«Сұраған жанға сәлем айт»

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ұлы Абайдың інісі, халқымыздың ұлық перзенті, философ, ақын-композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына арналған әнші Сәрсенбай Хасеновтың «Сұраған жанға сәлем айт» атты жеке концерті өтті.

Кеш барысында Шәкәрім Құдайбердіұлының әндері орындалып, өлең-жырлары оқылып, жауһар туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды.Кеште Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, ақын-жазушы Ерболат Баят Шәкәрімнің ата тегінің тарихы, өмірі, шығармашылық жолы туралы әсерлі әңгіме шертті. Шәкәрімнің өмірі әрқилы да ауыр, соңы трагедияға толы. Ағартушылық, діни мәндегі толымды ғұмыр иесінің 30-дан астам әні бар.

Кешті Сәрсенбай Хасенов ақынның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнімен бастады. Кеш барысында Шәкәрімнің баласы Ақат туралы да біраз әңгіме айтылды. Оның да елге танымал 15 әні бар көрінеді. 10 жасында домбыра ұстап, ән шырқаған, содан соң скрипкаға көшкен Шәкәрімнің әндері Абай әндері сияқты сазды да сырлы «Екі жирен», «Дауа» әндері шырқала келе, «Сегіз аяқ әніне кезек тиді. Бұлән ақынның 23 жасында жазылған. Оны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова домбырамен нақышына келтіріп орындады. Кезінде Абай Шәкәрімнің нақ осы әніне батасын беріп, ақ жол тілеген. Ерболат Баяттың айтуынша, жастарға, келешек ұрпаққа осындай аталарымыздың тағдырлы әндері қашанда үлгі-өнеге болуы тиіс.

Кеште кезек тағы да жеке концерт иесі Сәрсенбай Хасеновқа келіп, «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Жиырма үш жасымда», «Сұраған жанға сәлем айт» сынды әндерді көрермендер жылы қабылдады. Концерттік бағдарламада дәстүрлі әнші Жанар Сақтағанова Т.Саринаның «Абай салған әуелетіп сол бір әнді», Аякөз Қалышбетова Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» әнін орындады. Сонымен қатар, көрермендер Тоқтарбек Құрманұлының әсерлі оқуында Шәкәрімнің поэзиясына да қанықты.

Кеш соңында ақын, жазушы Серік Жетпісқалиев концертке өзінің ризашылығын білдіріп, осындай кештердің көбірек өтуіне тілектестігін жеткізді.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар