Көкшетауда көңілге бір жылылық ұялатқан және де әлдебір қимастық сезімге толы әсерлі шара өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ыстық ықыласпен Атбасар ауданының әкімі Аманбек Әмірхамзаұлы Қалжановтың омырауына «І дәрежелі Еңбек Озаты» төсбелгісін қадап, иығына шапан жауып, зейнеткерлікке құрметтеп шығарып салды.
–Мен Аманбек Әмірхамзаұлымен аз уақыт қана таныс-біліс болсам да, азаматтық қасиетін, іскерлігін таныдым. Әсіресе, Атбасар ауданындағы көктемгі су тасқыны кезіндегі қарбалас шақта Әбекең күні-түні бір тынбай, өзінің елге, халыққа шынайы жанашыр екендігін танытты. Еліміздің, соның ішінде біздің Ақмола облысының өркендеуіне қосқан үлесі зор, – деп Марат Ахметжанов алаштың азаматының мерейін өсірді.
* * *
Жас атаулысы жер ортасынан ауған бүгінгі ұрпақтың тағдыр-талайының оңай болмағаны бар. Қоғамның және мемлекеттік құрылымның сан өзгерістерге ұшыраған, былайша айтқанда қалыптасқан жүйенің ауыспалы кезеңдеріне тап келген уақытта жұмыс істеу, оның ішінде елдің алдында, желдің өтінде жүрудің тауқыметі аз болмағаны да анық!
Өтпелі кезең… Кеңес Одағының ыдырауы… одан кейінгі ел тәуелсіздігін орнықтыру, нарықтық экономикаға көшу сияқты тағдыршешті оқиғаларды бір басынан өткізген жан баласы ғана елге адал қызмет етудің қадірі мен қасиетін терең сезіне алары бар.
Осы бір күрделі кезеңде бұрынғы Торғай, Көкшетау облыстары аумақтық өзгерістерге ұшырап және де Алматыдағы астана Ақмола қаласына, Ақмола облысының орталығы Көкшетауға қоныстандырылып жатты. Бұрынғы Торғайдың біраз елді мекендері Ақмола облысына да қарап қалды. Былайша айтқанда алас-күлес, ауыс-түйіс заман еді ол кез!..
Сол ауыс – түйіс заманалар кезінде Жарқайың ауданының әкімі болған Аманбек Әмірхамзаұлы Қалжановпен біліс бола бастадық. Аманбек мырзаның туған жері – Торғай. Қайыңды ауылы. Еңбек жолы да 1989 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейінсол Торғай өңірінде басталды. Әрине, бірден әкім болған жоқ. Әуелде Арқалық қалалық коммуналдық шаруашылықтың бір саласында бухгалтер болды да, содан соң лауазымдық жолмен өсе берді, өсе берді.
Ол өскенде тек қызмет жағынан емес, өзінің кісілігі мен азаматтығы жағынан да кемелдене түсті. Әуелгі табиғатында бар және де туа бітті кісілік пен азаматтық қасиеттері бар Аманбек Әмірхамзаұлы елді де, ерді де жатырқамай қай елде еңбек етсе, сол елдің өз баласындай болып кететін тамаша бір сүйкімді мінезімен өз ортасының абыройлы да құрметті азаматы бола білді.
Адам баласының жан дүниесі оның жүзінен, қос жанарынан, тіпті күлкісінен-ақ танылып тұратыны бар. Осы бір азаматтың жымиып, бір күлгені-ақ оның жаны мен арының таза екендігін, жаратылысының бөлек екендігін аңдатар еді. Аманбек сол ақ адал жанымен айналасын дажадыратып, айналасын да нұрландырып жіберетін қасиетке ие екендігін тану да қиын емес.
Бар саналы ғұмырында елмен, халықпен қоян-қолтық араласып қызмет жасап келе жатқан Аманбек Әмірхамзаұлының соңынан бір бөтен сөз еріп көрмепті. Мынаны қараңыз, Аманбек Қалжановтың Жарқайың ауданы әкімі болып басталған лауазымды жолы одан кейін Ерейментау ауданының әкімі, Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, одан соң Есіл ауданында әкім болып жалғасқан жол, қазіргі уақытта Атбасар ауданының әкімі лауазымымен біте қайнасып жатыр.
Әрбірден соң Жарқайың, Ерейментау, Есіл, одан кейін Атбасар сияқты ірі де іргелі аудандарға басшы болу үшін де ірілік керек. Тарихтары да, атақ-даңқтары да шартарапқа әйгілі бұл елдердің халқы осы бір азаматты, яғни, Аманбек Қалжановты сыртқа теппек түгілі, оны өздерінің төрлеріне шығарып құрметтей білді. Осы арада Аманбек елге несімен жағымды, несімен сіңімдіболды деген сауал туары да анық. Өйткені, Аманбекте босқа керер көкірек жоқ, сол көкірегінде жалғандық жоқ. Бойына біткен адами қасиетімен және де іскерлігімен ол ел мүддесін қара нардай арқалап, өзіне жүктелген міндетті және халықтың сенімін адал атқаруға бойындағы бар қасиетін жұмсай біледі.
Әкімдік қызметінің ең бір жемісті де, ең бір күрделі де және ең бір абыройлы кезеңі де бүгінгі Атбасар еліндегі жылдар Аманбек Әмірхамзаұлы Қалжановтың ғұмырнамасында алтын әріптермен жазылары анық.
Атбасар — тарихқа бай, Атбасар ырысты да берекелі ел! Соңғы жылдары көктем сайын жыландай ирелеңдеп баяу ағып жататын Жабай өзені өз арнасынан жаңылып, елдің берекесін алып, таситынды шығарды. Тасыған сайын жолындағының барлығын шайып, алдындағы бөгеттерді бұзып-жарып кетіп те жүр.
Жабайдың сол асау мінезі биылғы көктемде де қайталанды. Бұрнағы жылдары суға кетіп, зардап шеккендердің жағдайларын енді жолға қоя бастаған шақта, Жабай өзені тағы да жолындағының барлығын ағызып ала жөнелді.
Ел басына ауыр күн туған осы бір сын сағатта Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов күні-түні ат үстінен түспеді. Суға кетіп жатқан мал мен жанды құтқарудың ортасында жүрді. Осы бір сын сағатта Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атбасарлықтардың жанынан табылып, судан құтқару жұмыстарын өзі басқарып және де табиғи апаттың зардабын жоюға зор көмек көрсетті. Атбасарда қысқа мерзімде жаңа тұрғын үйлер салынды.
Жабайды жыл сайын тасыта бермес үшін өңір басшысы Марат Ахметжанов қисынын тауып «земснаряд» сатып алғызып, ұзақ жылдар… тіпті де ұзақ жылдар бойы тазартылмаған өзеннің арнасына күрек салды. Қазіргі уақытта Жабайдың арнасы кеңейтіліп, тереңдетіліп бұрын-соңды атқарылмаған шаруа тындырылды. Ел енді осы істің игілігін тілеп отыр.
Әрине, еткен еңбегіңнің жанғанын көру де ғанибет. Бұл орайда Аманбек Қалжановтың еңбегі жанды деуге әбден болады. Ең бастысы елге сыйлы, елге абыройлы. Мемлекеттің «Парасат» және «Құрмет» ордендерiмен марапатталды.
Ел азаматы Аманбек Қалжановтың жақсы есімі мен ісі ел есінде қалары анық. Азаматтың сыйлы болмағы кісілігінен. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жүріп тәуелсіз еліміздің дамуына, өсіп, өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтың өз биігіндегі одан арғы ғұмыры жалғасты болсын!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.