Өркенді істің өрісі кең

Ұстаз – жас ұрпаққа білім нәрін себетін, ақылын айтып, ілімге үйрететін асыл жан. Біздің ардақты ұстаздарымыздың бірі – Сәуле Қалиева да кемел келешекке үлес қосып жүрген мұғалім.

Ол үнемі ізденіс үстінде жүріп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне белсене ат салысып келеді. Ұстаздық міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, өзінен кейінгі жас мамандарға үлгі бола білетін осындай ұстаздар әрқашан үлкен құрметке лайық екендігі даусыз. Ж.Тәшенов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің математика және информатика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Сәуле Қалиеваны өз ісін  терең меңгерген ұлағатты ұстаз десе болады. Оның  шәкірттері математика мен информатика пәні бойынша республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, мектебіміздің абыройын асқақтатып жүр. Атап айтқанда, оқушылары республикалық «Алтын түлек», «Алтын сақа» олимпиадалары, облыстық, аудандық Президенттік және пән олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленді. Ұлағатты ұстаздың мақалалары республикалық «Тағылым», «Алтынсарин ізбасарлары» журналдарында жиі жарық көреді.

Сәуле Сырбайқызы пән мұғалімі ретінде оқушылардың шығармашылық ізденісін дамыту, білім сапасын арттыру жолында көп дайындық жұмыстарын жүргізу арқылы жыл сайын үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Ұстаз өз кәсіби деңгейін үнемі жоғарылата білуде. Ол әріптестерінің арасында да құрмет пен беделге ие көшбасшы-ұстаз. Білім жүйесіндегі педагогикалық үдеріс заңдылықтарын және жаңа заманғы психология-педагогика теориясын, білім технологияларын меңгерген Сәуле Қалиева оқушылардың  белсенділігін, қызығушылығын  арттыруға мүмкіндік беретін оқыту формаларын, әдістері мен тәсілдерін және тәрбие құралдарын тиімді пайдаланады.

–Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тану, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу түсіне білгенге ерекше қиын іс. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіріп, оны жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Неғұрлым баланың таланты мен қабілетін дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, солғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік болады. Баламен жасағанжұмыс нәтижелі болуы мұғалімнің біліміне тікелей байланысты, – дейді ұстаз.

Дарынды ұстаз бар жерден дарынды бала шығады. Осыған орай, мұғалім жан-жақты, кәсіби дайындығы терең, өз бойына жинақтаған білімін жастарға үйрете алатын маман болуы шарт. Ол тек білімді жеткізуші ғана емес, керісінше, оқушының білімін, өмірге көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыра алатын жан болуы тиіс. Оқушы бойындағы қабілет-қарымды ашуда екінің бірі шебер бола бермейді. Ал, Сәуле Сырбайқызы секілді білімді, білікті ұстаздар тұрғанда, мектептерден дарынды, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шыға берері сөзсіз. Ендеше, Абай атамыз айтқандай, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, мұндай ұстаздардың еңбегін лайықты бағалай білуіміз қажет.

Руслан МАХАНОВ,
Ж.Тәшенов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының
ғылыми-әдістемелік
 жұмыс жөніндегі орынбасары.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар