Еңбек адамы
Ақкөл ауданында төрт түліктің бабын тауып, маңдай терін туған жердің берекесіне арнап жүрген еңбек адамдары аз емес.
Солардың бірі «Азат Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің малшысы Нұрболат Аңшыбай. Кәсібіне адал, жұмысына тиянақты, шаруасына жауапкершілікпен қарайтын азаматтың еңбегі ауылдастары тарапынан да жоғары бағаланып келеді. Бүгінде Нұрболат «Халық таңдаған үздік малшы» байқауына қатысып, көпшіліктің қолдауына ие болуда.
Мал бағу дегеніміз сырт көзге қарапайым кәсіп болып көрінгенімен, оның машақаты мен жауапкершілігі аз емес. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамай, төрт түліктің жайын жасап, бабын табу деген нағыз төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Малдың тілін тауып, мінезін тану да кез келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан, малшы еңбегін табиғатпен біте қайнасқан, өзіндік машығы мен машақаты бар кәсіп десек, қателесе қоймаспыз.
Нұрболат Аңшыбай осындай жауапкершілікті жақсы түсінетін тәжірибелі малшы. Ол өз ісіне тиянақтылығымен, еңбекқорлығымен және шаруашылыққа деген жанашырлығымен әріптестерінің арасында сый-құрметке ие.
Малшының жұмыс күні сағатқа бағынбайды. Таңның атысы мен күннің батысы төрт түліктің қамымен өтеді. Таң қылаң бере қора-қопсыны аралап, малдың жайын бағамдап, саулығын бақылау, жемшөбін дайындау, жайылымын қадағалау, төлдің амандығына көз жеткізудің барлығы Нұрболаттың күнделікті тіршілігінің бір бөлігі ғана. Ал, қысқы боран мен жазғы ыстық бұл еңбектің салмағын одан әрі арттыра түседі.
Осындай тынымсыз тірліктің бел ортасында жүрген Нұрболаттың пайымынша, мал шаруашылығында нәтижеге жетудің басты шарты еңбекке деген сүйіспеншілік пен сабыр. Ал, бұл қасиет бүгінгі жастарымыздың бойынан табыла бермейді. Өз кәсібіңді қадірлеп, әр істі жауапкершілікпен атқарсаң ғана еңбектің жемісін көресің.
Жалпы, елдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістігі егінші мен механизатордың ғана емес, төрт түліктің қоңын келтіріп, төлін өргізіп, мал басының амандығын қамтамасыз етіп жүрген малшының да маңдай терімен жүзеге асады. Өйткені, қорадағы малдың күйі, шаруашылықтың берекесі осындай қарапайым еңбек адамдарының күн сайынғы қажыр-қайратына тікелей байланысты.
Жуырда Нұрболаттың еңбегі Ақкөл аудандық әкімдігі тарапынан «Халық таңдаған үздік малшы» байқауы арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Елдің ырысы мен ауылдың берекесі маңдай термен, адал еңбекпен келетінін ескерсек, еңбек адамын бұлай қолдау кейінгі буынға да үлгі екендігі даусыз.
Күн сайынғы тынымсыз қарекеті көзге көріне бермейтін, бірақ, ата кәсіптің соңында жүрген, сөйтіп, елдің берекесіне елеулі үлес қосып келе жатқан Нұрболат Аңшыбайдың еңбегі шынында адал екендігін осы бір ілтипат та растайды. Ендеше арамызда өз еңбекқорлығымен мал шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлесін қосып жүрген осындай азаматтарымыз көп болса дейміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ақкөл ауданы.
![]()

