісідей, тік тұрып қызмет жасады.

Бұл тойдың негізгі мағынасы не деген заңды сұрақ туады. Өзінің кіші Отанын сүймейтін адам жоқ шығар деп ойлаймын. Жерлестеріміз заманның ағымына қарай, әсіресе, жұмыс іздеп, еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Елін сағынған олар тай-құлындай тебіскен достарымен қауышты, біраз көңіл көтеріп қалды. Сөз алғандар ауылдың проблемаларын көтерді. Ауыл ақсақалы ретiнде мен ауылда үш мәселені шешу керектігіне тоқталдым. Олар жұмыспен қамту, мектептегі балалар санын көбейту, көпір салу сияқты мәселелер. Ауданда біздің ауылдың тумалары, мәслихат төрағасы Сағындық Абаханов, білім саласының басшысы Келешек Әшімов, «Аманат» партиясы филиалының басшысы Бауыржан Өмірбаев және ауыл әкімі Ғизат Боранбаев бар. Осы азаматтардың проблемаларды шешуге ат салысатындығына сенімімді білдірдім. Тойға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Саят Ахметжановта бұл жағына көңіл аударады деген ойдамын. Тойдың соңына қарай келіп, қостан дәм татқан Ақмола облыстық білім саласының бұрынғы басшысы Шоқан Оразалинде мұндай шараның қажет екендігін тілге тиек етіпті. Халықты біріктіру, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту үшін, осыны жастардың санасына сіңіру үшін мұндай елдік істің пайдасы зор деп есептеймін. Жерлестерім енді ауылдың ғасырлық тойын өткіземіз деп тарқасты.

 

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар