Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мен деп ойла!..» - АРҚА АЖАРЫ

«Мен деп ойла!..»

Жуырда театр және кино актеры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ-музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі, бүгінде осыөнер ордасына басшылық жасап келе жатқан Жарас Қалдаровтың 50 жылдық мерейтойына орай, «Мен деп ойла!..» атты шығармашылық кеші өтті.

– Жарас Көкшетауда ең алғаш театр ашылғаннан бері келе жатқан менің әріптесім. Бәріміз бірге 1995 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын, яғни, сол кездегі театр және кино институтын Рахилиям Машурова апайымыздың курсынан бітіріп келіп, қазақ театрының ашылуына өз үлесімізді қосқамыз. Содан бері де бақандай 30 жылға таяп қалыпты. Осы отыз жылдың ішінде қаншама шығармашылық жұмыс жасалды. 1996 жылы 6 наурызда жаңа театр шымылдығы режиссер Жақып Омаров пен Мұратбек Оспанов екеуі қойған Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліменашылды. Сол кезде Жарас Ақан серіні ойнады.Көкшенің Ақаны болып танылды.Қазіргі уақытқа дейін 100-ге тарта рөлді сомдады. Ішінде комедия, драма, трагедия, концерттік бағдарламада бар. Бүгін міне, құрдасым 50 жасқа келіп қалыпты. Қазір өздеріңізде тамашалайсыздар. Сахнада Мұқағали болып сөйлейді, – деді театр актері Төлеубек Көңбайұлы кеш жайында сұрағанымызда.

Осығанкеш соңына дейін біздіңде көзіміз жетті. Қойылымға танымал режиссер Қуандық Қасымов ақиық ақын Мұқағали Мақатевтың шығармашылығын арқау еткен. Мәтінде ақынның ертелі-кеш жазған отты жырлары, ой-толғанысты естеліктері, қуанған, жұбанған, сүйінген, күйінген, қамыққан, өкінген һәм жалыққан шақтағы көңіл-күй лебіздері қамтылған.

Сахнада актер Жарас Қалдаров Мұқағалидың рөлін сомдауда. Үстінде көне тоз, жеңсіз қоңыр шапан, ескі үлгідегі классикалық ақ жейде, қара шалбар. Ақынның қарапайым қалпын танытып тұр. Қойылымның соңына дейін көбіне майда үнді, жұмсақ мелодиялық музыкалар ойналады. Олда мұң жамылып өткен ақынның сезімдерін, өлеңдерін аңғартатындай. Шымылдық ашылысымен ақ-қара түсті арқанмен тартылған тар шеңбердің ішінде, жабырқаулы көңіл-күймен: «Бәрі маған жат. Жексұрын. Жиіркенішті. Мен, кімнің дос, кімнің қас екенін айырудан баяғыда-ақ қалғанмын. Жоқ, менің достарым жоқ. мен айналамнан өзіме қарай жылжып келе жатқан сегіз аяқты сұмдықтарды ғана көремін. Қорғана аламын ба, білмеймін?» – депназаланады. Иә, бұл ақынның ақ жүрек, адал ниетімен нәзік жырларын арқалап келгенде кірпідей жиырылып қарсы алған айналасындағыларға деген алғашқы сөзі десек қателеспеспіз. Енді бірде:

Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,
Жақыныңның жат боларын кім білген?!
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен…, – дейді.

Спектакль соңына дейін осындай мәтіндер және сол жағдайға байланысты жазылған ақынның өлеңі айтылып отырады. Әрине, жай айтылмайды. Ерекшелік ақынның эмоциясын жеткізуде жатыр. Қуаныштан гөрі кею, жабырқау, өкіну, аласұру, екпіндеу, арындау, мұңаю күйлері басымырақ байқалады. Ал, оның осы эмоциямен сүюі, күюі, жақсы көруі, жек көруі, сенуі, үміттенуі, арқалануы, азаптануы сияқты ішкі жан дүниесінің тебіреністері өлең мен мәтін арқылы жеткізіліп тұр. Ақынның өлеңінен ажырамайтын құдіреті осы шығар. Мына бір жалынды сөздерісананы серпілткендей: «Ешкімге бас имейтін, кез-келген жауыздық пен зорлыққа қарсы тұруға тырысатын, жауыздықтың қорланған құлы болғанша, қопарылып қалғанды артық санайтын, қарт еменше қара дауылға қасқайып қарсы тұратындар неге бақытты деп есептелінбейді?» – деп аһ ұрады. Осылайша, ақынның өмірі, өнері, ғұмыры, шығармашылығы суреттеліп жатады. Кейіпкердің сан қырлы образын, құбылмалы көңіл-күйін сахналау актер үшін ауыр жүк. Асқан шеберлік пен тәжірибені талап етеді. Сомдау барысында актер осы бір талаптарды ескеріп, образды барынша ашты деуге болады. Қойылым соңы:

Туған халқым!

Қатемді кешіре гөр, кешіре гөр!

Кеш қылмай несібе бер.

Ақынды ая! Өмірге ақын бергін!

Көрікті болсын десең көшің  егер.

Ал мені… Кешіре гөр, кешіре гөр!.., – деп аяқталады.

Қойылым соңында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова кеш иесіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның және Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтыңқұттықтау хаттарын оқып, табыс етті. Құттықтау хаттарда Жарас Шотбекұлының мәдениет саласына, театр өнеріне сіңірген еңбектері аталып өткен. Кеште құттықтау сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев шығармашылық кештің өту барысына тоқталып, «Мұқағалидың мұңымен, қайғы-қасіретімен, алып жүрегімен мына қоғамға сыймай кеткен өмірін, жанын, ойын, сезімін Жарас бауырым, керемет әсерлі етіпшығардың. Алайда, өзінің айтқанындай, «Мен жиырма бірінші ғасырдың, одан кейінгі ғасырдың ұрпағының ақынымын. Мені солар түсінеді, бағалайды,ақтайды,  мақтайды, жақтайды, поэзиямды пір тұтады, жырымды жатқа айтады» деп өзі сеніп кеткен ұрпақтарының алғашқы легі пайда болып жатқаны ақынның, шығармашылықтың, поэзияның бақыты», – деген лебізін білдірді.

Сонымен бірге, театр басшысының шығармашылық кешіне әр өңірдегі театрлардың басшылары, кеш иесінің әріптестері, өнер қайраткерлері көптеп қатысып, тілектерін арнап жатты. Олардың ішінде, Жарас Қалдаровтың Өнер академиясында кураторы болған ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Рахилям Машурова мен аталмыш театрдың анасы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова сахна төрінде сөз сөйлеп, Жарас Шотбекұлының шығармашылығына арналған альбомының тұсауын кесіп, өнер сүйер қауымға кештің шашуын шашты. Бұл ретте, Рахилям Әбдірахманқызы шәкіртінің студент кезіндегі бейне таспасын, академия қабырғасындағы жылы естеліктерден құралған портреттерін табыс етіп, көпшілікті сүйсіндірді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар