Көкшетауда Ұлттық Дельфий ойындары басталды

XV Ұлттық Дельфий ойындары алғаш рет Көкшетауда өткелі отыр. Ауқымды мәдени шара 2024 жылғы 20-25 тамыз аралығында SILK WAY CREATIVE GAMES шығармашыл жастар форумының аясында өтеді. Ұйымдастырушылар – Ұлттық Дельфий комитеті және Ақмола облыстық әкімдігі.

2024 жылғы Ұлттық Дельфий ойындарына 8-25 жас аралығындағы 650-ден астам адам фортепиано, скрипка, академиялық ән айту, халық аспаптары, халық әндері, халық биі, заманауи би, фотография, қысқаметражды фильм, киім дизайны, көркемсөз оқу, театр өнері, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер сияқты 25 номинация бойынша қатысады. Дәстүрлі түрде ым-ишара тілінде ән айту және мүмкіндігі шектеулі жас дарындар үшін хореографиялық өнер атты екі параноминация өткізіледі.

Биылғы ойындардың ерекшелігі Ұлттық Дельфий комитеті өңірлік кезеңдерді ұлттық және халықаралық Дельфий қазылар алқасының аккредиттелген мүшелерінің қатысуымен көшпелі форматта ұйымдастырды. Осы бастаманың арқасында шалғай ауылдардағы жас таланттар кәсібилігі жоғары қазылар алқасына өнерін көрсетіп, жобаның республикалық кезеңіне жолдама алды.

Ұлттық Дельфий ойындарына өңірлік іріктеу турлары 2024 жылғы 29 наурыз – 17 мамыр аралығында елдің 15 қаласында өтті. Олардың қорытындысы бойынша жасақталған аймақтық құрама командалар Көкшетауда өтетін ұлттық кезеңге келді. Үздіктердің үздіктері XVIII Халықаралық жастар Дельфий ойындарына және ТМД қатысушы елдерінің алғашқы балалар Дельфий ойындарына қатысу үшін Қазақстанның Ұлттық құрамасының мүшесі болады. Ол ойындар 2024 жылғы 30 қыркүйек – 5 қазан аралығында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өтеді.

Дәстүр бойынша Ұлттық Дельфий ойындары 21 тамызда Көкшетау қаласындағы Достық үйінде өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан бастау алды. Оған еліміздің мәдениет қайраткерлері, Ұлттық Дельфий ойындарының қазылар алқасының мүшелері, ТМД Дельфий ұйымдарының өкілдері (Ресей, Тәжікстан), 2024 жылғы сәуірден бастап Ұлттық Дельфий Комитеті клубына мүше болған ЮНЕСКО өкілдері, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Ақмола облыстық әкімдігінің қызметкерлері және тағы басқалары қатысып, мәдени игіліктерге қолжетімділік жүйесі, ауылдағы білім беруді дамытудың жаңа құралдары мен модельдері, оқытудағы креативті технологиялар, ҚХА және НДК мәдени бастамалары арқылы этносаралық бірлікті ілгерілету, Халықаралық Дельфий ойындарын дамыту, елдер арасындағы мәдени ынтымақтастық, мәдениеттегі еріктілік тақырыптары талқыланды.

2024 жылғы XV Ұлттық Дельфий ойындарының өзі Көкшетау қаласының орталық алаңында өтетін салтанатты ашылу рәсімінен басталады. Содан кейін екі күн бойы қаланың 25 байқау алаңында шығармашылық жарыстар, олардың қорытындысы бойынша 23 тамызда марапаттау рәсімі өтеді. Сол күні кешке «Көкшетау» мәдениет сарайының алдындағы алаңда Open Air өтіп, 24 тамызда тағы да сол мәдениет сарайында үлкен Гала-концерт және форумның салтанатты жабылуы болады.

Барлық 25 байқау алаңындағы іс-шараларға қала тұрғындары көрермен бола алады, ал салтанатты ашылу және жабылу рәсімдері қала тұрғындары мен ойындардың қатысушылары үшін әсерлі де жарқын оқиға болмақ. Ойындарға шақырылған қонақтар арасында мемлекеттік, қоғамдық құрылымдардың көшбасшылары, елдің спорт, мәдениет саласының танымал өкілдері бар.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар