Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Болашақ сарайында» Ақмола облыстық прокуратурасының бастамасымен облыстық білім басқармасы бірлесіп, «Жас Ұрпақ» балалар бірлестігіне көшбасшыларды қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Іс-шара барысында 40 ақмолалық оқушы республикадағы алғашқы «Жас ұрпақ» балалар бірлестігінің қатарына қабылданды. Жиынға қатысқандардың қатарында облыстық ведомстволардың өкілдері, нақтырақ айтсақ, әкімшілік, прокуратура, полиция, әділет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері бар.
«Бірлестікке» Көкшетау қаласы бойынша пилоттық мектептерден, №11, №17 мектеп-гимназиясының, №14 жалпы орта білім беретін мектеп пен №21 мектеп-лицейлерінің 6-10 сынып оқушылары қатысады.
Қазіргі таңда облыс мектептерінде бірнеше балалар ұйымдары жұмыс істейді. Олар, «Жас қыран», «Жас ұлан», «Жас сарбаз», «Жас сақшы», «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ». Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, әскери-патриоттық, азаматтық-әлеуметтік бағыттары бойынша әр бірінің өз міндеті бар.
– «Жас ұрпақ» – балаларды әлеуметтік бастамаларға біріктіретін қозғалыс, оның мақсаты – құқық бұзушылықтарды, мектептерде буллингті азайту және балаларды қосымша сабақтарға белсенді қатыстыру, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Бірлестік оқушылардың азаматтығын, патриотизмін дамытуға, кәсіби маңызды қасиеттерді, жоғары жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту, мектеп ортасында қорқыту мақсатында балаларды білім беру, шығармашылық, спорттық және әлеуметтік бастамаларға тартуға бағытталған. Сондай-ақ, өмір қауіпсіздігі негіздерін үйрету, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша әдебиеттерді және басқа да ғылыми тәсілдерді зерделеу, өз дәстүрлерін және басқа халықтарды құрметтеу, аға буынға деген көзқарас, киберкеңістікте оқыту және бейіндеу, қаржылық сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздікті қамтиды.
Балалар қозғалысының мүшелері конкурстар, жобалар, түрлі деңгейдегі жарыстарға, азаматтық-патриоттық, көркемдік-эстетикалық бағыттағы және басқа да көптеген іс-шараларға қатысатын болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.