12 қыркүйек күні Ақкөл қаласындағы С. Нұрмағамбетов атындағы скверде Отбасы күні аясында отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және туған жерге деген қамқорлықты арттыруға бағытталған «Шаңырақтан басталған жасыл мұра» акциясы өтті.
Іс-шараның ерекше бөлігі — жарты ғасыр бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан отбасыларды құрметтеу рәсімі болды. 50 жыл отасқан Владимир мен Надежда Рыкуновтар, Василий мен Светлана Горленколар, Николай мен Зинаида Марининдерге Ақкөл ауданы әкімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды. Олардың өмір жолы — өзара сыйластықтың, сенімнің, төзімділік пен отбасылық бірліктің жарқын үлгісі.
Сондай-ақ отбасылық дәстүрлерді сақтап, қоғамдағы отбасы институтының беделін арттыруға үлес қосып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы — Мәлік отбасы марапатталды.
Іс-шара барысында Ақкөл ауданының әкімі Б. Әбдірахманов отбасы құндылықтарының қоғам өміріндегі ерекше маңызына тоқталды.
«Берік отбасы – берекелі қоғамның негізі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзара сыйластық пен жауапкершілік секілді құндылықтар ең алдымен шаңырақта қалыптасады. Бүгінгі игі бастама арқылы біз өскелең ұрпаққа отбасылық дәстүрлерді сақтаудың және туған жерге қамқор болудың маңызын көрсетеміз. Отырғызылған әрбір көшет – келер ұрпаққа қалдырар ортақ мұрамыз», – деп атап өтті аудан әкімі Б. Әбдірахманов.
Мерекелік бағдарлама аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концертпен жалғасты. Әсем ән мен күй, шығармашылық қойылымдар жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Акцияның негізгі мазмұнын айшықтаған сәттердің бірі — жас көшеттерді бірлесіп отырғызу болды. Отырғызылған әрбір ағаш отбасы бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының және туған жерге деген жауапкершіліктің символына айналды. Бүгін егілген көшеттер ертеңгі ұрпаққа қалатын жасыл мұра ретінде Ақкөлдің көркін арттыра түспек.
«Шаңырақтан басталған жасыл мұра» бастамасы отбасы құндылықтары мен қоршаған ортаға қамқорлық ұғымдарын бір арнаға тоғыстырды. Себебі туған жерге деген сүйіспеншілік те, табиғатқа жанашырлық та ең алдымен отбасындағы тәрбиеден бастау алады.
Әр шаңырақта татулық, сүйіспеншілік пен береке орнасын! Отбасы күні құтты болсын!
![]()

