Өрт сөндірушілер туралы туындының тұсауы кесілді

ЖАҢА КІТАП

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жазушы, публицист Жан Мұхарапұлы Ақжановтың «Өрт сөндірушінің отбасы» – «Семья пожарного» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шараның ашылуында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, авторды жаңа еңбегінің жарық көруімен құттықтап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Ілияс Жексембаев пен Алмас Жаңалықов сөз алып, кітап туралы пікірлерімен бөлісті. Олар авторға шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта да жаңа, көлемді еңбектер жазуына тілек білдірді. Тұсаукесерге қатысқан оқырман қауым автормен жеке сұхбаттасып, қолтаңбасымен бірге «Семья пожарного» кітабын алды.

Ал, Жан Мұхарапұлы туындысының жарыққа шығуына тікелей атсалысқан мамандар: техникалық мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айман Кәкімова, №1 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гаухар Ысқақова, сондай-ақ, №4 жалпы білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Наталья Юрьевнаға алғысын айтты.

«Өрт сөндірушінің отбасы» – қазіргі қазақстандық көркем әдебиет үлгісі. Кітапта өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың және жалпы Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің жауапты да күрделі жұмысы кеңінен суреттелген.

Айта кетейік, Жан Мұхарапұлы Ақжанов бұған дейін де оқырмандар назарын аударған бірқатар деректі кітаптардың авторы.

Жадыра ӘУБӘКІРОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап
ғылыми кітапханасының көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар