Ұлт мұраты шыңдаған қайраткер

СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСҰЛЫ – 125

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде көрнекті қоғам және мемлекет қайпаткері Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына арналған «Смағұл Сәдуақасұлы: елшілдік пен кәсібилік өнегесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Айтулы жиында қоғам қайраткері Сабыр Қасымов «Смағұл Сәдуақасұлының «Кіші Қазан» солақай саясатына қарсы табанды күресі», ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Елдік пен мемлекетшілдік жолдағы Смағұл ұстанымы» жайлы ой толғаса, сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов «Смағұл Сәдуақасұлы – саяси қайраткерліктің біртуар тұлғасы» баяндамасын оқыды. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Тарих және этнология кафедрасының оқытушылары баяндама жасап, қайраткердің қоғамдық, саяси, ағартушылық, экономикалық көзқарастары мен ел болашағына қатысты терең ойларын саралады.

Жиын барысында ғалымдар Смағұл Сәдуақасұлының экономика және оқу-ағарту саласындағы бастамалары, ұрпақтар сабақтастығы, ұлт болашағы үшін айқындаған бағыты мен көтерген мәселелер әлі де өзекті екеніне екпін берді.

Смағұл Сәдуақасұлы (1900-1933) – қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тағдырына тікелей ықпал еткен, елдік мүддені өмірінің темірқазығына айналдырған көрнекті мемлекет қайраткері, қаламгер, публицист, сыншы, экономист. Ол қысқа ғана ғұмырында ұлттық сананың оянуына, қазақ мемлекетшілдігінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.

Смағұл Сәдуақасұлы – биік рухтың, елге қызмет етудің, азаматтық жауапкершіліктің символы, тағылым мен тағдыр тоғысқан ұлы тұлға.

Ұлты үшін ұлы істерге ұмтылған Смағұл Сәдуақасұлының мерейтойына арналған аталмыш тағылымды шара елдік сананы жаңғыртқан, ұрпаққа үлгі боларлық мәнді мерейтой ретінде ел жадында ұзақ сақталары анық.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар