Көмек қолжетімді бола түсті

ИГІ БІР ІС

Бүгінде әлемде цифрландыру өмірдің барлық салаларының, соның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуда. Әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды болып саналатын өңірлер үшін бұл мәселе өзекті болып отыр.

Бұл ретте, Ақкөл ауданында іске асырылып жатқан «Отбасының цифрлық картасы» жобасы азаматтардың қажеттіліктерін есепке алу мен жеке қолдау бағдарламаларын қалыптастыруға арналған маңызды құрал ретінде ерекше мәнге ие.

Жуырда Ақкөл ауданында аудан әкімінің орынбасары Саят Ахмеджанов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамединнің қатысуымен жұмыс тобының кеңесі өтті.

Кеңес барысында «Отбасының цифрлық картасы» деректерін өзектендіру мәселелері, сондай-ақ, ағымдағы міндеттер мен алдағы қадамдар талқыланды. Жиын барысында бұл саладағы барлық басымдықтар айқындалып, нақты шешімдер белгіленді, жұмыс тобы мүшелерінің жақын уақытқа арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.

Еске сала кетсек, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы – елдегі әрбір отбасы туралы деректерді жинауға және өңдеуге мүмкіндік беретін инновациялық платформа. Бұл әлеуметтік қызметтер мен көмекті алу үдерісін едәуір жеңілдетіп, оның ашықтығын арттырады.

Ақкөл ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Назикүл Мананбаева атап өткеніндей, «Отбасының цифрлық картасы» әрбір жағдайға неғұрлым дәл әрі тиімді тәсілмен қарауға мүмкіндік береді. Цифрлық шешімдерді қолдану көрсетілетін көмектің сапасын арттырып, үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етеді.

– Қолдауға мұқтаж әрбір отбасы көмекті уақытында және толық көлемде алуы тиіс,– деді ол өз сөзінде.

Жобаның маңыздылығы сол, отбасылар туралы бірыңғай дерекқорды қалыптастыруда әлеуметтік бағдарламалар мен ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді, сондай-ақ, әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, цифрлық карта азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын айтарлықтай жеңілдетіп, халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында бірнеше рет атап өтілгеніндей, қазіргі заманда цифрландыру – жай ғана үрдіс емес, қоғамның өзекті мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін қажеттілік болып отыр.

Мадияр ҚОЖАГЕЛДИН.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар