Тілге құрмет – ұлтқа жанашырлықтың айғағы

Жуырда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты шара өтіп, онда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген бір топ азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым және жұртшылық өкілдері мен ақын-жазушылар қатысты.

Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин:

–Баршаңызды ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластыра атап өту дәстүрге айналған Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтаймын! – дей келе, облыс аумағында тіл саясаты бойынша атқарылып жатқан мақсатты жұмыстар туралы баяндады.

Мемлекеттік тілді үйретудің алғашқы баспалдағы, негізі – балабақша. Осы бағытта жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде биыл мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілді топтарда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер жалпы санның 70 пайызын құрап отыр. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларының 52 пайызы қазақ тілінде оқытатын сыныптарға барыпты.  Былтырбұл көрсеткіш 49 пайызды құраған екен. Әрине, ауыз толтырып, қуанатын да жағдай емес. Меніңше, бұл көрсеткіш кемінде 80-85 пайыздан асу керек.

–Соңғы жылдары еліміздің халықаралық «Тіл» қоғамына үлкен мән беріліп отыр. Біздің өңірде оның 21 филиалы қазақ тілінің дамуына өзіндік үлесін қосуда. Облыста тіл саясатын насихаттауға арналған ауқымды шаралар үзбей өткізіліп келеді. Тіл онкүндігі аясында ғана 2 мыңнан астам іс-шара өткізіледі. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқаулардан бөлек, тұрғындар арасында қазақ тілінің дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарғаАқмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» атты сыйлығы тағайындалды. Бұл жоба елімізде тіл саясаты бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралардың маңызды бірбөлігі болып табылады, – деп басқарма басшысы кейбір жобаларға нақтылай тоқталды.

Шараның салтанатты бөлімінде тіл саясатын дамытуға айтулы үлес қосып жүрген әртүрлі сала қызметкерлері марапатталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, әдебиетші-ғалым, профессор Сәбит Жәмбек, Көкшетау қалалық «Ертөстік» балабақшасының қазақ тілі мұғалімі Айтжамал Әбділманова, «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы музейінің экскурсия жүргізушісі Юлия Кузьменко марапатталса, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ләззат Көкішева, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапханашысы Жадыра Әубәкірова жоғарыда аталған министрліктің Алғыс хатына ие болды. Сонымен бірге, бір топ тіл жанашырлары Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың ішінде Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінің №1 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Алмагүл Мұхаметжарова, Біржан сал ауданындағы «Еңбекшілдер жаршысы»газетінің тілшісі Қуаныш Нұрқышева, Аршалы ауданы Елтоқ ауылдық округінің әкіміТыныштық Қыдырбаева, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Әділжан Әмірханов бар.

Ал, былтырдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының 10 аталымы бойынша жеңіске жеткендер 200 мың теңгенің ақшалай сертификаттарына ие болды. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Тіл майталманы» аталымын жеңіп алған Ақкөл аудандық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ғайнел  Дүйсенбаева, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» аталымының жеңімпазы, Қосшы қаласының тілдерді оқыту орталығының директоры Әлия Мұсаева, «Тіл күрескері» аталымының жеңімпазы, Көкшетау қаласы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Біржан Қайыр бар. Сонымен бірге, БАҚ-та мемлекеттік тілге қатысты мақалалар жариялау бойынша өткізілген облыстық байқаудың жеңімпаздары – «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің қос журналисі  Ұлмекен Тыныштыққызы мен Ырысалды Төлегенқызы да марапатталды.

Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Сенаторлор кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облысындағы ресми өкілі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұстаз ғалымы Ерболат Баятұлы сөз сөйлеп, қазақ тілінің бай тілдік қоры мен оның бүгінгі қоғамдағы қолданылу барысы туралы ой-толғамдарын ортаға салса,  ақын Алмас Темірбай тіл жайында жазған элегиялық өлеңін оқыды.

Кеш соңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал әнші Досымжан Таңатаров жиналған қауымға ән-шашуын арнады.

Ы.ШАМШИЕВА. 

Суретте: облыстық байқау жеңімпазы Ұлмекен Тыныштыққызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар