Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызметтік көліктерді мініп, жол қозғалысы  ережелерін бұзуда - АРҚА АЖАРЫ

Қызметтік көліктерді мініп, жол қозғалысы  ережелерін бұзуда

Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті.

Онда облыстағы атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілдерінің бірінші жарты жылдықтағы жұмыс қорытындылары  тыңдалды. Жиында алдымен, департамент басшысы Думан Әбілев күн тәртібінде қаралатын мәселерді атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз шығарылған 19 актінің күші жойылған. Сондай-ақ, отырыста департамент тарапынан жүргізілген талдаулардың қорытындысы қаралды. Онда мемлекеттік органдардың кей басшылары қызметтік автокөліктерді жеке мақсаттарына пайдаланғаны белгілі болды. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің деректеріне сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік көліктерді мініп, 200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталған.

– Бұл факті бойынша сараптауды толық зерттедік. Ақкөл, Ерейментау аудандарынан өзге Аршалы ауданы бойынша фактілер расталды. Бұл жерде бір мәселеге тоқталып кеткім келеді. Ақкөл ауданында көлік қоятын жеке гараждың жоқтығынан, көлік кешкілік жүргізушінің үйіне қойылып келген. Дегенмен, жүргізушіден түсініктеме алынды. Онда оның қызметтік көлікпен туыстарын Астанаға апарғаны мәлім болды. Бұл заңсыздық үшін басқарма да, жүргізуші де тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Сәуле Сәдуақасова.

Бұл ретте, Жарқайың және Целиноград аудандары әкімдіктерінің тәртіптік комиссиялар төрағаларының есептері де тыңдалды. Бұл аудандарда қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімдерінде заң бұзушылықтарға жол берілген.

–Екінші тоқсанда бір қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік комиссияның екі отырысы өткізілді. Дәл қазір тәртіп нормалары толықтай және жаппай сақталып отыр деу ертерек. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы мен қызметкері тарапынан жіберілген тәртіптік теріс қылық соның дәлелі. Осы факті бойынша 16 мамырда қызметтік тергеу жүргізілді. Іс тәртіптік комиссияның қарауына жіберілді. Мамырдың 21-інде комиссия отырысы өтіп, бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды, – деді есеп барысында Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Мария Жекебаева.

Сонымен, белгілі болғанындай, департамент жүргізген тексеріс нәтижесінде 11 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 8-і қызметтік көлікті өз мақсаттарына пайдаланған. Мемлекеттік органның екі басшысы қызметіне салғырт қараса, өзге де кемшіліктерге барған мемлекеттік қызметшілер бар. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер шығарылып, ол мемлекеттік органдарға жолданатын болды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар