Мектепте алған білім – жанның азығы

Ізденісте жүрген мұғалім шабыттандырады дейді. Икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылықты, өзін-өзі басқарып, ұйымдастыруды серік еткен кәсіби маман әрқашан талап биігінен көрінеді. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық, ол мұғалім мамандығы.

Оқушыны тыңдаушы, орындаушы деп қана білмей, өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек. Бастауыш сынып пәндерін табысты оқыту, ұстаздың кәсіби тәжірибесі мен құзыретіне байланысты. Мұғалімдер пайдаланатын əдіс-тәсіл оқудың тиімділігіне елеулі əсерін тигізеді. Адамның бойында мұғалім мамандығына деген бейімділіктің болуы, педагогикалық шеберліктен. Сондықтан, үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі бар, бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана емес, қоғамның да  ұстазы болары анық.

Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының дамыған елдермен иық тіресіп тұруы, еліміздің болашағы мен қазіргі кезеңі үшін білімді, зерделі, өз бетімен іс-әрекет етіп, қоғамнан өз орнын таба алатын шәкірттерді даярлау ұстаздың міндеті. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерден білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның құштарлығын алға жетелеуді мойнына алған мамандық. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелейтін маман. Мектептегі оқушы өмірінің көп бөлігі сабақ үстінде өтеді. Міне, осы кезде оқушы тек білім алып қана қоймай, шығармашылықпен зерттей білуге де үйренуі керек. Білім алуда іс-әрекетке үйренген баланың бойында алған білімі ұзақ уақыт сақталады және ол жұмыс істеуге, ізденуге, таңдауға, тағы басқаларына үйренеді.

Өз басым дәстүрлі сабақтар мен қазіргі жаңа тәсілдерді пайдаланып өткізген сабақтарымнан көптеген айырмашылықтарды байқадым. Ең озық, тәжірибеден өткен технологиялардың бірінің тиімділігін ескердім. Біркелкі сабақ оқушыны зерігу мен жайбарақаттылыққа алып келеді. Ал, зерігу болған жерде шығармашылыққа жол жоқ. Жанданған сабақты қалыптастыру үшін біріншіден, ондай сабақ жүйелі өтуі керек. Барлық оқушылар сабаққа өте белсенді қатысуы, өздерін еркін сезінуі, жауапты бірлесіп іздеуі, жолдастық көмек, бір-біріне деген жауапкершілікті сезінуі әрқашан оң әсер етеді. Бір-бірінен үйренеді, ынтымақтастық атмосфера қалыптасады. Оқушылар бір-бірімен араласа отырып,сөйлеуге үйренеді, бір-біріне ықпал етеді. Жаңа оқыту бағдарламасы оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты еңсеруге  икемдейді.

Арнайы курстар мені жаңашыл мұғалім болуға, өз тәжірибеме үнемі сараптама жасап, өзгерістер енгізуге ынталандырды. Сол арқылы оқушыларды белсенді әңгімеге тартып, сыни ойлауын дамыту сабақтың табыстылығын қамтамасыз етпек. Сондықтан, мен сабақ барысында ашық сұрақтарды көбірек қолдануды жөн  көремін. Әр сабақ сайын ой жаңарады, жаңа идеялар пайда болады, жаңа жобаларға ұмтыласың. Егер ойың жүзеге асса, өзіңнің де сенімің артады. Бала жаны жаңалыққа құмар, белгісіз нәрселерді ашуға тырысатындықтан, олардың талпынысын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Баланың оқуға ынтасын, қызығушылығын қалыптастырудың бір жолы – пәнді оқытуда тиімді тәсілдер арқылы оқу материалын оқушының өздігінен түсінуі мен шешуі болып табылады.

Қазіргі әдісім сабақты меңгерту жолдарына бағыт беріп отыру. Сабақ барысында мұғалім аз сөйлеп, ал, оқушылар көп сөйлеуге, яғни, сұрақ қою, мысал келтіру, ой бөлісу, достарының жауабының дұрыс-қатесін дәлелдеуге дағдылануы тиіс. Мұғалім өз заманының білімді, мәдениетті адам болуы керек.  Себебі, ол оқушыны білім ала білуге үйретеді. Бұл дағдылар пән бойынша білім, сауаттылық пен тәжірибені қамтиды. Сабақ барысында бірсарынды қолданылатын жабық сұрақтарды емес, Блум таксономиясы бойынша оқушылардың ақыл-ой қабілеттерінің құрылымдық, танымдық үдерісінің ең қарапайымынан бастап күрделісіне біртіндеп өту барысында белсенді әрекетке жетелейтін деңгейге сейкес тапсырмаларды құруды қажет етемін. Тапсырмалар құруда оқытудың белсенді әдістерінің мәні оқушыларды кәсіби іс-әрекетті меңгеруге бағытталады. Сабақ жоспарын Блум таксономиясына негіздеп, бағдарламада белгіленген жеті модульді ықпалдастырудың арқасында оқушылардың нені білетіні, нені жасайтыны сияқты қызығушылығын түсінесің. Оқушы бойындағы ішкі уәжді туындатқызып, өз қабілетіне сенім арттырып, жаңа сабақты меңгеруіне ықпал етемін.

Мұғалім берген тапсырманы орындауға, сұраққа жауап беруге топпен ақылдасу арқылы оқушылардың барлығы қатысады, белсенділігі мен жауапкершіліктері артады. Білім берудің сапасын жақсарту мақсатында өз сабақтарымда модульді қолданып жүрмін. Бұл технология мені қызықтырғаны, баланың өзі ізденіп, дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал, мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Білім беруде кәсіби құзырлы маман деңгейіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогты атаймыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қорыта келе айтқым келгені, ұстаз берген тәрбиелі білім жан азығы. Ол шәкірт өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал  тамған ақын  да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқанда, мал бағып, терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан, алдымыздағы Мұғалім күні мерекесі қарсаңында өз басым ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июі тиіс депсанаймын.

Алмагүл ЕРДІМҰРАТҚЫЗЫ,
Қоянды №2 жалпы білім беретін мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі, бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесінің маманы.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар