Мемлекеттік қолдау есесінен өсім бар

Облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі өңделген өнімдердің үлесі 77,5 пайыз. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингте Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 1,4 триллион теңгені құрап, өткен жылдан сәл өскенін атап өтті.

– Өңдеу өнеркәсібін құрайтын негізгі салалар – металлургия, машина жасау және тамақ өндірісі. Азық-түлік өндірісінде өсімдік майы 21,8, өңделген сүт 21,9, ұн 18,5 пайызға өсті. Металлургия өнеркәсібінде шикі алтын мен күміс өндіру көлемінің аздап төмендеуі байқалады. Ел Президенті өз Жолдауында инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу жағдайын жақсартуда тұрақты жұмыс орындарының тың маңыздылығын атап өтті. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс экономикасына барлық көздерден 349,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы, барлық салаларда жеке инвестициялар арқылы 1,7 мыңнан астам жұмыс орнын құру, сөйтіп, 190 миллиард теңгенің 198 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда, – деді өз сөзінде Ербол Оспанов. Бүгінгі таңда 46,6 миллиард теңгеге 64 жоба іске асырылған. Оның ішінде ең ірілері Көкшетау қаласындағы қуаты жылына 48 мың тоннаға дейін баратын дәнді дақылдар мен бұршақ дақылын өңдеу кешенінің құрылысы. Оны «Гаранти Экспорт» ЖШС іске асырады. Целиноград ауданында 1,5 мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасы салынған. Жаңғыртылатын энергия көздері саласында да ірі жобалар бар. Мысалы, Аршалы ауданында жалпы сомасы 25,3 миллиард теңгеге жел электр станциялары іске қосылған.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнесті дамытудың барлық негізгі көрсеткіштерінің жақсаруы байқалуда. Бүгінде жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,7 пайызға өсіп, 59,1 мыңды құраған.

–Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында шағын және орта бизнес секторындағы өндіріс көлемі 804,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өсті. Мәселен, шағын және орта бизнестің облыстың жалпы өніміне қосатын үлесі жыл басынан бері 26,8 пайыздан 30,8 пайызға артты. Бүгінде облыста 50 кәсіпкер Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген. Кәсіпкерлердің осы санаты үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, гранттық қаржыландыру, субсидияланатын несие мөлшерлемелері, мүліктік қолдау, салықтық жеңілдіктер, оқыту, ақпараттық қолдау, іскер серіктестер табуға көмектесу, жеделдету бағдарламаларын ұсыну сияқты қолдау шаралары қарастырылған, – деп басқарма басшысы шағын және орта кәсіпкерлік туралы айтып өтті.

Ақмола облысында 28 шағын және орта бизнес субъектісі су тасқынынан зардап шеккен. Жағдайды реттеу жөніндегі өңірлік комиссия олардан түскен өтінішті қарап, 26 кәсіпкерге 127,5 миллион теңге көлемінде өтемақы төленген. Алайда, өңірлік комиссия мүшелері ереже талаптарын сақтамағандықтан, 2 кәсіпкерлік субъектісінен бас тарту туралы шешім қабылдаған. Айта кетейік, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі жыл басынан бері 0,5 пайызға төмендеген. Бағаны тұрақтандыру мақсатында тауар өндірушілермен және сауда орындарымен 1223 келісім-шарт жасалып, 323 жәрмеңке өткізіліп, 1,3 миллион теңгенің тауары сатылған. Бірақ, базар аралаған тұрғындардың бағаға деген көңілі толымсыз. Ай сайын қымбаттамаса, арзандаған азық-түлік бағасы байқалмауда.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар