Бұл күндері Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеевтің туғанына биыл 100 жыл. Ақаннан қалған ақтанбоз, айтыстың ақтангері атанған Көкшенің көк семсері – Көкен ақынның шығармашылығы мен ақындық мұраларын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында «Көкен Шәкейұлы: айтыстағы алтын көпір» атты ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.
Айтыс өнерінің алып бәйтерегі, кешегі Жамбыл, Кенен, Доскей, Шашубайлар бастаған халық ақындары мен бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің ортасында алтын көпір болған Көкен Шәкеевтің шығармашылығын, ақындық қуатын, ақындық шеберлігін әрбір қырынан зерттеу бүгінгі ұрпақтың мақсаты. Сондықтан да бүгінгі таңда біздің Көкен Шәкеевтің шығармашылық лабораториясы әр қырынан зерттеліп, ғылыми айналымға кіру керек. Сол мақсатпен оның 100 жылдығын атап өту барысында ұйымдастырылған бұл конференцияның маңызы ерекше.
Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасының орынбасарыАманжол Әлтаев ашып жүргізген конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған бір топ ақындар легі,қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов, белгілі журналист, ақын-жазушы Қорғанбек Аманжолов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылық құрамы мен студенттері, Көкше елінің зиялы қауым өкілдері қатысты. Бір атап өтерлігі бұл конференцияның өтуіне мұрындық болып жүрген Көкен Шәкеевтің 60 жасында көзіне түсіп, оның көшіне ілескен шәкірті, жерлесіміз, айтыс ақыны, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек.
Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ернар Серікбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, айтыстың ақтанбозына арналған ауқымды шараның шашбауын көтерісіп келген ел ағаларына алғысынжеткізді.
–Бүгінгі киелі Көкше жеріндегі дүбірлі той «Көкен Шәкейұлы: айтыстағы алтын көпір» ғылыми-танымдық конференциясымен басталып, аға буыннан үлгі алған, кейінгі толқын айтыс өнерінде Көкен ақынның өкшесін баса шыққан «Көкшенің көк тұйғыны» атанған Құдайберлі Мырзабектің 60 жылдығына арналған «Мен де бір бұлбұлыңмын!..» деген шығармашылық кешке ұласады.
Сонымен қатар, «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстанның халық ақыны, талай шәкірт тәрбиелеген дарын иесі Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналған «Көкшенің көк семсері – Көкен ақын» атты халықаралық ақындар айтысы болды. Кешегі Сәкен Сейфуллин жырлаған жер шоқтығы – Көкшетаудың қасиетті топырағы қазақ халқына небір таланттар мен хас дарындарды сыйлады десек, олардың бірегейі қазақ ақындары арасында көш бастап, абыз ақсақал атанған Көкен атамыз болса, оның шәкірттері ішінде Құдайберлі Рақымбекұлының орны бөлек. Бүгінде есімі өнер сүйер қауымға жақын таныс. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей бүгінде ол көптеген шәкірт тәрбиелеп, топтан оздырған ұстаз екендігін де атап өткенім жөн. Бүгінгі конференцияда баяндалатын мазмұнды ойлар мен мағыналы, танымдық баяндамалар Көкен атамыздың өмірі мен болмысы, қазақ өнерінің алтын қазығы болып, айтыс өнерін насихаттауға тың серпін береді деп сенемін, – дей келе конференцияға қатысқан қонақтарға алғысын жеткізіп, шара жұмысына сәттілік тіледі.
Көкен Шәкеев қырық жасқа толғанда дүниеге келген Құдайберлі Мырзабек оның ақындық ізін басып, ұстазы салып кеткен дара жолды жалғап, айтыстың көшін жалғастырып әкеткені баршаға аян. Бүгінде ол да бірталай шәкірт тәрбиелеген ұстаз.Ұстаз бен шәкірт тойларының қатар келіп, ел болып бірге тойлауы қандай жарасымды.
–Көкшені талай ақын-жыршылар жырына қосып, халқына танытып кеткені белгілі. Бүгінгі сол ұрпақ жалғастығына сәйкес, Көкшетаудың жыр мекені, сал-серілер елі екендігін дәлелдеп осы күнге жеткізген, мәңгілікке жалғастырған – ол Көкен Шәкеев болатын. Айтыстың бір кездері қайта жаңғыруына, қайта түлеуіне, қазақ салтының қайта өсіп-өркендеуіне Көкен Шәкеев бастаған азаматтар, ақын-жыршылар сахнаға шығып, қазақта айтыс деген өнердің бар екендігін көрсете білді. Бүгінгі конференция ұстаз бен шәкірт мерейінің, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың, мәңгілік сыйластықтың көрінісі, – дей келе, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы Құдайберлі Мырзабекке ұстазының еңбегі мен шығармашылығын жинақтап, оны халыққа насихат етіп жүргеніне, жалпы ұлт мәдениетіне сіңіріп жатқан еңбегіне алғысын білдірді. – Сәкен сері Жүнісов пен Көкен Шәкеевтің тіршіліктегі пайдаланған заттарын жинап, жәдігер етіп музейге жинақтап жүргенің жастарға үлгі. Ендігі ұрпақ осы аға буын өкілдерінің осындай дәстүрін үзбей, оларға деген сыйластығын, солардың жырларын, солардың әндерін жалғастыра берсін.
Айтыс өнері өткен ғасырдың 80-ші жылдары қынаптан шыққан қылыш тәрізді жарқ еткенде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Сол сәтте айтыстың тізгінін қолға алған Көкен Шәкеев, Манап Көкенов секілді халық ақындары бастаған ел ішіндегі тума таланттардың басын қосып, айтыстың салтанатты көшін болашаққа бастырған қазақ руханиятының тау тұлғаларының бірі, қазіргі айтыс ақындарының рухани ұстазы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман да конференцияда сөз сөйлеп, Көкен ақынмен кездескен кезіндегі естеліктерін айтып берді. Осы жерде айта кетсек, биыл Жүрсін Ерманның айтыс көшін бастағанына 50 жыл екен.
–Айтысты қайта жаңғыртып, телевизиялық жобаны бастаған кезімізде ескінің көзін көрген үлкен төрт бәйтерек болды. Бірі – киелі Көкшенің дүлдүлі Көкен Шәкеев ағамыз, бірі Сырдан сүлейі – Манап Көкенов ағамыз. Жиделі Байсыннан шыққан – Қалихан Алтынбаев және Арыстың арыстаны – Көкпай Омаров деген халық ақындары болды. Бұлар айтыстың көне дәстүрін білетін, оның қайта жаңғыруына елеулі үлестерін қосқан алып тұлғалар еді. Көкен ағаның айтысқа сіңірген еңбегін ауызбен айтып тауыса алмаспыз, –деп от ауызды орақ тілді ақынмен бірге өткізген қызықты сәттерін еске алып, жиналған қауымның көңілін көтеріп тастады.
Ғылыми-танымдық конференция көкше ғалымдарының қара шаңырағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ұйымдастырылғандықтан, аталмыш білім ордасының ректоры Марат Сырлыбаев та сахнаға көтеріліп, сөз сөйлеп, конференция жұмысына табыс тіледі. Көкен Шәкеевтің шәкірті һәм ізбасары Құдайберлі Мырзабекке Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығын жинақтап, ғылымға қосқан үлесіне ризашылығын білдіріп, білім ошағының атынан сый-сияпат жасады.
Сонымен бірге, конференцияда ғылыми-танымдық тұрғыдабірнеше баяндама оқылды. Атап айтқанда, жерлесіміз, журналист, ақын-жазушы Қорғанбек Аманжолов «Көкен ақынның Көкше өнеріндегі көшбасшылығы», Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов «Кеңес дәуірінде өткен ақындар айтысының қоғамдық-әлеуметтік мәні», үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов «Халық ақындары Көкен Шәкейұлы мен Манап Көкенов арасындағы шығармашылық байланыс», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек «Арқаның айтыс дәстүрі һәм арқалы ақындары» атты тақырыптарды қаузап, айтыс туралы сан қырлы мәлімет берді.
Жалпы, Көкен ақын атында Көкшетауда көше, ақындар мектебі, мұражайы бар болса, жергілікті университеттің ғалымы, профессор Гүлден Ысқақова «Көкен Шәкеевтің ақындық мұрасы» туралы кандидаттық диссертация қорғағаны да белгілі. Артында өлмес мұра қалған халық ақының конференциясынан жас ұрпақ көп нәрсені көңілге түйіп, санасына құйып, ұлт руханиятының қаншалық бай екендігіне көз жеткізді деп ойлаймыз.
Конференция соңында асылдан қалған тұяқ, Көкен Шәкеевтің ұлы Еркін Көкенұлы сөз сөйлеп, жиналған қауымға, алыс-жақыннан келген қонақтарға алғысын жеткізіп, ыстық ықыласын білдірді.
Мақаламызды:
«Көкіректен, Көке, күй ақсын,
Өлеңде өткір қияқсың,
Ақаннан қалған ақтанбоз,
Біржаннан қалған тұяқсың.
Тегеурініңе төзе алмай,
Өзіңмен сөзде сайысқан,
Әбікен ақын абдырып,
Қалихан ақын қайысқан.
Көкшеде жеке серісің,
Айтыстың ақтангерісің,
Сөзің де балуан, өзің де –
Бұл неткен ғажап келісім!» – деген ақын Қорғанбек ағамыздың сөзімен аяқтағымыз келіп отыр.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.