Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аруақты батыр, айшықты жыр!.. - АРҚА АЖАРЫ

Аруақты батыр, айшықты жыр!..

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында Баубек батырдың 200 жылдығына арналып, «Азат рухты Баубек батыр» деген тақырыппен облыстық айындар айтысы болып өтті.

«Шіркін!» деңіз!.. Не деген текті халық ек! Айтқан сөзі сүйектен өтіп, жұрттың жадынан жоғалмаған, ғасырлар бойы қуатын жоймаған небір шешен, елінің ертеңін болжап, жаңылмай жол сілтеген көсем, басы кетерін біліп тұрса да, тартынбаған көзсіз батырлар өтті ғой! Тағдыры мен тылсымы, ерлігі мен мәрттігі қайран қалдыратын сондай асылдың бірі Баубек батыр. Қазақ елінің дербестігі, халқының еркіндігі үшін атқа қонып, соңынан сарбаз ертіп, күші басым дұшпанға иілмей, қасарысып өткен соңғы ханымыз Кенесарының қасында болып, тәрбиесін көріп, ерлігіне куә болған сол Баубектің сөзін қараңыз: «Кенекеме берген антым бар. Орысқа басымды имеймін!». Бұл он алты жылға айдалып бара жатқанда, «Бәрібір жеңілдік, енді не мән қалды. Көне салсаңшы» дегенге берген жауабы. Ол аздай: «Мен осы кеткеннен оралмаймын. Өлді дегенді естігенде осы саусағымды туған топырағыма жерлеңдер» деп бір саусағын кесіп, аманаттап, тапсырып кетіпті… Айтқаны келген.

Міне, қазақтың осындай, ерлігі мен ісі, найзағайдай намысы мен алмастай сөзі ұлтына өнеге болып қалған Баубек Бекмырзаұлына биыл 200 жыл. Осыған орай, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында ерекше бір айтыс өтті. Ортаға сегіз жұп шығып, аруақты батырдың ерлігін жырлап, сөз саптады. «Бұл ән бұрынғы әндерден өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтқанындай, бұл жолғы айтыс өзгеше болды. Оның өзгеше болғанына сарай залына сыймай толқыған көрерменнің 5 сағат бойы ақындар сайысын тыңдап, тапжылмай отыруы дәлел.

Біріншіден, әрине, айтыстың әр қадамы, әр сөзі, әр ісі аңызға айналған Баубекке арналуы. Екіншіден, айтысты ұйымдастырушылардың бұл додаға сонау сексенінші, тоқсаныншы жылдары өнер сүйер жұртшылықты елең еткізген Қабдыжәлел Сахария сияқты ақындардан бастап, өнерге енді қадам басқан талапкерлерге дейін шақырып, қатыстыруы болды. Замандары басқа, мәнерлері өзге, айтыстағы айла-тәсілдері әртүрлі таланттылардың сөз додасына түсуінің қызық боларын қырағы көрермен де жазбай таныған еді. Қысқасы, ойлаған ой, қойған мақсат орындалды. Айтыс ерекше әсерлі, тартымды өтті.

Ал, енді осындай дүбірлі доданы, айтулы айтысты кім ұйымдастырды, дегенге келсек, алдымен, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының  Ақмола облысы бойынша төрағасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабектің атын атағанымыз абзал. Әрине, облыстық мәдениет басқармасы, оның жанындағы облыстық халық шығармашылығы және демалыс орталығы, Көкшетау қалалық мәдениет бөлімі сияқты мекемелердің қолдауымен. Мұндай өрелі шаралардың көппен бітері сөзсіз. «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» демей ме?

Айтыс қызығына келсек, Ерейментаудан жетпісті иектеген көнекөз тарлан Қабдыжәлел Сахарияның, әшейінде қиқулы додаға төселіп қалған ұлын қосар Елеш Қабылханның өзінің келуі, ақын Нұрислам Әділдің әкесінің сыныптас құрдасы Жанарбек Үмітханмен «қақтығысуы», тағы да Ерейменнен дүрілдеп атақты Ерлан Дәулеттің шығуы, бәрі-бәрі қызық болды. Әр кезеңнің, әр уақыттың үздіктері үзеңгі қағыстырғасын ба, кейбір бұрын ауыздыға сөз бермейтін мықтылар жүрістерінен жаңылып қалып жатты. Керісінше, әншейінде кібіртіктеп, керіліп-созылып, домбырасын дыңғырлатып отырып алып, жалықтыратындар шашасына шаң жұқтырмай төкпеледі. Бұл – айтыстың өрлеп, нағыз қызғандығының, айтыскерлердің арқасы қозғандығының белгісі болатын.

Осындай салиқалы да шабытты айтысқа Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының басшысы, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Баубек батырдың ұрпағы Қабиболла Шаяхмет, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов (қазылар алқасының төрағасы), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуаныш Оспанов, Көкшетау қалалық мәслихатыныңдепутаты, ақын Әлібек Серғалиев қазылық етті. Шараға Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысты.

Сонымен, тыңдарманын тәнті еткен айтыс мәресіне жетіп, көкшетаулық Мұхамед Қоңқаев бас жүлдеге (500 мың теңге) қол жеткізсе, зеренділік Екпін Сәбетхан 1-ші орын (300 мың), көкшетаулық Думан Самат 2-ші орын (200 мың), тағы бір көкшетаулық студент Аякөз Әбдуалиева  3-ші орынды (100 мың) иеленді. Қалған қатысушыларға ұйымдастыру алқасының дипломдары мен  50 мың теңге табысталды.

Дода мәресіне жетіп, марапаттау рәсімі өткен  соң батырдың ұрпақтары атынан сөз алған Қабиболла Шаяхмет ұймыдастырушыларға ағынан жарылып алғыс айтып, Баубек батыр тағдырын тебірене таратып, тыңдарманды тағы бір толқытты.

Осы айтыстың дүрмегі алдағы аламандарға жол ашты деген ойдамыз. Қалың көрерменнің айтысқа деген шынайы ықыласы мен құрметі ақындарға да, оны ұйымдастырушыларға да шабыт сыйлары шындық қой.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар