Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен студенттер мен жұмысшы жастар арасында жайдарман ойынынан «Жастар кубогы-2024» сарапқа салынды.
Бүгінде жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және қолдау, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі танытуына мүмкіндік беру үшін көптеген іс-шаралар атқарылуда. Жайдарман ойыны да осындай командалық сайыс болып табылады. Осы жолы ұйымдастыру комитеті мен редакциясы әр ойынға арналған конкурстық тапсырмалардың санын, олардың тақырыбын, қазылар алқасының құрамын, ойынға қатысу тәртібінөздері бекітті. Ойынға тек Ақмола облысының командалары ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды қаларынан келген үздік командалар қатысты. Аталмыш ойында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын немесе қоғамдық мораль мен адамгершілік тұрғысынан жат әзілдерге, басқа командаға тиесілі, баспа немесе электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әзіл-қалжыңдарға жол берілмейтіні жөнінде қатысушыларға ескертілген болатын.
– Республика тарапынан, дарынды жастарды қолдау мақсатында ауқымды шаралар мен байқаулар өткізілуде. Соның бірі – Жайдарман. Қазіргі таңда аталмыш ойынға жүлдеге ақшалай сертификаттар табысталуда. Мысалға, бүгінгі шараға 700 мың теңге жүлде қоры бөлінген болатын. Атап айтсақ, жүлделі бірінші орынға 300 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге және үшінші орынға 100 мың теңге. Сонымен қатар, екі аталым бойынша да елу мың теңгеден жүлде қарастырылған. Және де ойынға әкім кубогының жүлде қорына 2,2 миллион теңге қаражат бөлінді. Өнерлі, талантты әрі тапқыр жастарымыздың арасында өткізіліп келе жатқан жайдарман ойынын Көкшетау қалалық және Зеренді аудандық лигалары арқылы даөткізу көзделуде. Ол жерде жүлде қорына бағалы сыйлықтар табысталмақ. Ал, Степногорск қаласында аталған ойынның жүлде қорына 350 мың теңге қаражат бөлінген, – деді жиынның алғысөзін алған Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин.
Сонымен бірге, ойынға облысымыздың жастар ісінде қолдау көрсетіп, белсенділік танытып жүретін кәсіпорын-ұйым, мекеме басшылары қатысты.
–Тұтастай алғанда, ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Әр команданың белсенді жанкүйерлері шын жүректерімен өздерінің сүйікті командаларына жанашыр болып, қолдау көрсеткені бірден байқалды. Жалпы шараға 8 команда қатысты. Өнерлі, талантты және белсенді жас ұрпақтың жастар саясатының дамып, ілгері басуына түрткі болатыны сөзсіз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Асия Закенай.
Сонымен, ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды Астана қаласынан келген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тұмар» құрамасы, екінші орынды елордалық «Сейфуллин» командасы иеленсе, үшінші орын «Алматы» командасына бұйырды. Ал, «Үздік ойыншы» аталымынАстрахан ауданынан «Каис» құрамасының ойыншысы Жасұлан Ордабаев жеңіпалса, «Ең үздік әзіл» аталымынаҚарағанды қаласы атынан қатысқан «Орталық» командасы лайық деп танылды. Ойын соңында барлық командаларға шараға қатысқаны үшін сертификаттар табысталды, ал, жүлделі орындарға ие болған командалар мен түрлі аталымдардың жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.