Сәкен Сейфуллин – қарға тамырлы қазақ жұртына ортақ заңғар тұлға. Таланты мен тағдырын, бойындағы бар қадір-қасиетін ұлтына арнаған қайраткер.Басы бұғауға, жаны қамауға, малы талауға түскен аяулы халқының еркіндігі, егемендігі үшін тер төккен күрескер.Өзінің ұлттық атауынан, тілінен айрылуға айналған жұртына «Қазақ» деген атауды қайтарып, «Кеңсе тілі қазақша болмай, ісіміз оңбайды» деген ұлттық ұранды ту етіп, кеңестік жүйенің құрсауындағы отандастарын білімге жетелеген Алаштың ардақтысы.
Ұлысын ұмытпай, ұлықтай білген ұрпағы бүгінде Сәкеннің есімін алтын әріппен жазып, өмір жолын, еңбектерін қайыра зерттеуде. Сәкентану ғылымын қалыптастыруда. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде Көкшетау қаласында өткен мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған конференцияны айта аламыз.Алқалы жиынды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев модераторлық етсе, Сәкентану ғылымында сүбелі еңбек етіп жүрген ғалым, профессор, оқытушы ұстаздар қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Конференцияның алғы сөзін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова алып, өңір басшысы Марат Ахметжановтың атынан қатысушыларды құттықтады.
–Ұлтының болашағы үшін ерен еңбек еткен Сәкен Сейфуллин кеңестік жүйенің құрбаны болды. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметінде қырғыз аталып кеткен қазақ халқына «қазақ» деген атауды қайтарып берген, ұлттық мәдениетті жаңғырту жолында ерінбей еңбек еткен ұлт жанашыры. Өмірде тағдыры трагедияға ұшырағанымен, халқының махаббатына бөленіп, артында қалған мұралары кеңінен насихатталуда. Ақмола облысы бойынша қалалар мен елді мекендердің 74 көшесіне, 3 мектепке және бір ауылдық округке Сәкен Сейфуллиннің есімі берілген. Бойында бар өнерді тоғыстырған Сәкеннің өмірі бүгінге үлгі.Оның сұлу болмысындай асқақта нәзік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала береді, – деді құттықтау сөзінде Алтынай Байқадамқызы.
Иә, Сәкен десе, көз алдыңа еңсесі тік, жүзі нұрлы, көзі отты, майда үнді, әуезді әнді, нәзік жырлы сұлу мүсін елестейді. Өзінің жырға қосқан кербез Көкшесіндей көркі Сәкен сері, Сәкен сұңқар атантқан жоқ па?
– Сәкен, жиырмасыншы ғасырда Үкімет басына келген бірінші қазақ еді.Оған дейін Үкіметімізді басқарғандардың арасында еврей, армян, украин, орыс,тіпті, якутта болды.Сол кезде Сәкен 28 жаста ғана.Өзі Үкіметтің басшысы бола тұрып, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы да болды. Барлық мәселелерді газет арқылы халыққа жеткізді. Міне, газеттің орны қашанда бөлек. Оны Сәкен жақсы түсінген.Және де өзі ақын, жазушы, композитор, қайраткерлігі бар сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған. Біз бүгін соны халыққа, жас ұрпаққа жеткізу үшін конференция өткізіп жатырмыз. Мұнда Сәкентанушылар отыр. Қазіргі заманына сай Сәкенді іздеушілердің, оқитындардың саны көбейіп жатыр, – деді өз сөзінде жиынның қадірлі қонағы, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов.Сондай-ақ, алғашқы болып баяндама жасаған «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Диқан Қамзабекұлы қилы кезеңдегі Сәкеннің атқарған қызметтерін тілге тиек етті.
1920 жылы Азамат соғысы бітті.Халықтың біразы қырылды. Одан екі жыл үлкен аштық жалғасты. Бұл қазақ елге, әдебиетіне тап келген ең үлкен трагедиялы жылдар. 1930 жылдардағы аштық көп қаламға ілікпеді. Себебі, оны жазатын адамдардың көбі түрмеде отырды, қуғында жүрді. Осы оқиғалардың бәрі де Сәкеннің көз алдынан өтті. Сәкен қиналды, халқыма қалай қол ұшын берем деген оймен жүрді. Сәкен Сейфуллиннің Қазақ үкіметінің басшылығына келуі аса күрделі кезеңде болды. Бір жағынан енді аяқталған Азамат соғысы, екінші халыққа келген жаппай аштық, басқада қиындықтар. Біздің түсінігімізде Сәкен Үкімет басшысы ретінде Алаш зиялыларының арманын, қиындықта тұрған Алаш автономиясының тағдырын, алған тәжірибесін алға жылжытты деп есептейміз. Ол кезде Ақмола губерниясының орталығы Омбы қаласы. Біздегі саяси дүниелердің, оқиғалардың бәрі Омбыда жүріп жатты. Сәкеннің Омбыдағы жұмысы «Бірлік» ұйымында мүше болудан басталды. Ол Қазақстандағы ең алғашқы жастар ұйымы болып саналады. «Бірлік» ұйымы 1917 жылға дейін жұмыс істеп, «Балапан» атты журналыда шықты. Ал, «Балапан» журналы не айтты? Қазіргі жаңа әдебиетті, драматургияны қалыптастыру, әдебиет пен мәдениет арқылы халықтың, жастардың деңгейін көтеруді көздеді. Осы үрдіспен 1917 жылы Қазақстанда 21 жастар ұйымы құрылған екен. Бұл кезде Ақмола уезіне оралған Сәкен Целиноградта «Жас қазақ» ұйымын құрып, «Тіршілік» газетін шығарады. Сол газеттің міне, тарихы бір ғасырдан асқан «Арқа ажары» болып жалғасуы рухани ғұмырдың үзілмеуінің көрінісі.
Әрі қарай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті әдебиеттанушы Серік Негимов кейіпкеріміздің бойындағы жазушылық, ұлтжандылық қасиетін назарға алып, алдыңғы пікірлерді «Сәкен Сейфуллин ұлы даланың қасиеттерін, көріністерін, суреттерін, далалық тағылымдарын болмысына сіңірген дарабоз. Сәкеннің тарихи қызметі де, әдеби-ғылыми шығармашылығы да тоқсан тарау. Оның поэзиядағы ұлы табыстары да, көркемдік нақыштары да, бейнелеу, суреттеулері де ерекше. Бүкіл шығармашылығын қарасақ, шеберлік, ұлылық, керемет рухани қабілеттілік байқалады. Сол кездің өзінде-ақ Сәкен Сейфуллин үлкен көрегенділікпен қазақ тілінің кеңсе тілі болуы үшін күресті. Себебі, академик жазушы Ғ.Мүсіреповт3ң айтуынша да «ел Конституциясының 1-пунктінде «мемлекеттік тіліміз қазақ тілі. Тіл дегеніміз сан тармақты, әдебиет тілі, заң тілі, өндіріс тілі, мемлекеттік яки кеңселік тіл» деп жазылуы керек. Сәкен де осы көзқарасты ұстанды» деп толықтырды. Осы ойдың ізін суытпай, Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Марат Әбсеметов ұлы тұлғаның Алаш зиялыларымен сыйластығын былай жеткізді.
– Сәкен Сейфуллин сын сағатта ел болашағын ойлайтын азаматтарды жұмылдыра білген. Сәкеннің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы«Аққа да, қызылға да ортақ, байға да, кедейге де бөлінбейтін қазақтың Ахаңы» деген сөзі басты қағидасы болса керек. Осы бір көрнекті тұлғаның Сәкеннің дүние-танымында үлкен әсері болғаны сөзсіз. Өзі де Сәкенді «Сұңқарым» деп атайтын еді. Кейін Сәкеннің сұңқар аталуының сыры да осында жатыр. Ахаңның 50 жылдық мерейтойын өткізуге арнайы қаулы шығартып, жауапты тұлға өзі болғанын растайтын құжат бар. Одан басқа Ахаңның алғашқы мерейтойына байланысты «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» деген тақырыппен «Еңбекші қазақ» газетінде Сәкен Сейфуллиннің мақаласы жарық көреді. Сәкен басшылық еткен екі жылда нағыз қазақ мемлекеттілігінің қазығын нықтап, қазақияның ұлы көшін жолға салып бергендей болды. Ол халық шаруашылығын ұйымдастыруда, ағарту саласындағы бастамаларды іске асыруда, мәдениет пен баспа ісін дамытуда, қорғаныс, сот жүйесі, кедендік қызметтің жүзеге асырылуында үлкен еңбек етті. Үкіметті басқарудың басты бағдары ретінде алдымен қаржылық жүйені қолға алды. Бұрын болған қолайсыз салық түрлерін жойды. Қазыналық және жинақтау ісіне өзгерістер енгізіп, қазіргі қолданылып келе жатқан республикалық, жергілікті бюджетті бөліп, оның жолдарын айқындайды. Ауыл шаруашылығын дамытуда алғашқы Жер кодексін қабылдады. Жайылым, егістік алқабын көбейтіп, алғашқы рет шаруаларға пайызсыз несие берді, – деген Марат Оралбайұлының айтуынша, Қазақстанның әуе қозғалысының желісін, инфрақұрылымын орнатқан қазақ Сәкен Сейфуллин.
Сонымен бірге, конференцияның соңғы баяндамасын жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит ЖәмбекСәкен шығармашылығының әдебиетке әкелген жаңалықтары туралы айтып өтті. Баяндамасының:
–Сәкен ағамыздың ақындық болмысына келетін болсақ, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев екеуі Омбыда мұғалімдер семинариясында бірге оқыған. Мағжан 1912 жылы «Шолпан» жинағын шығарса, Сәкен 1914 жылы «Өткен күндер» жинағын бастырады. Міне, бұлар сол кездегі Омбыдағы «Бірлік» ұйымында әдеби-мәдени, эстетикалық, саяси үдерістерге араласады. Жазба поэзияда дәл Абайдікіндей реформалар жасалмағанымен, сол кезде Сәкеннің шығармашылығы үлкен жаңалық болып қосылды. Ақын өлеңдеріндегі ұйқаста болатын ырғақты, интонациялық екпіндету қазақ поэзиясына сол тұста сіңе бастауы жаңалықтың нышаны. Және де поэзияға әкелген еспе қайталау түрін айтпай кету мүмкін емес. Мысалы, «Сарыарқаның бір тауы бар, бір тауы бар сымбатты, Сол таудан сен сыр тауып, сыр тауып ал қымбаттым», – дейді.
Бұл табиғаттың көркем болмысын еспе қайталау арқылы көрсетіп тұр. Алғашында партияны, тапты жырлаған Сәкен, кейін осындай сырлы туындыларды өмірге әкелді. Кейінгі жазған «Аққудың айырылуы» шығармасыда саяси астарға толы болды, – деген сөздері Сәкеннің ақындық шоқтығын көтере түсті.
Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, тар жол тайғақ кешіп, басына қара аспан төнседе өзінің ұлттық болмысын жоғалтпай, ұлы мақсатынан бастартпаған Сәкеннің ұлтын сүйер ұлылығы қазаққа ғана емес, адамзат баласына үлгі болар құбылыс. Ал, бүгінгі Алаш баласының мойнында осы ұлылықты бойына сіңіріп, ата-баба аманатын орындап, қазақтың жерін, тілін, ділін қорғау борышы тұр. «Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы» деп заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқанындай, Сәкеннің есімімен әр қазақтың баласы жете таныс болуға міндетті.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.