Көкше өңіріндегі археологиялық ескерткіштердің тарихы кеңінен зерттелуде

Солтүстік Қазақстан өңірін зерттеу жұмыстарына кейінгі жылдары көп үлес қосқандардың қатарында В.Ф.Зайберт, А.М.Оразбаев, М.К.Хабдулина сияқты ғалымдарды айтуға болады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор В.Ф.Зайберт басқарған Солтүстік Қазақстан және Көкшетау археологиялық экспедицияларының 30 жылдық ғылыми зерттеулері Еуразия құрлығының ортасында орналасқан Қазақстанның ежелгі тарихында әлемдік өркениеттер қатарына жататын бірнеше жаңалықтар ашты. Олардың қатарында неолит кезеңінің Атбасар мәдениеті болса, энеолит кезеңінің Ботай мәдениеті айрықша орын алды.

Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог А.М.Оразбаев өзінің елу жылға жуық ғылыми шығармашылығында Солтүстік Қазақстанның қола дәуірінің көптеген қорымдарына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми жұмыстарының басым бөлігі қола дәуіріне арналғандығын «Северный Казахстан в эпоху бронзы» атты еңбегінен көруге болады.

Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог М.К.Хабдулинаның «Степное Приишимье в эпоху раннего железа» атты іргелі еңбегі ерте темір ғасырының тарихи-географиялық аймағын анықтап солтүстік Қазақстанның көне тарихы зерттеле түсті.

Мұнда көп жылдар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде аса құнды археологиялық материалдар жинақталып, соның негізінде темір ғасырын кезеңдерге бөлуді ұсыну, сақ-скифтік үлгісіндегі мәдениеттердің шығу проблемаларын, көшпелі мал шаруашылығының қалыптасу механизмдерін, ертедегі қоғамның және көшпелілер мемлекеттілігінің стратификациялануы мәселесін нақтылай түсуге мүмкіндік туды.

Сонымен қоса Зеренді ауданындағы ерте темір дәуірінің Кеңөткел X қонысына жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген құнды жәдігерлер музей қорларын толықтырып, Есіл-Шағалалы өзендерінің арасындағы қоныстар мен қорымдар жайлы құнды мәліметтер алынды.

2019 жылғы археологиялық маусымы барысында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған «Есіл-Шағалалы өзендерінің аралығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу» жобасының жұмыстары одан әрі жалғасын тапты. Археологиялық зерттеу экспедициясы Ақмола облысының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы»КММ-мен бірлесе отырып 1-15 шілде аралығында Зеренді ауданында орналасқан «Altyntau Kokshetau» алтын өндіретін ірі тау-кен фабрикасы маңындағы, Шағалалы өзенінің оң жағалауындағы биіктеу шоқыда орналасқан ерте темір дәуірінің Алтынтау қорымына (б.з.д. VII-III ғғ.) археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары барысында темір дәуірінің екі қорғандары тоналмаған болып шықты. Соның нәтижесінде Көкше өңірінің көне тарихын зерттеуге үлес қосатын бірнеше құнды жәдігерлер табылды. Алтынтау қорымындағы археологиялық зерттеу жұмыстарын сол кездегі музейдің аға ғылыми қызметкері, археолог Жасұлан Укеевтің жетекшілігімен жүргізілді.

№1 қорғандағы қазба жұмыстар

Тазаланған қорғанның жалпы көрінісі

Зерттеу объектісі ретінде ерте темір дәуіріне тән қорымның ортасындағы орналасқан №1 қорған таңдап алынды, қорғанның диаметрі – 9 м, биіктігі – 0,5 м құрайды. Қорғанның жалпы құрылысы жақсы сақталған, ірі тастармен көмкеріліп, беткі шым қабаты жақсы шымдалған.

Қорғанға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында мәйітті өртеу белгілері, өртенген ағаш қалдықтары анықталды. Жерлеу шүңқырын зерттеу барысында темірден жасалған бірнеше жәдігерлер табылды. Олардың ішінде екі қалақты салмақты 5 жебенің ұштары, қорамсақтың белдікке қыстыратын қапсырмасы, темір пышақ, аттың екі үзеңгілері мен тартпаның доғасы, темір ыдыс (чаша) табылды. Бұл қорғаннан анықталған барлық жәдігерлер темірден жасалғандықтан тотығып нашар сақталған, мәйітті өртеу барысында бүлінген.

№1 қорғаннан табылған жәдігерлердің жалпы көрінісі

Мәйітті өртеу рәсімі болғанына қарағанда, жебенің ұштарының салмақты әрі үлкен болғанына қарағанда бұл қорған темір дәуірінің соңғы кезеңіне тән (б.з.д. III ғ. – б.з. V ғ.) немесе ортағасырлық ескерткіш деп айтуға болады. Ортағасырлық түркі жауынгері жерленген деген болжам бар. Табылған жәдігерлер темірден болғандықтан тез тотығып, сақталуы нашар болды, тікелей оттегімен байланысқа түскен сәтте кеуіп, үгіліп кетті.

Екінші зерттеу объектісі ретінде ерте темір дәуіріне тән № 2 қорғанға зерттеу жұмыстары жүргізілді, бұл қорғанның диаметрі – 8 м, биіктігі –0,7 м құрайды. Қорғанның жалпы құрылысы жақсы сақталған, ірі тастармен көмкеріліп, беткі шым қабаты жақсы шымдалған. Қорғанның ортасында ешқандай тонаудың белгісін көрсететін ойшықтар көрінбеді.

№2 қорғанға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында мәйітті өртеу рәсімі болған жоқ. Жерлеу шұңқырын зерттеу барысында қоладан жасалған бірнеше құнды жәдігерлер табылды. Олардың ішінде сақ-скифтік үлгідегі үш қалақты және екі қалақты 5 дана жебенің ұштары, тас ұршық, пышақ қынабы немесе қайыс белдіктің зергерленген қола обоймалары (бронзовые обоймы), қамшының қола басы, бір дана алтын сырға табылды. Табылған барлық жәдігерлердің сақталу белгілері жақсы болды.

Табылған 5 жебе ұштарының формаларына қарағанда сақ-скифтік жебе ұштарына ұқсас боландықтан, сонымен қатар барлық жәдігерлердің басым бөлігі қоладан жасалғандықтан бұл қорғанды ерте темір дәуіріне тән деп нақты айтуға болады (б.з.д. VIII-III ғғ.). Сондықтан, бұл жерде нақты сақ жауынгері жерленгендігін көре аламыз. Табылған жәдігерлерге қарағанда бұл жерде әйел адам жерленген деген болжам бар.

Барлық табылған жәдігерлер камералдық және лабораториялық өңдеулер мен ғылыми есеп жұмыстары жазылып болған соң Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейнің қорына табысталды, болашақта музей көрмесінің экспозицияларынан тамашалауға, оны одан әрі зерттеуге мүмкіндіктер туады деген сенімдеміз. Алтынтау қорымынан табылған жәдігерлерге деген ғылыми зерттеу жұмыстары әлі де болсын жалғасын табады.

№2 қорғаннан табылған жәдігерлердің жалпы көрінісі

Алтын сырға

 

 

Қола обоймалар

2022 жылғы археологиялық маусымда сол сияқты Бурабай ауданындағы Балықты көл маңындағы ерте темір дәуірінің «Жанажол» ескерткішіне жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары бұрын соңды болмаған құнды жәдігер мен мәліметтерге толы болды.

Зерттеу барысында қорғанның жерлеу шұңқырынан ерте темір дәуіріне қатысты – сақ жауынгері анықталды. Адаммен бірге жерленген бірнеше жәдігерлер табылды, олардың ішінде: жылқы малының ауыздығы мен жүгеннің әшекей бұйымдары (құстың басы мен Күн құдайының белгісі бар дөңгелек жапсырмалар), қанжар-пышақ, тас қайрақ, 10 дана сақ-скифтік үлгідегі жебенің ұштары және қысқа қылыш – акинак табылды.

Соңғы жылдары зерттелген Зеренді ауданының Алтынтау қорымдары мен Бурабай ауданының Балықты-Жаңажол қорымдарынан табылған жәдігерлер мен қорғандарға қарап Көкше өңірінің тарихы тереңде жатқандығының нақты дәлелі бола алады. Шағалалы өзенінің бойындағы қоныстармен қатар ортағасырлық ескерткіштердің кездесуі XV ғасырдағы қазақ хандығының тарихымен, одан бері Уәли хан және 1821-1824 жылдары билік еткен Орта жүз ханы, Көкшетау өңірінің аға сұлтаны әрі Уәли ханның ұлы – Ғұбайдолла ханның тарихымен сабақтаса алатындай ел болғандығын көре аламыз.

Қорыта айтқанда қола дәуірі мен темір дәуірінде болсын, ортағасырларда болсын Есіл-Шағалалы өзендерінің аралығында түрлі мәдениеттерді қамтитын халықтардың қоныстанғандығын байқаймыз, оған дәлел түрлі қоныстар мен қорымдарды зерттеу кезіндегі бізге берген жәдігерлері мен мәліметтері көне тарихымызды қалпына келтіруге септігін тигізетіні сөзсіз.

Жасұлан УКЕЕВ,
Ақмола облысы мәдениет басқармасының
«Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
орталығы» КММ директоры.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар