Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ереймен елінен шыққан Тоқмағанбет хазірет - АРҚА АЖАРЫ

Ереймен елінен шыққан Тоқмағанбет хазірет

Аңыздар, абыздар менбатырлар, жыраулар мен би-шешендер, қол бастаған көсемдер менхалфе, хазіреттер елі болып саналатын Ереймен жері тұнып тұрған тарих. Ереймен десе, ел есіне Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр, Жантай батыр, Мәмбеттің бес қасқасы: Атан, Ақпан, Досай, Бура, Тайлақ, Малай, Үрпек, Можы батыр, Мырзагелді, Үйсінбай, Найманбай, Арқандыр, Тоқаш, Төлеке батыр, Қырғыз батыр, Абылай ханның жорық жырауы Үмбетей жырау Тілеуұлы бабамыз, жыраудың немересі Атқыбай ақын, шөбересі Имақан ақын, Қуат Арабданұлы ақын, Аманжол, Бекболат, Шәмшөн ақындар. Тұраналы би, Бапан би, Арғынның ақсақалы атанған Саққұлақ Сәбден би, Жанболат би еске түседі.

Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбарымыздың асыл діні мұсылмандықты Ереймен еліне таратқан Тоқмағанбет хазірет, Байдүйсен хазірет, Құндыбай хазірет, Ақажан Халфе, Ақтамақ Халфе, Сәкен Халфе атанған Сағира Қадир Ғылмани және Әхбар Халфе, Ақтан Халфе, Шахман Халфе аталарымыз да осы қатардан.

Ал, енді Алланың құдіретімен қасиет дарып, әулиелік қонған Тоқмағанбет хазірет Домаұлы жайлы жеке айтсақ, ел әулие атап кеткен бұл кісі Ереймен жерінде 1851 жылы дүниеге келіп, осы топырақта ғұмыр кешкен. Туып-өскен жері Ерейменнің Керегетасының Тұмсық деген шұрайлы өлкесі. Құс тұмсығына ұқсағасын солай деп атаған. Ел Тоқан деп те атаған әулиенің әкесі Дома кедей шаруа адам болған. Жасынан зерек, алғыр Тоқан Көкшетау жағындағы нағашылары Қарауыл елінде өседі. Нағашылары жиендерінің зеректігін байқап, Қызылжардағы ұлты татар Ахметұлы деген хазіретте діни білімін жетілдіру үшін медресеге оқуға береді. Шәкіртінің зейінділігін өзі де аңғарған хазірет оған ескі тәсіл бойынша Ғақайт дәрежесінде сабақ беріпті. Тоқай бірге оқып жүрген өзіндей шәкірт балалардан бөлек, оңаша бөлмеде жатады екен. Бөлмесіне перілер келіп, солармен оңаша сұхбаттасады екен деген әңгімелер айтылып жүріпті. Діни білімі толыққан соң кей кездері ұстазымен пікір таластырып, өз ойын ашық білдіреді екен. Қызылжардың бір татар байы хазіретті шәкірттерімен қонаққа шақырып, сол отырыста көшпенді қазақ халқының тұрмыс салты, әдет-ғұрпы сөз болып, қазақтарды кемсіте сөйлеп отырады. Ұстазының байды қолпаштап отырғанына намысы келген Тоқан шәкірті ұстазымен жиналған татар байларына қарата:

– Өздеріңді жоғары санап, қазақтарды кемсітіп, сөз қылып отырсыңдар, қасиетті «Құран кәрімде» қазақтар жөнінде бір сөз жоқ. Пайғамбарымыздың Хадисінде «Мен кәпірлермен түтін түтетіп отырған мұсылмандардан беземін» деп айтылмай ма? Ал, сендер кіммен көрші отырсыңдар? – дейді.

Тоқан айтса айтқандай, ол кезде Қызылжар қаласында татар-орыс бірге қоңсы қонып, қазақ жоққа тән екен. Тоқанның сөзіне шамданған татар байлары хазіретті медреседен шәкіртін шығаруға көндіреді. Тоқан елге келіп, моллалық құрады. Көкшетауда нағашылары Қарауыл елінде біраз болып, сосын туған жері Ерейменге ат басын бұрады. Қоржынкөл болысымен шектес Керегетастың Тұмсығына келіп, мешіт салып, ел ішінде үлкен оқымысты молла атанады. Тоқан алған білімін бермекке шәкірт жинамаған адам. Алдына келіп, шариғат сұраған жандарға шешен-ділмар сөздермен жауап беріп отырған. Алланың құдіретімен Тоқанда көріпкелдік қасиет болған, сол себепті халық Тоқан хазіретті әулие санаған. Тоқан хазірет айтты дегенге имандай сенген қалың Қанжығалы елі, соның ішінде Жетіру Қанжығалының Есіркеп-Нияз атасы оны құрметтеп сыйлаған.

Елге келгесін, әртүрлі жиындарда шариғат айтып, моллалар арасындағы келіспеушіліктерді жайлап қана түсіндіріп, оның жауабын Құран бетіндегі кандай сүрелерден табуға болатынын айтады. Тоқанның айтқанына таңданған жұрт ол кісіні сыйлап, әрдайым төрден орын беріп, қадірлейтін болған. Тоқанның басқа моллалардан табиғаты басқашалау екен. Мәжілістерде әнші, күйшілерді жинап, өлең айтқызып, әңгіме тыңдап, жиналған адамдардың жақсылығын сөз етіп отыруды әдет қылған. Бұған көңілі толмаған кейбір адамдар  «Хазірет сізден шариғат, уағыз естиміз десек, сіздің әңгімеңіз басқа» десе, Тоқан «моллалар шариғат айтып, періштені риза қылса, мен Алланың пенделерін риза қыламын» дейтін көрінеді. Сонысына қарай, ел де Тоқанды ардақтап, бір ауылға келе қалса, атынан түсірмей, бір кісіге арқалатып немесе қалы кілемге отырғызып, үйге кіргізетін болған.

Тоқанның сөзіне ешкім қарсы келмейді, моллалар келіспей жатса да, оларды кейбіреулер қолдап тұрса да, Тоқан олардан үстем болады, себебі, жиналған көпшілік Тоқан жағында. Тоқан хазіреттің ерекше қасиеттері ел ішінде аңызға айналып, әлі күнге шейін айтылып жүр. Бірде Қызылжар қаласынан келе жатып, Ерейменде 25 жыл болыс болған Қоскелді Кәрібай болыстың үйіне түседі. Жиналған халыққа шариғат айтып, әртүрлі әңгімелер қозғаған Тоқан хазіреттің діни біліміне риза болған Кәрібай болыс оған кетерінде бір үйір жылқы сыйлайды. Жылқышылар малға ие бола алмай, әуреге түседі. Сонда Тоқан хазірет «жылқыларды қинамаңдар, Алла бұйыртқан мал болса, өздері де ереді» – деп, екі аяқты арбасына мініп, жүріп кетеді. Жылқышылардың айдауына көнбеген бір үйір жылқы өз еріктерімен арба соңына түседі. Ауылдың жылқышылары екі ту биені жайылып жүрген жерінен таппай қалады, іздеп шаршаған олар Тоқанға келіп, жағдайды баяндайды.

– Жылдамырақ барыңдар, көрші ауылдың адамдары ұстап отыр, сойып тастап жүрмесін, – дейді Тоқан хазірет.

Айтса айтқандай, екі ту биені союға дайындап жатқандардың үстінен түседі жоқ іздегендер. Тоқан хазіреттің біліп қойғанын сезген олар, биелерді босатып қоя береді.

Қойы қоралас, жылқысы аралас жатқан ауыл болғасын, бірде Тоқан хазіреттің жылқылары көршілес Итбай байдың шабындығына түседі. Малды қайтарып алуға келген Иман жылқышыға Итбай бай аузына келгенін айтып, дүрсе қоя береді. «Тоқан хазіреттің жылқылары еді, бір ашуыңызды қиыңыз» деген жылқышыға бай боқтық араластыра сөйлейді. Кейін ауызы қисайып, жалынып, кешірім сұрап келген Итбайға «Ауызың тамақ ішуге келер, бірақ, бұрынғыдай бола қоймас» деген екен Тоқан хазірет.

Тоқан хазірет туралы бұл әңгімені өткен ғасырдың орта тұсында Бөдеш Жүзбаев деген ақсақалдың ауыл шалдарымен әңгімелесіп отырған жерінен естіген едім.

– Мен Тоқан хазіреттің тұсында ауыл арасында ұсақ сауда жасайтын едім, – деді ол кісі. – Омбыдан елге әйнектің шынысын әкеліп, бір шынысына бір тоқты алып, шынылап беріп жүрген кезім еді. Ел аралап жүргеннен кейін хазіретпен кездесіп, әңгіме-уағыздарын тыңдап жүрдім. Бір кездескенде жаз айы еді. Хазірет: – Әй, Жүзбайым, біздің мешітке де көзіңнің қырын сала кет – деді. Барсам, біраз әйнектің шынысы сынған екен. Соларды шынылап жөндеп кеттім. Біраз уақыт өтті, шынының ақысын ол кісі берген жоқ, мен сұрауға бата алмадым, бірақ, көңілімде жүрді. Сол жылы күзді күні Ұсампай ауылында бір байдың үйінде қоналқада кездесіп, әңгіме-дүкен құрып отырдық. Намаздыгер кезінде хазірет далаға дәрет алуға шығып келіп, атқосшысына және басқаларға естірте: – Бүгін түнде күн өте суытады, аттарды аранның ығына байлаңдар, – деді. Сонымен, жатар кезде бай да далаға шығып келіп, күн суытады екен, түйелер ыққа қарап жатыр дегенді айтты. Сонда хазірет: – Ей, байым, сен түйеңе сенесің де, хазіретіңе сенбейсің бе? – деді. Айтқанындай, таңертең тұрсақ, күн өте суытқан екен. Сонда хазіреттің күннің суытатынын күні бұрын болжап айтқанын білдік.

Содан таңертең шайымызды ішкеннен кейін мен өзім баратын жағыма жолға дайындалдым. Кетерде амандасып шықтым, дәл кетер алдында хазірет: – Жүзбайым, соған риза бол, – деді. Мен ештеңе түсінбедім,«неге олай деді» деп ойладым да қойдым. Былай шыққаннан соң қалтама көзім түсіп қарасам, бір нәрсе томпаятын сияқты, алып қарасам, ақша. Бағанағы хазіреттің «Жүзбайым, соған риза бол» дегені есіме түсіп, ақшаны санасам, мен шынылаған шынылардың құнынан екі есе көп екен. Тағы бір таң қалғаным, ақшаны менің қолыма өзі берген жоқ, басқа біреу арқылы салуы мүмкін емес. Сонда бұл да хазіреттің ерекше қасиетінің бірі ғой деп әлі күнге қайран қаламын, – деді.

Бір жолы екі ауылдың арасында жолаушылап келе жатқанда, жолдың үстінде бір жылан жорғалап келе жатады. хазірет оны көріп, жолдан шығып, жолдың шетімен кетеді. Жолаушылардың ішінде біреуі, Кекеш қажы бұрылып, әлгі жыланды өлтіреді. Былай шыққан соң хазірет әлгі жолаушыға: – Әй, мүмин, он сегіз мың ғаламға бәрі сыйғанда, сен екеуің сыймадың-ау, – депті. Жазықсыз жәндікті өлтіргеніне реніш білдіріп, хазірет содан кейін Кекешті «Жеңілтек қажы» деп атапты.

Тоқан хазіреттің қонысының Керегетас атануы сол жердегі төбелердің тастары бұйраланып, қолдан өрілген керегедей көрінеді екен қараған көзге. Ерейменнің таулары шығысқа қарай аласарып, төбеге айналып, Өлеңті өзеніне жетер кезде, құс тұмсығына ұқсап бітетін. Ат қоюға шебер қазекең осы жерді «Тұмсық» атап кеткен. Жанға жайлы жазы жаймашуақ, қысы жылы осы өңірде Тоқанның бар ғұмыры өтіп, асыл дініміз мұсылмандықты уағыздап, елге сыйлы қасиетті хазірет атанды. Ереймен жеріндегі Қанжығалы елімен Баянауыл жеріндегі Сүйіндік елі Өлеңті өзенінің екі жағын ертеден қоныс еткен. Осы екі елден Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан хазірет әулие бір-бірін ерекше құрметтеп, тіпті ықылыстары да өзгеше болған. Сүйіндік ішіндегі Күлік-Тілеуімбеттен шыққан Мәшекеңмен Тоқан хазірет Өлеңті өзенінің бойында қыстайтын Мәшһүрдің ағайыны Шикібас деген кісінің ауылында мәжілістес болып, таңды таңға атырып, шариғат айтады екен. Шикібас бірде Мәшһүрден: «Қанжығалының хазіреті Тоқанмен бір түн мәжілістес болдыңыз, ол кісі жайлы не айтасыз?» – деп сұрайды. Сонда Мәшһүр: «Тоқанның ғылымиайналасы жартас, суаты жоқ, терең қарасу сияқты» – деп жауап беріпті. Сүйіндік елінің игі жақсылары да Мәшһүр Жүсіптен Тоқан хазірет жайлы сұрағанда, «Оның алты мың алты жүз алпыс алты жылқысы бар» деген жауабына бұл сөздің мағынасын түсінбейтін кейбіреулер «не деген қисапсыз бай» деп таң қалады екен. Ал, Мәшһүр бабамыз Құран Кәрімнің аяттарын мысал етіп, Тоқан хазіреттің Құранды жатқа білетінін айтқан көрінеді. Сыйластығы жарасқан екі елдің діни ғұламалары бірін-бірі қонаққа шақырып тұрады екен. Бірде Тоқан хазірет Мәшһүр-Жүсіпті қонаққа шақырмақ болып бара жатса, Сүйіндік елінің бір адамының қайтыс болғанын естіп, сол үйге соғып, дұға оқиды. Бірақ, мәйіт шықпаған екен. Мұны көрген сол ауылдың адамдары Тоқан хазіретті сүріндірмек ниетпен Мәшһүрге хабар жіберіп, хазіреттің шариғатты бұзып, мәйіт шықпаған үйге дұға оқығанын айтады. Сонда Мәшһүр-Жүсіп «Тоқанның айтқаны да, істегені де дұрыс, оны Алла оқытқан, мені адам оқытқан, оған шек келтіруші болмаңдар» деген екен. Сол сияқты, Мәшһүр жайлы ел ішінде теріс пікірлер айтылса, Тоқан хазірет те «Сөзді қойыңдар, оны Алла оқытқан, мені адам оқытқан» деп беттерін қайтарып тастап отырған.

Тоқан хазірет Ереймен еліндегі Байдүйсен хазірет, Құндыбай хазіреттермен бірге дос-жаран, пікірлес болған. Байдүйсен хазірет Абылай ханның жорық жырауы Үмбетей жырау Тілеуұлының шөпшегі Қанжығалының Бозымынан тарайды. Оның ішінде Ойымның он баласының бірі Жолымбеттен. Әкесінің аты Түйте. Байдүйсен хазірет Шарықты көлінің жанынан мешіт салып, бала оқытқан. Халық жақсы көріп, ғылыммен таза ғамал қылған тақуа адам деп қадірлеген. Ұстазы Қызылжардағы Хабирамүслим хазірет болған. Байдүйсен хазірет өз ауылы, Мыңшұқырда1914-1915 жылдары қайтыс болып, сол жердегі Үмбетейлердің зиратына жерленген. Байдүйсен хазіреттің ауылы Мыңшұқыр мен Тоқан хазіреттің ауылы Тұмсық көршілес жатыр.

Құндыбай хазірет, шын аты Ғұбайдолла, Қанжығалының Барақ-Шабағынан, оның Лабашы атасынан. Жас кезінен Ақмоладағы Ғабдолла хазірет Факриддинұлынан дін оқуын оқып тауысқан. Ереймен еліне келіп, медресе салып, шәкірт оқытқан. Құндыбай хазірет 1909-1910 жылдары қайтыс болған.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, Ресей патшасы Николай қазақтарды қара жұмысқа алуға бұйрық шығарады. 19-31 жас арасындағы ер адамдарды тізімге лектіріп, ел іші дүрбелеңге түседі. Бұл тарихта «Ереймен көтерілісі» деп аталған 1916 жылы еді. Көтерілісшілер Шағалақ Атан батырдың ұрпағы Сәтбай қажыны хан көтеріп, Нияздың Шағыр атасынан шыққан Бала Сыздық Бейсенұлын қолбасшы қылып сайлайды. Молдажан мен Жанайдарлар мергендер тобын басқарады. Көтерілісшілер Қанжығалының беделді діндары Тоқан хазіреттен бата алуға, Тұмсықтағы хазірет ауылына келеді. Тұмсықтағы осы бас қосу Тоқан хазіреттің ақ батасын алуымен аяқталады. Ақ батасын берген Тоқан хазірет «шамаларың келгенше қан төкпей, уақытты соза беріңдер» деп, жиналғандарға ақыл айтады. Алла берген қасиеті, әулиелігі бар Тоқан хазірет бір жылдан кейін ақ патшаның тақтан түсетінін сезсе керек. Ереймен көтерілісінің басында астында ақбоз аты бар, ақ шапанды Тоқан хазірет жүр екен деп, сол кездегі Ақмола оязының басшылары қатты үрейленген екен. Сол 1916 жылдың жазында Тоқан хазірет 65 жасында дүниеден өтеді. Тоқан хазіретті Қанжығалы елі арулап, өзінің туған ауылы Тұмсықтағы зиратқа жерлейді. Хазіреттің артында үш ұлы мен бір қызы қалған.

Азамат соғысы, кеңес үкіметінің орнауы, колхоздастыру, ашаршылық, 37 жылдың зобалаңы, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, кемелденген коммунизм, қайта құру сияқты түрлі-түрлі кезеңдерде де елі өз асылдарын ұмытқан жоқ. Әулиенің басына барып түнеп, құрмалдық шалып, Құран оқып, қиыншылықтан, ауру-сырқаудан аман шығуларына жәрдем тілеген. Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұрпағы Олжабай Нұралыұлы 37 жылы жер аударылып, Үйшік жақта жүргенде, «Елге сәлем» деген жырында Тоқан хазіретті сағынып:

Есіркеп, Нияз, егіз ең,
Сыйласқан мәңгі бізбенен.
Пір тұтынған Тоқаңа,
Қараймын терең ойменен.

Қабіріңе сәлем деп,
Кірсем жылы сөзбенен.
Қанжығалы гауһары,
Өлігі артық тіріден, – деп өлеңге қосады.

Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздіктің таңы атқан 90-ыншы жылдардың орта кезінде, дәлірек айтқанда, 1995 жылдың тамызында Ерейментау қаласында аудандық мешіт салынып, имандылық үйі халыққа есігін айқара ашты. Халықтың ұйғарымымен бұл мешітке Тоқмағанбет хазірет есімі берілді. Сол кездегі аудан әкімі Жексенбай Қартабайұлы Дүйсебаев мешіт салуға көп еңбек сіңірді. Алланың үйі осы күнге шейін халыққа қызмет жасап келеді. Мешіт ашылардың алдында, 1993 жылы Тұмсықтағы Тоқан хазірет зиратының жанынан әулиеге тәу етіп, жәрдем тілеп келген адамдарға арналып үй салынды. Үйді салған Тоқан хазіреттің шөбересі Қайролла Әсетоллаұлы. Қазіргі кезде Тоқан хазіреттің басына еміне шипа тілеп, қиыншылықтан шығар жол іздеп, келген адамдардың көптігіне байланысты тағы екі үй салынып, жанынан асхана бой көтерді. Арнаулы дәптерге келген адамдар өздерінің жылы лебіздерін, жандарына шипа тапқандарын, қиыншылықтан құтылғандарын, ата аруағының желеп, жебегенін шын көңілімен жазып қалдыруда.

Биылғы жылдың маусым айының 22-сінде Тұмсықтағы Тоқан хазірет зиратына Қайролла Әсетоллаұлы, Өмірсерік Қапаұлы, Сайлаубек ағай бастаған астаналық, ерейментаулық бір топ азаматтар жиналып, ас берілді. «Жиналғандардың көбі жастар. Елінің, жерінің тарихын білсін, Тоқан хазіреттің қасиеті мен әулиелігін көкіректеріне тоқып жүрсін деген ниетпен, осы жолы жас буынды әкелдік» деді сөз арасында Өмірсерік Қапанұлы. Ереймендік Мағжан ақсақал зират басында құран оқып, жастарға бата берді. Астаналық Сайлаубек Байболов пен Төлеубай Батыров ағалар Тоқан хазірет жөнінде әңгімелер айтты. Өлеңтілік Қияш молла өзі куә болған оқиғаларды баяндады. Бірде ауылдасы, жас бозбала белгісіз аурумен ауырып, ешкімге дес бермейтін жағдайға жетеді. Тоқан хазіреттің басына әкеліп, зиратына түнеткеннен кейін сол дертінен құлан-таза айығып кетеді. Қазір отбасы бар, Екібастұз қаласында тұратын көрінеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын хазірет басына қарағандылық жас жұбайлар келеді, үйленгендеріне он шақты жыл болса да, нәрестелері жоқ екен, бармаған жерлері жоқ, бірақ, күдерлерін үзбей, Тоқан хазіреттің басына келгендерін айтады. Тұмсыққа барып, атадан тілек тілеген сол жанұяның Алланың құдіреті, қазір үш баласы бар. Жылда отбасымен Тоқан хазірет басына келіп кетеді. Жаздың ыстық күндері Тұмсықтағы Тоқан хазірет зиратының басына бір шөкім алабұлт келіп, жылы жаңбыр жауып кететіндігін көргендер де өз ойларын ортаға салды. Осы ретте, Астана қаласында тұратын ерейментаулық жас жігіттің маған да арнайы келіп, өзінің басынан кешкен жағдайын баяндағаны есіме түсті. Үйленгендеріне бірнеше жыл болса да, кішкентайлары жоқ болып, оңтүстіктегі әулие аталарды аралағанында, сондағы шырақшы ақсақал «Балам, өз еліңде, Ерейментауда әулие атаң бар ғой, соның басына барып түнесейші, тілегің қабыл болады» депті. Әлгі жігіт осыны айтқанда, мен оған Тоқан хазірет жайлы әңгімелеп бердім.

Ас үстінде Тоқан хазіреттің шөбересі Қайролла ағай Тұмсықтағы Тоқан Хазірет зираты облыс әкімінің қолдауымен мемлекет қорғауына алынғанқасиетті жер екендігі туралы айтып беріп, Көкшетаудан келген құжатты көрсетті. Асқа келгендер Тоқан хазіреттің зиратына келушілердің көп екендігін ескеріп, болашақта намазхана салу мәселесін де қозғады. Ел ішін елең еткізген жақсы жаңалық, ереймендік Шұғай Мағрұпов марқұмның баласы Талғат Ерейментау қаласында сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мешіттің құрылысын бастапты. Алла амандық берсе, биылғы жылы имандылық үйі есігін айқара ашады. Бұл үшін әрине, атымтай жомарт кәсіпкер азаматымызға мың да бір алғыс!

Тоқан хазіреттің зиратының басында құран оқып, аста болған адамдар жеңіл көліктеріне мініп, Ереймен, Астана қайдасың деп жолға шықты. Біз мінген жеңіл көлікті тізгіндеген Қайролла ағай «Еліктерді қараңдар, еліктерді» деп бізге оң жақтағы жотаны нұсқады. Әулие жатқан қасиетті жердің киесі ме, адамдардан өздеріне еш қауіп жоғын сезгендей, боз даланың көркі – еліктер қырасып, көзге көрінбей кетті. Тоқан хазірет бабамыздың әулиелігі адамдар түгілі, түз еркелеріне де өз шапағатын төгіп тұрғандай әсер қалдырды. Иә, бір тылсым дүние!..

Жеңіс БӨДЕШОВ,
Астана қаласындағы Нұра аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі,
қалалық «Елорда» билер қоғамының биі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар