Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Президенттің электрмен жабдықтау және жылу коммуникация желілерін жаңғырту және олардың тозу деңгейін төмендету жөніндегі тапсырмаларының орындалуын, сондай-ақ, коммуналдық инфрақұрылым нысандарының жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді. Премьер-Министрмен Ақмола облысының әкімі бірге болды.
Үкімет басшысы Степногорск ЖЭО-ның бүгінгі жағдайымен танысты. 1966 жылы пайдалануға берілген нысан бүгінде қаланың тұрғын үй секторы мен кәсіпорындарын, сондай-ақ, Заводской кентін жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Премьер-Министрге Ақмола облысының коммуналдық инфрақұрылымының жылыту кезеңіне дайындығы туралы баяндалды. Бүгінгі таңда қазандықтардың дайындығы 99 пайызды құрайды, білім беру нысандары, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер тексерілді. Барлық әлеуметтік инфрақұрылым жылыту маусымына толығымен дайын. ЖЭО-да күзгі-қысқы маусымға қажетті отын қорын дайындау кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Биыл Степногорск қаласының жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,7 миллиард теңге бөлінді. Ұзындығы 11,3 шақырым учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Степногорск энергетика кешенінің меншік иесі инфрақұрылым мен коммуникация нысандарын жаңғыртуға 7,9 миллиард теңге бөлді. 4 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды, қазандықтарды реконструкциялау жалғасуда, жоспарланған 2,6 шақырым жылу желілерінің 1,6 шақырымына монтаждау жұмыстары жүргізілді.
–Энергия көздерін жаңартуға қаражат салу мен қолға алынған шаралар тозуды біртіндеп азайтады. Дегенмен, тұтыну көлемінің артуын ескерсек, іркіліс болу қаупі әлі де бар. Тұрақты сапалы энергиямен және жылумен қамтамасыз ету үшін баламалы көздер құру қажет. Халық қажеттілігін өтеу және жаңа кәсіпорындарды іске қосуды қамтамасыз ету мақсатында атом энергетикасын дамыту тиімді шешім болмақ, – деп баяндады Алмасадам Сәтқалиев.
Премьер-Министр инфрақұрылымды айтарлықтай жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Степногорск тау-кен химия комбинатына барған кезде Олжас Бектенов құрамында уран бар шикізатты қайта өңдеу бойынша озық өндірістік процестермен танысты.
Қала құраушы кәсіпорында 1 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Тексеру барысында Премьер-Министрге қайта өңдеу қуатын жылына 6 мың тонна уранға дейін ұлғайтуға бағытталған комбинатты одан әрі жаңғырту жөніндегі жоспарлар туралы баяндалды. 2026 жылдан бастап «Буденов» кен орнынан жеткізілетін құрамында уран бар шикізатпен толық қуатына шығару жоспарлануда. Бұл моноқала тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Үкімет басшысы өндірушілерге арнаған сөзінде кәсіпорынның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Әңгіме барысында өнеркәсіп және атом өнеркәсібінің өзекті мәселелері талқыланды.
Атом энергетикасының Қазақстан үшін негізгі энергия көзіне айналып, энергетика жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін екендігі атап өтілді. Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда АЭС-тің салынуы өсіп жатқан сұраныс жағдайында нарықтағы электр энергиясы тапшылығын азайтуға, жабдықтардың тозуы себебінен төмендеп жатқан өндірісті толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл қауіпсіз әрі экологиялық таза энергияны тұрақты түрде өндіруге жол ашады.
Өз кезегінде, кәсіпорын қызметкерлері талқылау қорытындысы бойынша Президенттің Жолдауда айтылған, оның ішінде атом энергетикасын дамыту және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-на барып, Степногорск моноқаласының экономикасын әртараптандырумен және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен танысты.
Бүгінгі таңда жылыжай кешенінің ауданы 4,8 гектарды құрайды, өндірістік қуаты – жылына 2400 тонна көкөніс. Өндіріс жыл бойы елорданың жаңа піскен қияр, қызанақ және аскөкке деген қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар өнімдер еліміздің басқа аймақтарына сатылады. Биылғы сәуір айында жобаның екінші кезегі іске қосылды, оның шеңберінде жаңа көкөніс дақылдарын, атап айтқанда баялды өсіру қолға алынды.
«Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС бас директоры Александр Грибалев таяу болашақта жылына 50 тоннаға дейін құлпынай өсіру бөлімін салу жоспарланып отырғанын айтты. Осыған байланысты өндірістік сипаттағы бірқатар мәселе, соның ішінде жылыжай кешенінің қуатын кеңейту туралы айтылды.
Үкімет басшысы кәсіпорынның елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысының маңызын атап өтіп, бейінді министрліктерге экспорттық әлеуетті ашу үшін отандық өндірушіге қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Степногорск подшипник зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын елдегі подшипниктердің 100 пайызын өндіреді және машина жасау мен басқа да салалардың дамуында маңызды рөл атқарады. 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында қызметкерлер активімен кездесу өткізілді. Өндірісті тереңдету, өткізу нарығын игеру мәселелері талқыланды. Энергиямен қамтамасыз ету деңгейіне назар аударылды. Премьер-Министр мен үкіметтік делегация мүшелері қажетті жауаптарын беріп, түсіндірме жүргізді.
– Өнеркәсіпті дамыту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін тұрақты энергия беру маңызды. Біз өндіргеннен қарағанда көп тұтынамыз, сондықтан энергияны сатып алуға мәжбүрміз. Атом энергетикасын дамыту энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар бізде шикізат бар, кадрлар бар, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Степногорскідегі Viamedis емханасында отандық денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолданудың тиімділігі бағаланды. Сондай-ақ Мәншүк Мәметова ауылындағы «Әдемі-ау» мемлекеттік бөбекжай-бақшасында болды.
Үкімет басшысына Viamedis емханасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынғаны туралы баяндалды. Бүгінгі таңда жобалық қуаты бір ауысымда 1020 адамды қамтитын медициналық мекеме Степногорск пен жақын маңдағы елді мекендердің 64 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. Мекеме құрамында күндізгі стационар, мамандандырылған хирургиялық және терапевтік көмек бөлімшесі, Фтизиатрия орталығы және клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Сонымен қатар, компания Қосшы қаласында көпсалалы өңірлік аурухананың құрылысын бастады.
Премьер-Министр медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттырудың және инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Премьер-Министр Мәншүк Мәметова ауылында ашылған, бүгінде мектепке дейінгі тәрбие мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отырған «Әдемі-ау» бөбекжай-бақшасында болды.
Президент Жолдауында айтылған мақсаттарға сәйкес Үкімет мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін өзгерту бойынша жұмыс жүргізуде. Әрбір отбасының нақты табысын ескере отырып, жаңа тәсілдің сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, өңір мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған «Ен-Дала» ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен де танысты.
primeminister.kz материалдарынан дайындалды.