Жуырда «Достар» мәдениет сарайында Ақмола облыстықішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында республикалық волонтерлер форумы өткізілді.
Жиынға басқарма басшысы Алмас Алин, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров және әр өңірден келген еріктілер мен БАҚ өкілері қатысты.
– Бүгінгі үлкен кездесуде еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді, интеллектуалды, табысты, озық ойлы, білімге құмар жастарды, алға ұмтылған еріктілерді қарсы алып жатқанымызға қуаныштымыз. Халықаралық волонтерлер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Волонтерлер – волонтер болу патриотизмінің, яғни, отаншылдықтың жарқын үлгісі. Адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер – өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады, – деп айтқан болатын.
–Ақмола облысында жалпы, республикамен салыстырғанда еріктілер қозғалысы қарқынды дамуда. Қазіргі таңда біздің өңірде волонтерлік қызметте 3,6 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Облысымызда Өңірлік волонтерлерді қолдау орталығы фронт-кеңсесі 2020 жылдан бастап Ақмола облысы жастар ресурстық орталығыжанында жұмысын бастап, осы кезге дейін өз қызметін белсенді атқаруда. 2023-2024 жылдың қорытындысы бойынша 50-ден астам еріктілер «Халық алғысы» медалімен және түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталды, – дей келе, Алмас Аянұлы форумға қатысушыларды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан құттықтады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде волонтерлік жұмыс қарқынды дамып келе жатқанын айтып өтті. «Оған дәлел, Қасым-Жомарт Кемелұлының 2021 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялауы. Соның негізінде соңғы үш жылда біздегі волонтерлердің саны үш есеге, волонтерлік ұйымдардың саны бес есеге артып отыр. Қазір жалпы алғанда, Қазақстанда 240 мыңнан астам тұрақты түрде волонтерлік қызмет атқаратын азаматымыз бар. Волонтерлік қызметті ұйымдастыруда өңірлер арасында пікірлер, тәжірибе алмасу мақсатында неше түрлі шаралар өтіп отырады. Соның бірегейі ретінде бүгін Ақмола облысында республикалық волонтерлер форумы ұйымдастырылып отыр. Әлбетте форум өзінің жүрегіне жылу жинаған, елге қамқорлық жасауға дайын азаматтардың басын біріктіріп отыр. Осы форум аясында панельдік секцияларда түрлі волонтерлік бағыттардағы жаңашылдықтар, жаңа жобалар талқыланатын болады. Елімізде волонтерлік 8 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Сол сегіз бағытта форум аясында қамтылды. Бүгін республиканың оншақты аймағынан 100-ден астам волонтер Көкшетау қаласына жиналды. Сондықтанда форумның қорытындысы бойынша жинақталған ұсыныс-пікірлер болашақта осы волонтерлік бағытты дамытуға өз септігін тигізеді деп есептеймін, – деді ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңында білдірген ұсынысына сәйкес, БҰҰ 2026 жылды «Волонтерлік бастамаларды дамыту жылы» деп жариялаған. Сол себепті, волонтерлік бағытта 2026 жылға дейінгі Жол картасы әзірленіп, жаңа жобаларды жүзеге асыру керек. Осы айтулы жылдың бастамашысы ретінде Қазақстан волонтерлік бағыттың көшбасшы жобаларын әзірлеуі қажет. Осы форумның маңызы, мәні сонда жатыр.
Сонымен бірге, өз сөзінен кейін Елдар Қайсарұлы волонтерлік салаға белсенді араласқаны үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынанбірқатар ақмолалық еріктілерді Алғыс хаттармен марапаттады. Ал, өз кезегінде Ақмола облысыжастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков:
–Бүгін Көкшетау қаласында республикалық волонтерлер форумы өтуде. Келген әріптестеріміз, қазіргі уақытта волонтерлік бағыттар қалай дамуда, жыл сайынғы жоспар қалай жүзеге асырылуда деген мәселелерді айтатын болады. Одан кейін бізде бес бағыт бойынша кездесулер өтеді. Және де республикалық, өңірлік спикерлер өз жобаларын айтады, – дейді.
– Бүгінде өңірде 89 волонтерлік ұйым белсенді жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік тапсырыс аясында Ақмола облысының волонтер қозғалысын дамыту бойынша жобалар қарастырылған. 2023 жылы қаржыландыру көлемі 3,5 миллион теңгені құраған болса, биыл аталған жобаның қаржысы 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл жобаның басты мақсаты волонтерлік қызметті дамытуға қатысатын волонтерлердің, мемлекеттік органдардың әлеуетін, волонтерлік қызметтің рөлін арттыру, қолдау және жастарды волонтерлік қызметке тарту болып табылады. Осы жоба барысында байқау өткізіліп, бес бағыт бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға өз жобаларын жүзеге асыру үшін 500 мың теңгеден бөлінген болатын, – деп өңірлік волонтерлерді қолдау орталығы фронд-кеңсесінің басшысы Дидар Қамзин да Ақмола облысындағы волонтерлік саланың жұмыстарын айтып өтті.
– «Оpen-air» жобасы бойынша республика волонтерлерінің басын қосып отырған форумға келіп отырмыз. Осы форум аясында біз де өз тәжірибемізді бөлісуге тырысатын боламыз. Оның ішінде «Оффлайн дэй» деген жобамыз бар. Оны біз өзіміз ойлап тапқанбыз. Оның бағыты – Қарағанды облысының барлық волонтерлерін осы іске оқыту. Оқыту барысында бірінші міндет – балалар таңертеңнен кешке дейін смартфонсыз болады. Арнайы спикерлерді шақыру арқылы сабақ өткізіледі. Және де осы тәжірибені басқа да өңірлерге бөлісеміз деген ниет бар, – деп атап өтті форумға қатысушы, Қарағанды облысы «Фронт-офис» волонтерлерінің жетекшісі Ардана Мырзанова. Осы сияқты, Астана қаласымен өзге өңірлерден келген спикерлер сахнада өз жобаларын ұсынып, саланың даму процесіне үлес қосқылары келетіндерін көрсетті.
Айта кетейік, форум қорытындысы бойынша Білім, Қамқор, Таза әлем, Саулық, Үміт тәрізді бес бағыттағы волонтерлік жобалардың тұсауы кесіліп, оның таныстырушыларына ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар тапсырылды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.