Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде жас пікір-сайысшыларға арналған облыстық «Үш би» атты пікір-сайыс турнирі болып өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – өңір жастарының әлеуметтік-шығармашылық белсенділігін арттыру, қоғамда орын алып жатқан өзекті проблемалық жағдаяттарды талдау және талқылау, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін қалыптастыру болып табылады.
Турнирді ұйымдастыру өзін мықты спикерлер және объективті төрешілер ретінде көрсете білген бірқатар тәжірибелі пікірсайысшылардан тұратын бас төрешілер алқасына жүктелді.
– Пікір-сайыс турниріне Ақмола облысының орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Екі адамнан тұратын командаларға қатысуға рұқсат етіліп, жалпы 12 топ бақ сынасты. Айта кету керек, турнир британдық Парламенттік форматта өтті. Ойынның жалпы жүлде қоры 330 мың теңгені құрайтын тауарлық сертификаттардан тұрды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздардан бөлек «Турнирдің үздік спикері» сияқты арнайы аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. Студент жастардың жан-жақты дамуында, олардың азаматтық белсенділігі мен зияткерлік ізденісін, қоғамда дұрыс саяси бағдарларын қалыптастыруда пікір-сайыс додаларының орны ерекше. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің тарапынан да пікір-сайыс ойындарын жаңғырту, дамыту ісіне көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі турнир өте қызу түрде өтіп, қатысушылардың шабыттары оянып, жеңіске жетем деген ынталары байқалып, ойларын еркін жеткізуге деген мүмкіншіліктері пайда болды. Іс-шараны, Көкшетау қаласының Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде бірлесіп, өткіздік. Аталмыш мекеме басшылығына айтар алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта әлі де талай шараларды бірлесе өткізетінімізге кәміл сенемін» – деп өз ойын ортаға салды облыстық «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бөлім басшысы Әсия Закенай.
Облыстық пікір-сайыс турнирінің қорытындысы бойынша жүлделі 1-ші орынмен марапатталып, 150 мың теңгелік тауарлық сертификат және кубокқа ие болған «Болашақ сарайы» мекемесінің «Шабыт шарығы» құрамасы. Ал, жүлделі 2-ші орынмен марапатталған Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау универститетінің «Хаома варга» құрамасына 100 мың теңгелік тауарлық сертификат табыс етілді. Жүлделі 3-ші орын және 50 мың теңгелік тауарлық сертификатпен Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «The wordsmiths» құрамасы марапатталды. Сонымен қатар, «Үздік спикер» аталымының иегері атанған және 30 мың теңгелік тауарлық сертификатпен марапатталған Кеңес Назерке өзін ерекше көрсетіп, көрермен ықыласына ие болды.
Жеңіс БАЛАБЕКОВ,
Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметшісі.