Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Степногорск ауруханасы тағы да депутаттар назарында - АРҚА АЖАРЫ

Степногорск ауруханасы тағы да депутаттар назарында

Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының проблемалары Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында комиссия төрағасы Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен қаралды.

Отырысқа мәслихаттың әлеуметтік сұрақтар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықов, депутаттар Нұрлан Жаров, Ғалымхан Саханов, Қалел Рахматуллин, Степногорск қалалық мәслихатының төрағасы Олжас Жағыпаров, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Ермолаева, Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Тоқтар Қоңырбаев қатысты.

Т.Қоңырбаевтың ақпаратына сәйкес, тіркелген халық саны стационарлық бөлім бойынша 63 168 адамды, амбулаториялық-емханалық бөлім бойынша 3304 адамды құрайды.  Тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың қуаты – 254 төсек орын. Күндізгі бөлімшеде 33 төсек бар. Емханалық көмек терапиялық, педиатриялық, гинекологиялық мамандықтар бойынша көрсетіледі.

2024 жылы мекеменің кредиторлық берешегі 34,4 пайызға артып, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне 790,5 миллион теңгені, оның ішінде биыл 250,7 миллион, өткен жылдар бойынша 539,9 миллион теңгені құрады. Т.Қоңырбаевтың айтуынша, 2023 жылы жалпы бюджеттен еңбекақы төлеу қоры 67 пайыз болса, 2024 жылы 65 пайыз болды.

Жыл басынан «СМГБ» МКҚК тәулік бойы режимге ауыстырылды, ал қаражат өткен кезеңнің көрсеткіштері бойынша, яғни, өтініштер санының ұлғаюын есепке алмай бөлінді.

Бүгінгі таңда барлық ғимараттарды, инженерлік коммуникацияларды күрделі жөндеу қажет. Материалдық-техникалық жарақтандырудың төмендігі жаңа медициналық қызметтерді енгізуге, емдеу-диагностикалық процесті стандарттауға мүмкіндік бермейді. Кадр тапшылығы да бар, бүгінде 18 дәрігер, 25 орта персонал, тағы 25 кіші персонал қажет.

Сонымен қатар, оң өзгерістер де бар. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап тері арқылы коронарлық араласудың медициналық қондырғысы іске қосылды.  Жабдықтар іске қосылған сәттен бастап 30 коронарангиография жүргізілді, орталықтың тәулік бойы жұмыс істеуі үшін интервенциялық дәрігер жұмысқа қабылданды. Ұлттық жоба аясында орталықты қосымша қаржыландыруға Денсаулық сақтау министрлігіне өтінім берілді. Кредиторлық берешекті өтеу үшін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына 123,2 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді.

Отырысқа қатысушылардың ұсыныстарын тыңдай келіп, экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия облыстық денсаулық сақтау басқармасы қысқа мерзімде аурухана басшылығымен бірлесіп, объективті қажеттілікті ескере отырып, қалалық аурухананың штат кестесін талдап, бекітуі, СМГБ бойынша проблемаларды шешу үшін Жол картасын әзірлеуі, негізгі индикаторларға қол жеткізуі жөнінде қаулы қабылдады. Бұдан басқа, заңнамада белгіленген мерзімдерде өтініш берілген қаражатты бөлу үшін уәкілетті органға тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынуы, СМЖБ үшін қажетті кадрларды іріктеуге жәрдемдесу, проблемалық мәселелер бойынша қысқа мерзімде үйлестіру кеңесінің отырысын өткізу міндеті жүктелді.

Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының басшылығына қала және басқа аудандар тұрғындарының ауруханаға бекітілген пациенттер ағынын ұлғайту, еңбекақы және басқа да шығыстар қорын оңтайландыру, медициналық жабдықтарды ұтымды және тиімді пайдалану жөнінде шаралар қабылдау ұсынылды.

Сондай-ақ, депутаттар экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының атына басқа да ұсыныстар енгізді.

Тұрақты комиссияның төрағасы Марат Қойшыбаев атап өткеніндей, ағымдағы жылдың қараша айында бұл мәселе әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы өкілдерінің қатысуымен қайта қаралатын болады.

Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар