Ақмола облысы, 30 қыркүйек. АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өңірлерде тұрғындармен кездесуді жалғастыруда. Бүгін Штаб мүшелері Көкшетау қаласында құтқарушылармен, еңбек ұжымдарымен, медицина саласының қызметкерлерімен және ардагерлермен ашық әңгіме жүргізді.
Полимерден жұмсақ қаптама шығаратын «Новопэк» ЖШС зауытының еңбек ұжымымен кездесуде Штаб мүшелері өнеркәсіптік кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуі үшін сенімді және тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызы туралы әңгімелесті.
«Референдум – халық болып таңдау жасаудың ең жоғары үлгісі. Ал оны өткізу – Қазақстанда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының айқын көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ең негізгі шешімдер әр азаматтың пікірін ескере отырып қабылдануға тиіс екенін нақты айтты. Бұл – демократия мен биліктің ашықтығын нығайтуға апаратын жол. Әр адам еліміздің болашағына әсер ете алады. Біз саяси қадамдар өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, референдумға қатысу – тек заңды құқық емес, бұл біздің балаларымыз бен немерелеріміздің алдындағы жауапкершілік», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев.
Бұдан соң Штаб мүшелері облыстық Көпсалалы балалар ауруханасының алаңында өңірдегі медицина саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.
Достық үйінде өткен ардагерлермен кездесуде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесіне мән берілді.
«Аулада от жағып, тамақ дайындаған 90-шы жылдар әлі есімізде. Себебі жарық та, газ да болған жоқ. Электр энергия әлдеқашан өркениеттің ажырамас игілігіне айналды. Сондықтан оның қажеттілігін талқылаудың да керегі жоқ. Бүгінде елімізде жастар саны өсіп, туу көрсеткіші артып келеді, ал жұмыс орындары әлі де жетіспейді. Біз балаларымыздың жарқын болашағын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғманов.
Осы күні Штаб мүшелері Көкшетау қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің ұжымымен кездесті. Депутаттар қауымы мәртебелі мамандық иелерінің ерен еңбегін айрықша атап өтті. Өрт сөндірушілер – заманымыздың заңғар батырлары. Олар – күн сайын өзгені ойлап, өз өмірін қауіп-қатерге тігетін еңбек адамдары.
Халықтық штабтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Әли Ғалым