Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақмола облысының құрметті азаматы
Еліме ес те, сес те бола білген, елімнің айбыны мен айдыны, абыройы мен ар-намысы, топқа түсер шешені, ел бастар көсемі, Көкшенің өткенін де, кеткенін де әбден жақсы білген, небір абзал жақсылар мен жайсаңдардың алдын көріп, ғұмыр кешкен шежіре кеуделі ел ерінің бірі де, бірегейі де Чапай Әбутәліповтың тұлғасы Көкшетау үшін Оқжетпестей биік, Айнакөлдей таза да тұнық, Жұмбақтастай жарқын, Зерендідей зерделі, Айыртаудай айғақты, Имантаудай иманды да ибалы, Көксенгірдей көңіл көктемі болып, мәңгі жасайтын тұлға!
Дария өмірдің ағысы Чапай ағаны да мәңгіліктің қайтпас жағалауына алып келді. Өмір дария әлі де толқып жатыр… Көкшетаудың таулары да асқақтай түсіп, даласы да аруақтанып тұрушы еді Чапай ағам барда! Қайтерсіз енді?! Енді сен аман бол. Көкшетау!
Тұлға
Қажыр-қайратын, біліктілігі мен білімін туған өлкесі Көкшетау өңірі өркендетуге арнап, ақтық демі таусылғанша перзенттік парызынанайнымаған ел ардақтысы Чапай Әбутәліповтың өнегелі өмірі халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Жұдырықтай жүрегі халқым, елім деп соққан асыл перзентіміз тірі болғанда 4 желтоқсанда 85 жасқа толар еді-ау!
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Әбутәліповтер әулетінің тарихына көз жүгірту үшін әңгімені сонау ХІХ ғасырдан бастағанды жөн көрдім. Омбы облысының Называев ауданын мекендеген Байназар ата отбасы осы жылдары Еңбекшілдер ауданының Жаналық ауылына қоныс аударды. Қасиетті де киелі Біржан сал елінде төрт ағасымен бірге Әбутәліп те дүниеге келді. Адамға да, малға да жайлы құйқалы өңірде еңбек етіп, тұрмыс кешті. Алайда, отызыншы жылдардағы қазақ даласын жайлаған аштық кезінде Әбутәліп қария отбасымен күнкөріс қамы үшін Көкшетау аудандық партия комитетінің хатшысы, үлкен ұлы Мүтәллаптың жанына жақындағанымен, көп ұзамай қайтыс болады.
Зерделі азамат Мүтәллап жаңа өкіметке қолдау көрсету мақсатында Аймақ, Қошқарбай ауылдарында жергілікті тұрғындардың сауатын ашу үшін «Қызыл үйлер» құрумен айналысты. Қызылсая мектеп-интернатында директор болып істеп жүрген 1942 жылы әскерге шақырылып, Украина жеріндегі ұрыстарға қатысты. Алайда, көкшелік қайсар азаматтың ғұмыры қысқа болып, 1944 жылдың қаңтарында ерлікпен қаза табады. Аяулы әкесінің мейірім шуағын көре алмаған жалғыз ұлы Чапайды Мақпал анасы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірді. Зеренді ауданындағы Үлгілі ауылының тумасы, ақыл-парасаты мол әжеміз 83 жыл ғұмыр сүріп, қайнысы Нарбай, немерелері Абай мен Жабайды қанатының астына алып, тұңғыш немересі Алманы сегіз айында бауырына басты.
Бала Чапайдың қанатының қатаюына анасымен бірге ерінің туған інісі, колхоз және ауылдық кеңестің төрағасы Әшім ақсақал көп еңбек сіңірді. Үлкендердің қамқорлығын жан-тәнімен сезіне білген Чапай 1939 жылғы 4 желтоқсанда кіндік қаны тамған Қызылсая ауылындағы жергілікті мектепте бастау алған оқуын Краснояр орта мектебінде жалғастырды. Білім ошағының сол кездегі директоры Рауф аға Ақбердин бір естелігінде былай деп жазыпты: «Чапай өз құрбыларының арасында алғырлығымен, зеректігімен ерекшеленді.Осы талабы ескеріліп, оны мектептегі комсомол ұйымының хатшылығына сайладық. Қоғамдық жұмыста көш бастаған дарынды шәкіртім мектепті күміс медальмен бітірді. Оның келешекте ел басқаратын азамат болатындығын сол кезде-ақ байқағанмын». Чапай Мүтәллапұлы да кешегі кеңес дәуірінде облыстық «Степной Маяк» газетінің бас редакторы, ұлағатты ұстазы Рауф Хафизовичті ерекше сыйлап өтті.
Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын үздік дипломмен бітірген соң, ол әуелі «Молодежный» кеңшарында механик, бас инженер болып істеді. Өзіне жүктелген міңдетті бұлжытпай орындап, алғырлығымен ел ілтипатына бөленген Чапай Әбутәліпов орда бұзар отызында Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарға директор болып тағайындалады. Жай ғана басшы емес, көпшілік қошеметтеген, жұртшылық жақсылығына сүйсінген іскер басшы болды.
Шаруашылық жұмыстарын ұршықша үйірумен бірге, адамдардың күнделікті әлеуметтік-тұрмыстық өміріне бұрын-соңды болмаған тың жаңалық енгізді. Шоқ жұлдыздай шағын ауылға батыс мемлекеттерінің үлгісіндегі екі пәтерлік коттедждер салғызды. Оқтай түзу көшелердің қос қапталында жасыл желекке малынған ақшаңқан бұл үйлер кімді болсын таң қалдырмай қоймайтын. Орталықтандырылған қазандық салынып, әрбір үйге жылудың тартылуы, тіпті, ертегі тәрізді болып көрінетін. Міне, осы кезде ауыл жастары да елде тұрақтап, жұмыс істей бастады. Өйткені, қала мен ауыл тұрмысының арасындағы айырмашылық түгелге жуық өзгермегенімен, бірте-бірте теңесіп келе жатқан-ды. Осынау қолжеткен жетістігі үшін Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшар республикалық көрмеде жеңімпаз атанса, директоры Чапай Әбутәліпов Құрылыс-сәулет министрлігінің бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды.
Чапай Мүтәллапұлының тұсында жұмысқа шын берілген, уақытпен санаспай еңбек еткен қарапайым адамдардың, орта буын мамандардың бағы жанды. Көктемгі-күзгі маусымдық науқан кезінде алдынан жұмыс үркіп отыратын бесаспап мамандар шынайы құрмет пен қошеметке бөленді. Жігерлі жұмыстарының нақтылы белгісі іспетті омырауларына орден мен медальдар тақты. Шәпекеңнің де ел игілігі жолындағы өлшеусіз еңбегі де мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Омырауына екі бірдей Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет» ордендерін, он шақты медаль тақты. 2013 жылы «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағын алды.
Кезінде қостанайлық комсомол-жастар Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткізу жөнінде бағалы бастама көтерді. Республика бойынша кең өріс алған бұл бастаманы қолдау мақсатында Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда да комсомол-жастар шопандар бригадасы құрылды. Оларға өте жақсы жағдай туғызылды. Кеше ғана мектеп партасынан шыққан өрімдей ұл-қыздарымыз жаңа кәсіпшілікті тез меңгеріп, алғашқы жетістіктерімен қуантты.
Директор Чапай Мүтәллапұлы қол жеткен жетістікпен шектелмей, өнімділігі жоғары мал басын көбейтуді қолға алды. Малшылар мен сауыншыларға жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдай өз алдына, қоғамдық түлікке арналған фермалар да озық үлгіге сай болды. Бұрынғы шашыранқы, тиімсіз жұмыс тәсілдерінен арылып, өскелең өмір талабына сай жинақылыққа ерекше көңіл бөлінді. Осыған орай, әр ауылда тұтас мал шаруашылығы кешені пайда болды. Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшар 1972 жылы Отан қамбасына 1 миллион пұт астық құйып, ет, сүт, жүн және қымыз тапсыру жөніндегі жоспарды асыра орындады.
Адамның бойындағы асыл қасиеттерді тез аңғаратын бірінші хатшы Азнабай Әбілмәжінов ұйымдастырушылық қабілеті мол Чапай Әбутәліповты Көкшетау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне тағайындайды. Сөйтіп, еңбек десе жанып тұратын Шәпекең бұл қызметті 1975 жылдан 1980 жылға дейін абыроймен атқарып шықты. Жаңалыққа жаны құмар іскер басшы аудан шаруашылықтарын бір салаға мамандандыруды қолға алып, егін орағы кезінде звенолық, бригадалық әдісті кең қолданды.
Осылай еңбекте де, жалпы өмірде де бағы жанған іскер азамат Чапайды алда жарқын істер, лауазымды қызметтер күтіп тұрды. Қай биікке шықса да, кісілік келбетіне, адамгершілік ажарына қылаудай кіршік түсірмеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болған кезде аудандар мен кеңшарларды жаңа техникамен жабдықтады. Атап айтқанда, өңірге К-700 қуатты тракторлары әкелінді.
Еңбекшілдер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істегенде ең алдымен, қазақ ауылдарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына айрықша назар аударды. Елді мекендердің арасындағы тіршіліктің күретамырындай асфальтталған жолдар, тұрғын үйлер, мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен мәдениет ошақтары көптеп салынды. Апта сайын еңбек ұжымдарында аудан күні өткізіліп, төрт аяғын тең баса алмай, кенжелеп қалған мәдениетке ерекше көңіл бөлінді. Мәдениет үйлері музыкалық аспаптармен, концерттік костюмдермен қамтамасыз етілді. Осындай қамқорлықтың арқасында аудан экономикасы да өрге басты.
1987 жылы Целиноград облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне сайланғанда, ол Көкшетауда жинақтаған бай тәжірибесіне арқа сүйеді. Алпысыншы жылдары Тың өлкесінің орталығы болған Целиноград қаласымен экономикасы, әсіресе, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған облыстың атына сай іскерлік қабілет таныту кез-келген азамат үшін үлкен сын болды. Әрдайымда алған беттен қайтпайтын қайсар мінезді Чапай Мүтәллапұлы үш жылдың ішінде ақмолалық қауымның да ыстық ілтипатына бөлене білді.
Шетте жүрсе де, өзінің Көкшетауының мұң-мұқтажын, адамдарының тағдырын естен шығармай, перзенттік борышын адал өтеуді армандады. Осы ізгі мақсатын жүзеге асырудың сәті 1990 жылдың мамырында түсті. ХХІV партия конференциясында бірнеше үміткер дауысқа түсіп, бақ сынасқанда, Чапай Әбутәліпов көпшіліктің қолдауымен Көкшетау обкомының бірінші хатшысы болып сайланды.
Бұл қайта құрудың жаршысы Михаил Горбачев бастаған Кеңес Одағының тұғыры шайқалып, Прибалтика Республикаларының Одақ құрамынан шыға бастаған кезі болатын. Ерте ме, кеш пе, Қазақстанның да өз дербестігін алатынына көзі жеткен бірінші хатшы Чапай Әбутәліпов әр қадамын безбенге салып, елдің бірлігін сақтауға, экономиканы құлдыратып алмауға тырысты. Өйткені, демократияны желеу етіп, билікті сын садағына алу тым өріс ала бастаған-ды.
Өтпелі кезеңнің сынағынан арын да, жанын да таза алып шыққан Чапай Мүтәллапұлы рухани құндылықтарды сақтау жолында да батыл қадамдар жасады. Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген осындай маңызды мәдени шараның бірі – Абылай ханның 280 жылдық мерейтойын өткізуі. Партияның қылышынан қан тамған сындарлы сәтте басын бәйгеге тігуі ерлікпен пара-пар еді. Алған бағыттан таймай, республикамыздың жетекші ғалымдарының қатысуымен «Көкшетау» мәдениет сарайында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. «Торпедо» стадионында екі күнге созылған ақындар айтысы ел арасында әдемі естелік қалдырды.
«Мәдениет» совхозының Аққайың қойнауындағы мәдени-көпшілік шаралар – Абылай хан дәуірін көз алдымызға елестеткен театрландырылған қойылым, атбегілер мен құсбегілер сайысы, қолөнер бұйымдары мен киіз үйлер байқауы елдің рухын көтеріп тастады. Ең бастысы, жоспарланған шаралар көпшіліктің көңілінен шығып, бірінші хатшыныңда мерейін өсірді.
Чапай Әбутәліпов билік басында болған төрт жылдың ішінде көкшеліктердің есінде қалған қуанышты сәттер көп болды. 1991 жылы облыс диқандары 4,5 миллион тонна астық жинады. Ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі қарқынды дамыту үшін кеңшарлардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға, озық технологияны енгізуге шұғыл бетбұрыс жасалды. Белоруссиямен жасалған келісім-шарт бойынша 1 мың трактор, 50 шөп жинайтын техника, 10 мың телевизор, 5 мыңдай тоңазытқыш әкелінді. Ал, белорус тарапы бізден астық өнімдерін алатын болды. Рухани өмірге келер болсақ, кезінде өрескел бұрмаланған елді мекендер мен жер-судың көне атаулары қайтарылды. Республика Үкіметінің қолдауымен «Карасев» кеңшарына Үкілі Ыбырайдың, «Фрунзе» кеңшарына Абылай ханның есімі берілді.
Ат жалын тартып мінгеннен бері ел қамын жеген Едігедей бойындағы қажыр-қайраты мен ақыл-парасатын туған елінің мерейін өсіруге жұмсаған Чапай Мүтәллапұлы он бес жыл Ақмола облыстық ардагерлер кеңесін басқарып, қамқорлыққа мұқтаж адамдарды көлеңкесімен қорғап жүрді. Олардың басындағы барлық проблемаларды өзінің абзал жүрегімен терең түсініп, түбегейлі шешуге тырысты. Оның жіті назарынан ешбір мәселе қағыс қалмаған шығар.
Ұлы Отан соғысында шәйіт болған ақмолалық жауынгерлер жайлы он томдық «Зерде» кітабы шыққан сайын ардақты әкесі Мүтәллаптың жарқын бейнесі көз алдына елестеп, бойын сағыныш сезімі билейтін. 1944 жылдың қаңтарында штаб бастығы жіберген қара қағазда әкесінің Киев облысы, Ракитян ауданының «1 май» совхозындағы бауырластар зиратында жерленгені белгілі болғанымен, оны көзімен көргенше жаны тағат таппады.
Осы арманына ол 2004 жылы ғана қол жеткізді. Украинаның фашизмнен азат етілуінің 60 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысу үшін Қазақстан делегациясының құрамында Чапай Мүтәллапұлы майдангер қария Бүркітбай Батырхановпен бірге барды. Ең бастысы, Калиновка селосындағы бауырластар зиратындағы құлпытастан әкесінің есімін оқығандағы Шәпекеңнің көңіл-күйін көрсеңіз ғой. Бұл сөзбен айтып жеткізуге болмайтын нағыз бақытты әрі тебіреністі сәт болатын. Көкшетауға келіп, қуанышын ағайындарымен бөліскен Чапай сүйікті жары Раиса Тасжанқызымен, інісі Абай және балаларымен бірге әке зиратына 2005 және 2008 жылдары екі мәрте барып, рухына тағзым етті.
Көкшетау топырағында дүниеге келіп, бар ғұмырын еліне арнаған тұлғалар аз емес. Бәлкім, біздің баға жетпес байлығымыз да, қымбат қазынамыз да солар шығар. Ол өз елін жұмылған жұдырықтай ұйымшылдықта ұстап, жұмыс барысында туындайтын дау-дамайларды ақылмен шешуге тырысты. Халқына жақын болған бір басшы болса, ол өзіміздің ел ардағы Чапай Мүтәллапұлындай-ақ болар.
Жақсысын топ ішінен жаза баспай танып, ардақтай білетін жұртшылық көгілдір Көкшетаудың көрнекті перзенті Чапай Әбутәліповті ешқашан ұмытпайтыны ақиқат. Сол себепті де ардақты азаматымыздың қасиетті есімін ел есінде мәңгілікке қалдыру мақсатында көшеге атын беру және музейлерде бөлім ашу мәселесімен де айналысып жатырмыз.
Қол жеткен жетістіктерімізді бірге бөлісіп жүретін Чапай досыма деген жерлестерінің ыстық ықыласының нағыз куәгерлерінің бірі мен болармын. Осы ойымның айғағындай, Мамыр ақсақал Сағитовтың елдің игі жақсылары бас қосқан бір жиында Чапайға берген батасы есіме түсіп отыр.
Ақ сөйлеп, адал күлетін, шындықты жақтап жүретін,
Жаманға жалынбайтын, наданға табынбайтын бол.
Тоқтыққа тарылмайтын, арманнан арылмайтын,
Қайғы-мұңға жеңілмейтін, қайда жүрсең, елім дейтін бол.
Өтірікке сенбейтін, өсекке ермейтін бол.
Ата-ана, досты сыйла, ағарған басты сыйла.
Ақылы асса жасты сыйла, мұзбалақ ерді, іргелі елді сыйла.
Дана қарияның жүрекжарды осы лебізіне қосарым, Чапай Әбутәліпов шын мәнінде Көкшесін сүйді, жерлестері де асыл перзентін аялай білді. Өйткені, ол мәңгілік ғұмырдың адамы еді ғой.