Әнімен сұлу өмірі

«…Ғашығым, асылым,

Қайғыңменен жасыдым…

Ән! Бұл бір ғажап ән еді. Біржан салдың жан тебіренісін жыға танытар осынау бір сұлу сазға бай, лиризммен тыныстап жатқан махаббат әні, ғашықтар әні Бақыттың мөлдір үнімен келісім тауып, биіктен биікке самғай жылжып, естір құлақты елеңдетіп, сезімтал көңілді елжірете тебірентіп, болмыс бітіміңді балқытып барады.

Ән құдіреті, әнші таланты деген осы-ау, шіркін», –деп белгілі жазушы Төлеген Қажыбай ағамыз жазып кеткеніндей, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Любовь Әділова халық әндерін орындағанда дауыс мөлшерін дәл тауып, сезім билетер сыршыл бояуларын жаңылыссыз қолданыпты. Ендеше бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – өзіміздің жерлесіміз, көмейіне бұлбұл ұялаған, әнші, педагог Любовь (Бақыт) Әділова хақында болмақшы.  

Өз дәуірінде өнер әлемінің ерке сұлуы, әнімен халқының жүрегін жылыта білген Любовь Нұрманбекқызы Әділова табиғаты әсем де көркем, зерлі Зеренді ауданының Қарсақ ауылында 1948 жылы дүниеге келген. Жоғарыда жазушы ағамыздың есімін Бақыт деп жазуының өз себебі бар. Кейіпкеріміздің айтуынша, азан шақырылып қойылған есімі Бақыт екен. Бірақ, ол кезде кеңес заманындағы ауылдардың көбі саясатпен құрылғандықтан, өзге ұлт өкілдерікөптеп шоғырландырылып, барлық елдімекендер интернационалдық сипаттаболатын. Сол уақытта болашақ әншінің әкесі ауылда айтулы механизатор болыпты. Өзі сондай көпшіл, әркіммен сыйласа білетін азамат. Содан Бақыт туғанда арасында өзге ұлттың да өкілдері бар ауылдас жолдастары «балаларыңның бәрінің де есімі қазақша ғой, кенже қызыңның атын біздің достығымыздың куәсі ретінде Любовь деп қояйық» демесі бар ма, ақкөңіл жан содан баласының құжатына осы есімді жазғызып жіберіпті. Бірақ, кейіпкерім өз есімінің құжат бойынша орысша екендігін 10 сыныпқа дейін білмепті де, тіпті ол ойына да келмеген. Осы бір сәтті өзі де қызықты етіп әңгімелеп берді.

–Мектеп бітіргенде аттестат толтыру үшін сынып жетекшім туу туралы куәлігімді әкелу қажеттігін айтты. Содан анамнан үйдегі құжаттардың қайда тұрғанын сұрап алып, іздеп жатырмын. Куәлігімді таба алмадым. Есесіне бір орысша атпен жазылған куәлік жатыр. Сөйтіп, анама барып, барлығынікі бар, менің құжатым жоқ. Бірақ, бір орыстың куәлігі жатыр дедім. Анам күліп жіберіп, сол орысша есімді куәлік менікі екендігін айтып, мән-жайды баяндап берсін. Сонда ғана мен өз есімімнің Любовь екендігін білдім, –дейді күліп кейіпкеріміз.

Көкше елі қашанда ән мен жырдың бесігі ғой! Қасиетті топырағында кіндік қаны тамып, өсіп-өнген әр перзенті түгілі табиғаты да, көкжиекпен үндескен өзен-көлдері мен сай-саласы да әндетіп тұратындай. Осы киелі топырақтан нәр алған Любовь-Бақыттың ата-анасы да өнерден кенде болмаған. Әкесі Нұрманбек пен анасы Балыш Зерендінің іші-тысы демесекте, бүтін Қарсақ ауылын ауыздарына қаратқан әншілер болыпты. Халық әні «Жиырма бес», Ақанның әйгілі «Сырымбетін» тамылжыта айтатын көрінеді. Осылай, өскен ортасы мен ұшқан ұясы еліктегіш балаң жүректі өнердің сол бір сиқырына ықыласты етіп, ынтасын арттыра түскен екен. Солай кішкентай Бақыт та ауылда ойын-той болса, ортаға шығып ән айтып, өлең оқыған.

–Бала жасымнан халықауыз әдебиетінің шығармаларына, өлең-жырларына қанып өскеннен болар, сол құлағыма құйылып, санама сіңіп қалыпты. Жиналған қауым арасында кітаптан батырлық эпостарды нақышына келтіріпоқитын азаматтар көп болатын. Сондай-ақ, ол кезде радиодан классикалық және қазақ әндерін көп беретін, классикалық қойылымдар да жиіұсынылатын. Міне, осындай ортада өстім. Жаңа айтқандай, отбасымыз да өнерлі еді, –дейді өнерге бала жастан талпынғанЛюбовь Әділова.

Ол алдымен Троицкідегі 8 жылдық мектепті, кейін 1966 жылы Көкшетау қаласындағы №13 орта білім ордасын бітіріп, сол жылы қаланың мәдениет үйіндегі бір жылдық баянистер курсына қабылданып, сол курсты аяқтаған. Республикалық жас таланттар конкурсына қатысып, онда ерекше дауысымен көзге түсіп, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесінің ән бөліміне қабылданыпты. Сөйтіп, кәсіби түрде музыка әліппесін өзі айтпақшы, Гильда Алексеева деген білікті ұстаздан ашқан екен.

– Ол уақытта саясат та мықты болатын еді ғой. Өнер майталмандары елдімекендерді аралап жүріп, өнерлі жастарды іздейтін. Сондай бір сәтте ән орындап көзге түсіп, училищеге оқуға түстім. Оқуға түскеннен кейін түнімен отырып, ноталарды қағаздарға түсіріп, тынбай еңбектенетінмін. Өзіме қатты талапшыл, әрі міншіл болдым, – деп, сол кезді ерекше еске алады апамыз. – Менің бала күнгі арманым – ән айтып, баянда ойнау, сахнада жүру еді. Ал, анам педагог болғанымды қалады. Тіпті, баянисттер курсына даешкімге айтпай тығылып түскенмін. Бірақ,қанша жыл өтсе де, анамның арманын кеш болса да орындағаныма қуаныштымын. Себебі, еңбек жолымның соңғы кезеңдерінде вокалдан сабақ беріп, өзім де шәкірт даярладым.

1972-1974 жылдары өмір толқыны Любовь Әділованы Жамбыл облысының Шу ауданының сол кездегі  орталығы Новотроицкіге апарып, сонда музыка мектебінде ұстаз болады. Кейін тағдырдың басқа салғанына бой ұсына біліп, тұрмыс пен өнерді өмір таразына салып, жүрек қалауымен мансап жолын таңдап, өнердің өз адамына айналды, өз биігіне көтеріле білді. Консерваторияға оқуға түсуге рұқсат етпеген адаммен қош айтысып, қызын алып, туған топырағы Көкшетауға қоныс аударды. Сөйтіп, облыстық филармонияға жұмысқа орналасты. Осыдан әншінің ең бір сәтті, жұлдызды кезеңі басталыпты. Осы бір кезең басынан күні кеше ғана өткендей, әншініңжүрек түкпірінде әлі күнге ерекше сезіммен, қуанышты реңде сақталыпты.

– Кей кезде вокалистердің, жалпы шығармашылық жолындағы қыздардың өнердегі болашағына, мансабына отбасылық жағдай көп әсер етеді. Қаншама өнерлі, қайталанбас дауыс ерекшеліктері бар қыздарымыздың келешегіне осылай балта шабылды.  Сондай жағдай менің де басымнан өтті ғой, – деп Л.Әділова өмірінің келеңсіз бір кезеңін есіне алып, оның да өзі үшін үлкен сабақ болғанын айтып берді.

Жетпісінші жылдардың ортасы елімізді былай қойғанда, Одақ көлемінде мәдени өмірдің нағыз қайнап тұрған кезеңі болды. Ол уақытта жеке өнер адамдары, әйгілі ансамбльдер, вокалдық ұжымдар жиі-жиі гастрольдік сапарға шығып тұрған. Осы жылдары Л.Әділова облыстық мәдениет сарайы жанындағы «Көкшетау» халықтық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, Югославияға, кейін Венгрияға гастрольдік сапарлармен барады. Одақтың біраз елдерін аралайды. Ару Алматыда өткен Көкшетау филармониясының есеп беру концертінде жарық жұлдыздай жарқырайды.

– Осы концертте еліміздің бұлбұл қызы Бибігүл Төлегенова менің дауысыма тәнті болып, «болашағыңнан үлкен үміт күттіретін талантты әнші екенсің, консерваторияға оқуға барып, оқуыңды жалғастыр» деп апалық әрі әншілік кеңесін берді, – деп еске алады сол бір кезеңді Любовь Нұрманбекқызы.

Осы бір жоғарыдағысебеп болғандай, әнші Алматыдағы Құрманғазы атындағы  мемлекеттік консерваторияға еш бөгетсіз оқуға қабылданады.Консерваторияда белгілі әнші Сәуле Құрманғалиевадан дәріс алып, вокалдың қыр-сырына қанық болады. Халқымыздың есімдері аңызға толы, марқасқалары Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова тәрізді өнер қайраткерлерінің ән орындау шеберліктерімен жеке танысып, өзінің өнер өрісін кеңейте түседі. Республикалық радио мен телеарналарда жаңа әндер жаздырады. Мемлекеттік «Гүлдер» ансамбліне де шақырту алады. Алайда, осындай үлкен мүмкіндікке қарамастан, өзінің туып-өскен өлкесі Көкшеге қайтып оралып, бұрынғы өзінің үйренген облыстық филармонияға қайта жұмысқа орналасады. Өмірден еш түңілмейтін, тек өзіне және өнеріне сенген әртіс осы 1981-1988 жылдар аралығында Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің «Ән» бөлімінде ұстаз болып сабақ та береді.

Репертуарында әлем композиторларының классикалық шығармалары бар әнші өте талғампаз, өзіне талапшыл өнер иесі екен. Егер таңдап алған ариясын немесе романсын орындау мәнері өзіне ұнамай жатса, оны өз дәрежесіне жеткізбейінше, сахнада орындамаған. Дауысына икемделіп, өне бойынан өтіп, жүрегімен сезініп, ойымнан шықты-ау деген кезде ғана  бір-ақ көрермен алдында шырқаған, сол әннің иірімдеріне еліттірген, көптің ыстық ықыласына бөленген.  Өзінің ән қоржынындағы Чайковский, Рахманинов романстарын, атақты «Абай» операсындағы Ажардың, «Біржан салдағы» Сараның арияларын, басқа да классикалық туындыларды өз характерлеріне тән, сезімталдықпен орындай білген. Шарль Гуноның әйгілі «Ромео-Джульетта» операсындағы Джульетта вальсын сахна төрінде еркін самғатып, орындасам деген арманы орындалып, сезінер жүректерді ләззатқа бөлеген, замандастары мен аға буын өкілдерінен осы вальс үшін жоғары бағаға ие болып, тәнті еткен. Л.Хамидидің «Бұлбұлы», Ғ.Жұмабанованың ақын О.Сүлейменовтің сөздеріне жазылған үш романсы да оның ән қоржынындағы кең тынысты, мөлдір үнді шығармалар. Қаншама әнге жан бітіріп, өзіндік бояуымен қанықтырған әнші қазақ топырағында ғана емес, бірталай шетелдердің сахналарында да өнер көрсетіп, өзінің биігін бағындыра білді. Сөйтіп, 1987 жылы «Қазақ КСР  КСКСР станның еңбек сіңірген әртісі» деген жоғары атаққа ие болды. Мұндай атаққа қол жеткізу ол кезде ілуде біреуге бұйыратын бақ еді. Оның артында үлкен еңбек пен маңдай тер, таңды-таңға атырған ізденіс пен әнді зерттеу, оған бойлау жұмыстары жатқаны айтпаса да түсінікті.

–Өзіме ешқашан көңілім толмайтын. Қатты талапшыл болдым. Өз ойымша, дауысым мен сахналық киімім, өзімді ұстау мәнерім, барлығы  таңдап алған шығармамның болмысына, сол елдің мәдениетіне сай болу керек еді. Сонда концерттерден кейін ғана мен туралы жазылған мақалаларды оқып, көңілім орнына келетін, тыңдарманымды қуанта алғанымнан шабыттанып, қанаттанатынмын, –дейді бір сөзінде белгілі әнші.

Халық әндерін көп зерттеп, Біржан сал, Ақан сері бабаларының әндерінің бірін-бірі қайталамас ғажап иірімдері мен лиризмге толы сыршылдық қасиеттеріне бойлай түскен әншіні үлкен бір концерттен кейін белгілі суретші Владимир Семизоров отырғызып қойып, портретін салады. Ол портрет бүгінде әнші туралы жазылған кітап мұқабасынан орын алып, әншінің болмыс-бітімін, өнерге деген құштарлығы мен риясыз таза көңілін сипаттап тұрғандай.

Әнші еңбек жолының соңғы жылдарында өзі білім алған П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжінде ұстаз болып қызмет атқарды. Осы жылдар аралығында оның тәрбиелеген шәкірттері республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті.

Бүгінде әнші қарт Алатаудың баурайында өмір сүруде. Қызы Жаннаты небір бояуларға жан, түрлі суретке тіл бітірген қылқалам шебері. Немерелері әжесінің көз қуанышы мен көңіл сенімі. Отбасылық бақыт сыйлап, шығармашылығын қолдап-қолпаштаған өмірлік серігі – Владимир Семизоров та өз заманының айтулы суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері екенін жақсы білеміз.

Қазақтың кәсіби вокалдық өнерінде өзіндік із қалдырған бірегей әнші, білікті педагог, жерлесіміз Любовь Нұрманбекқызы биыл жетпіс бес жасқа толып отыр. Әнші өмірінің ұмытылмас сәтті де қызықты кезеңдері өткен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өнер иесінің осы мерейлі жасына орай 20 қыркүйек, кешкі сағат 18.00-де «Сәлемімді қабыл ал, сұлу Көкше!» атты шығармашылық кеші өтпекші. Кіру тегін. Келіңіздер, талғампаз өнер құдіретімен қайта қауышыңыздар.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар