Ой түбінде жатқан сөз

Жабал Ерғалиев.

Біз қазақ баласы іргелі ел боламыз десек, ең әуелі екі құндылығымызды түгендеп алуымыз керек. Біріншісі – Тіл, екіншісі –Тарих!

***

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев хакім Абайды «ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры» деп таныды және осылай деп қарастырды.  Олай болса,  Абай мұралары  тәуелсіз еліміздің ұлттық идеологиясының алтын арқауы!

***

Абайды барша қазақ әуелі біздің өзіміз тануға тиістіміз! Абайдың ғақлияларын ауызға ала отырып сөйлеумен бірге, Абай даналығымен бой түзейтіндей  дәрежеге жетсек, бұл ұлт мерейі болар еді!

***

Ананы сыйлайық! Ананы ардақтайық! Анаңды зарлатып өтсең – зар дүниеге тап боларсың.  Анаңды тарықтырып өтсең – тар дүниеге тап боларсың!

***

Жаманға жақпайсың, жақсыны таппайсың! Заманның бір қиыншылығы осы болып тұр қазір.

***

Ақылды бала ақылды әкенің аузынан шыққан сөзін аңдап, бағып отырады, ақымақ бала әкесін  аузынан қағып отырады.

***

Биік мансаптың балқытып,шалқытатын буы да бар, үсітіп, қаритын мұзы да бар.

***

Ақылы қызмет көрсету енгелі кей мамандық иелері адамдықтан кетіп, ақылынан адасып бара жатқандай.

***

Қолымда барда дүниені шайқап өтемін деп ойлама. Дүниенің өзіңді де шайқауы мүмкін. Дүние кезек деген…

***

Әлемді үнемі қауіп пен қатерде ұстау саясаты белең алып барады. Бұл адамзат баласының ойы мен ниетінің тоқырауға, ақыл-парасатының тозуға айналғаны болар.

***

Дұшпандық пен жамандық жасау – наданның ісі.

***

Өмір дегенің жалған дүниенің қызығын тамашалау, жалғандығына күйіну.

***

Адам баласы ең әуелі бірін-бірі сүйіп, өзін-өзі аялай білуі керек! Олай болмаса  адам баласы өзін, одан қалды табиғатты,  қоршаған ортасын аялайды деудің өзі бекершілік. Бәрі де адам баласы жүрегіндегі мейірім мен сүйіспеншілікке байланысты.

***

Асылын ардақтай алмаған, жақсысын жақтай алмаған елдің өсегі мен өкпесі, кінәмшілдігі таусылмайды.

***

Тұлпарын есекке сынатқан, сұңқарын қарғаға жүндеткен,  тектіге тексіздер   мін таққан заманның жақсылығының жолы қашан да  ауыр болады.

***

Адам баласы өзін бай сезінуі үшін үш-ақ нәрсе: Сабыр, Тәуба, Шүкіршілік керек!

***

Қазақстанда өлім жазасына заңмен тыйым салынды.Бұл жайында түрлі пікірлер бар. Біреу өлім жазасы керек  десе, енді біреу қажеті жоқ дейді. Қажеті жоқ, әрине! Біздің қазақ өлтіргісі келген адамын сөзбен-ақ өлтіре салады.

***

Қазіргі өмір сахнасында жамандықтың жақсылықпен, ескіліктің жаңалықпен арасында аянбас майдан жүріп жатқандай. Басты кейіпкері – Адам!

***

Тақия кигеннің бәрі бірдей тақуа емес.

***

«Сөз сүйектен өтеді» дейді қазақ. Сүйектен өтетін ол қандай сөз?! Жүрегіңді ауыртып, жаныңды сыздатып, жүйкеңді жұқартып, надандар мен арамдардың жаны аяулы жақсыға айтқан жала сөзі. Қаншалықты кешірейін десең де, ұмыта алмайсың. Сүйектен өткен сөз сол болар!

***

Қазір ескі билердің есті сөздерін теріп, соларды айтып жүргендердің бәрі бірдей би бола алмайды. Бойларында алалық бар және адалдықтары мен әділдіктері жоқ.

***

Жаратылыстың ауа райы өзгеріп, құбылып тұр. Жаратқанның адам баласын ойлануына мұрсат беріп, сөйтіп озбырлықтан, зорлық-зомбылықтан, дүниеге тойымсыздықтан соңғы рет сақтандырып отырғаны ма екен әлде бұл!?

***

Ән өткен өміріңмен табыстырады, сағынышыңды басады. Ән келер күндеріңе ынтықтырады. Ән көңіліңнің кірін аршиды, тазалайды, үмітіңді оятады. Ғашық қылады.

***

Тоқсанға келгені тоқтау айта алмай, сексенге келгені сабырға шақыра алмай жүрген  елде не бірлік, не береке  болсын! Әй, заман-ай!..

***

Адам баласы  өмірінің құнынан да ақшаның бәсі жоғары тұр. Адам өмірінің құндылығы ақшамен өлшенетін мораль қалыптастырып жатқандаймыз.

***

Біз, бәлкім, енді өмірге басқаша қарайтын болармыз. Өмірдің қымбат екенін ұғына түсерміз! Алпауыт мемлекеттер де адам баласының өміріне жауапты екендіктерін тереңірек сезіне түсер. Қақтығыстар, соғыс дегені­ңіз тыйылар!

***

Жер бетіндегі адам баласының барлығының бай да бақуатты және бақыт­ты болуына хақылары бар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда дүниенің бар байлығын бір өзіміз  жиып алып, бауырымызға басып жата алмасымызды да ұғынармыз бәлкім.

***

Қолымызға тиген билік пен бай­лықтың қызуымен есіре жүріп, Құдайын танымай кетуге айналған адам баласын бір оқ шығармай-ақ жойып жіберуге болатынына «коронавирус» індеті айқын көз жеткізе түскендей! Тіпті ендігі арада шынжыр табанды танктің де, зымыраныңның да, әлемнің кез келген нүктесіне әп-сәтте жететін атом бомбасының да қажет болмауы мүмкін…

***

Әлмисақтан бері адам баласының ақыл ойы бәрінен де биік, бәрінен де жоғары тұрған басты құндылық болғаны аян. Қазақтың «ақыл азбас» дегені осыған айғақ болса етті. Дамыған өркениетті елдерде  адамның ақыл ойының жемісі – интеллектуалды еңбек бәрінен де жоғары бағаланады, құрметтеледі және де заңмен қорғалады. Бізде басқаша…

***

Ұлықтың асын ішкенге мәз болып, өздерін бүгінгі күннің игі жақсысы әрі ұлысы санайтын надандар көп қазір.

***

Адам баласының көзі көрмесе соқыр дейміз, құлағы естімесе саңырау, аяғы кеміс болса ақсақ, мұрыны кінәратты болса иіс сезбес, сөйлей алмаса caқау дейміз. Ал енді өзге тілде сайрап тұрып, өзінің Ана тілін (қазақ тілін) білмейтіндерді не дейміз? Рухы мүгедек десек пе екен?!.

***

Қазақ халқының ұлттық болмысы өзгермейінше, білім мен ғылымға ден қоймайынша сәт сайын өзгеріп жатқан әлемдік бар технологиялардың бәрі бірдей біз үшін табысты бола бермейді. Бәрінің де өз біліміміз, өз ақылымызбен, өз қолымызбен жасалғаны абзал…

 ***

Аға ұрпақ өкілдерін кейде айбаттап, кейде ғайбаттап «жағымпаздардың» ойын алаңынан қуып шыққан жастар легі жағымпаздық эстафетасын өздері жап-жақсы жалғастырып ала жөнелді! Тәуба!

***

Дүние жаралғалы адам баласының бірімен-бірі жауласып жатқанын не етерсіз?! Сол жауласудың қашан бітері әлі де беймәлім. Жер беті адам қа­нына  суарылған алапат қыр­ғынды соғыстар да өтті. Тағы да соғы­самыз деп қаруын сайлап және де сол қарудың небір жаңа түрлерін жасап шығару әлі де жалғасып жатыр. Әйтеуір жақсылық болсын!

***

Қазақтың ежелгі Жер дауы мен Жесір дауы халқымыздың даналығының бір көрінісіндей сезілері бар! Ата-бабаларымыз жердің де, жесірінің де, яғни, әйел-ананың да қадірі мен қасиетін терең тани білген. Өйткені, Жер  үстінде алтын босағалы шаңырағың  мен туыңды тігер Тұрағың бар. Әйел құрсағында  Ұрпағың бар!

***

Ұлы Далада діннен бұрын, діннен де мықты алтын діңгегіміз, алтын тамырымыз – халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болған. Қазіргі жастарымыздың білместікпен жан-жаққа ұрынып, түрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кетіп  жүргендіктері ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміздің ұмыт бола бастағанынан, соны  біле алмай  жатқандығынан болып отыр.

***

 

Ұлттың жаңа болмысын, жаңа сапасын қалыптастыру үшін ең бірінші ғасырдан-ғасырға келе жатқан ұлттық санамыз бен ұлттық озық әдет-ғұрпымызды қалпына келтіріп, ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз керек.

***

 

Шенқұмарлық пен атақ шығармақтық  біздің бойымыздағы қарапайым қалыпты әбден бұзып бітті.  Қазақтың көбісінің  биік мансап, жұмсақ  тақты іздейтіні несі?

***

 

Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру арқылы қазақ баласы өзінің жеке басының мәдениетімен де, білімімен де, көп тілді білуімен де, іскерлігімен де, еңбекқорлығымен де, өз отбастарын ардақтап, шаңырақтарын шайқалтпай ұстай білуімен және көпбалалы болуларымен де дара болуға тиісті.

***

Қазақстанда байлар мен барлар, биліктегілер ғана  үстемдік ететін емес, тек  Заң  ғана үстемдік ету және халқымыздың әл-ауқатын тез арада жақсартатын, халқымызды еңбекке жұмылдыра алатын және осы елдің иесі де киесі де Қазақ екендігін өзімізге де, өзгелерге де сезіндіріп, сендіре алатын саясат та, жұмыс та жүргізілуі керек.

***

  Қартын сыйлайтын, қыз баласын қорғап, ардақтап ұстайтын, ұлдарын ынжық етпей, намысшыл, рухшыл, мал табуға епті етіп тәрбиелеумен бірге Тілін де, Дінін де былғамай таза ұстайтын қоғам керек.

***

 

Адам баласы қашан болсын, әділдік іздеп шырылдап келе жатқандығы тағы да анық. Адалдықты  іздейтіндіктері  және де бар! Соның бірі – қазақ баласы біз!

 

***

Біз үшін және біздің әрқайсымыз үшін Адал да  Әділетті Қазақстан құрудың Тәуелсіздік алдындағы, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы аса маңызды, тіпті,өмірлік әрі тағдыршешті маңызы  бар екендігін де ұғына түскеніміз керек.

***

Ел  мен Тәуелсіздік болашағын, өзіміздің бүгінгі және келер ұрпақтарымыздың  жайы мен қамын ойласақ, ендігі ұстанымымыз «кәсібилік», «адалдық», «қарапайымдылық» болуы керек және де осы бір үш қасиет біздің болашағымызды анықтайтын қағида боларын да сана түйсігімен ұғына түскеніміз абзал.

***

Жетім баланы кейде шырылдатып, кейде жылатып, болмаса жанына қаяу түсірген сәтте сол жетімектің  анасының қабірінің топырағы бір көтеріліп, бір түседі дейді екен. Мұны көрде жатса да жаратқаннан өз жетімегін дүние кейістігінен арашалап, пана сұрап ышқынған ана жаны  деуші еді білетіндер. Жетімнің де періштесі бар! Ол – өз анасы! Сол қорғайды… сол пана болады!..

***

Дүниенің жақсылығы қазіргі кездері  жамандықтан жасқанып, бұғып қалғандай ма, қалай өзі? Қазір неге осы жамандық пен жамандардың  мерейі өсіп, солардың ғана жолы болып тұр?!. Кезінде адал еңбек етіп, адал өмір сүрген небір жақсылар мен жайсаңдар қазір зорға жүр де, солардың қолдарына су құюға жарамайтын талай бір жүліктер осы күндері жорғамен жүр. Дүние-ай, шіркін!..

***

Заманның білімі де, ғылымы да жетілген сайын адам баласына қиянат жасаудың да жетіліп келе жатқаны  бар.

***

Дүние түгел жазықты! Жалған жаламен жазғырылған да,  зар жылаған да талай бір адам баласының көз жасын аяғымызға басып келе жатқан  жоқпыз ба осы біз?! Кімнің көз жасын құрғата алдық?!  Кімге араша түсе алдық?! Айнала дүние тіршілігінің қиянатын көрмегендей, солардың зар үнін естімегендей болып, жамандықтың алдында бұғып өмір сүріп келе жатқанымыз кімнің жанын аман алып қалар екен, кімді сақтар екен?!

***

Жалған жала жабуға және де жалған куәлік беруге келгенде қазақтың әбден ысқаяқ болып алғанын қайтерсіз?! Көре алмаушылықтан біреуді көрге тірідей салудан да, қызғаныштан тірідей жаныңды шыжғырудан да, іштарлықтан ішіңді кездігімен жарып жіберуден де алдына жан салмайтын қазақтың қылығы талай бір жаны аяулы жақсылардың қыл мойындарына қыл арқан болып түсіп, қылғындырып тастағанын білсек те, соған кейін өкінсек те, әлі күнге шейін жеме-жемге келгенде шыққыр ғана екі көзіңді де жұмып алып, қиянатыңды жасай беретінің не?! Бұл әлде «жай отырған қазақ бір кебісті бір кебіске сұғып отырадының» бойға бітіп, қанға сіңген кеселі ме, жоқ әлде кесірі ме?!

***

Дүниеге кім тойған?! Адам баласының екі көзі топыраққа ғана тояды деген қазақы ұғымдағы пәлсапа тірі пендені ойлантып келе ме?!  Қазір адам баласының  бәрі бірдей  ақылды да дана болып кеткен заман. Адасқан заман! Тегі адастырған заман дегенің дұрыс болар?! Әйтпесе, заманын түзеп, адамын адастырмайтын  ақылдылар мен  парасаттылар қайда кеткен?  Әлде  солардың өздері де  тексіздердің арасында жүріп, өздерінің кім екендіктерін біле алмай есеңгіреп, дағдарып қалған сыңайлы ма?!.

***

Адам баласының адал сөзі мен тіпті Құдай атымен берілетін уәдесінен де кепілдікке ақша ғана жарап, сол ғана сенімді болып тұрған заманның тартқызар зардабы аз болмас әлі де. Бұл да адалдықтың құлдырауы болса керек. Адалдығы құлдыраған заманда адам баласының құрдымға кетуі де оңай емес пе?! Не де болса, тығырыққа тіреліп тұрған заман болды бұл!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар