Қазақстан-Германия бизнес-форумы аясында Астана қаласында Ақмола облысының әкімдігі мен СТ Agro GmbH компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум Көкшетау қаласында CLAAS және Horsch неміс брендтерінің ауыл шаруашылығы техникасына сервистік қызмет көрсетуге арналған заманауи орталық құрылысының инвестициялық жобасын іске асыруға арналған.
– Ақмола облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің орталығы болып табылады. Әрбір екінші мамандандырылған автокөлік, астық жинайтын комбайн біздің өңірде шығарылады. Меморандумға қол қою – ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту мен кеңейтудің маңызды қадамы, – деп атап өтті бұл орайда, облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Компания 100 жаңа жұмыс орнын құра отырып, сервистік орталық салуға 4 миллион еуроға дейін инвестиция құюды жоспарлап отыр. 2024 жылдың басынан бері өңірде шетелдік инвесторлармен 327 миллиард теңгенің 6 меморандумына қол қойылды.
СТ AGRO компаниясы CLAAS неміс ауыл шаруашылығы өндірушісінің ресми дилері ретінде танымал. Компанияны 2000 жылы Германиядан келген бастамашыл кәсіпкер Клаус Тишер құрған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.