Тәуелсіздік күні қарсаңында М.Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңарған ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті. Осы игі іс-шара аясында Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына орай «Серілердің соңғысы» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, жаңарған ғимараттың қос қанатында Сәкен Жүнісов пен Төлеген Қажыбаев атындағы мәжіліс залы мен музей кабинетінің лентасы қиылды. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, өңіріміздің зиялы қауымы мен мәдениет саласының қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Заманауи жабдықталған жаңа ғимарат көздің жауын алар жаңа келбетке ие болған. Жаңарған кітапхана – жаңғырған тарихқа, танымды тағылымға, жаңа мүмкіндіктерге толы. Кіре берістегі жарқыраған дәлізде жайдары көңіл-күймен салтанатты шараға қатысушыларды қарсы алған кітапхана қызметкерлерінің шаттыққа толы жүздерінен қуаныштың рәуіші сезіліп-ақ тұр. Алаулаған сезімді асқақтатып, осы бір қуанышты сәтті әсем әуенмен әспеттеген облыс өнерпаздары да ән мен күйден шашу шашып, жиналғандардың көңілдерін көктем етті. Әлбетте, ол заңды да. Бұл қуанышты күн – көптен күткен сәт. Себебі, бұл ғимарат салынғалы қырық жыл бойы жөндеу көрмеген. Ал, енді сол мәдениет ошағы күні кеше аппақ нұрдай жарқырап, жасанып, жаңарған. Иә, жақсы істің басында қашанда жақсылар жүреді. Қазақта «Жас келсе – іске» деген әдемі бір сөз бар емес пе? Аталмыш кітапхана директоры, ақын Қуаныш Оспан осы мәдени мекемесіне директор болып тағайындалған сәтте ұжым алдында алдымен ғимаратты жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргіземін деп уәде етсе керек. Уәдесінде тұрды! Әлбетте айтуға оңай көрінгенімен, бұл игі істің астарында қаншама маңдай тер, еселі еңбек жатыр. – Көкшетаудың біртуар перзенті абыз ақсақалымыз болған дарынды жазушы, ақын Төлеген Қажыбай ағамыздың жұмыс кабинетін, яғни, музей кабинетін деп айтсақ та болады, сол кабинетті ашып отырған жайымыз бар. Сонымен қатар, бүгін Сәкен сері Жүнісов ағамыздың атында мәжіліс залын ашып отырмыз. Биыл Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығы. Біздің мақтанышымыз Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен сері мен қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы Төкеңнің, ұлы Мағжан ағаларының екі қанатында екеуі тұрса әбден жараспай ма деген ойменен, сондай мақсатпенен жасалған дүние. Сондықтан, бүгін Мағжанның, Сәкеннің және Төлегеннің аты асқақтаған күн деп ойлаймыз, – деді Қуаныш Оспан ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ, директор өз сөзінде ғимараттың жөндеу жұмыстарына көмек көрсеткен облысымыздың бұрынғы басшысы Ермек Маржықпаевқа және осы игі істің жалғасын табуы үшін қолдау танытқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Иә, шынымен де, біртуар азаматын асқақтатқан елдің абыройы қашанда биік. Осындай жақсы идеяны қолға алып, жүзеге асырған Қуаныш Ерғалиұлының еңбегін ерекше атап өтсек орынды. Ендігі орайда Мағжан Жұмабаев атындағы кітапхананың бір қанатында біртұтас елінің «серім» деп еркелеткен аяулы перзенті, Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов пен көрнекті жазушы, табиғи талант иесі Төлеген Қажыбаев атындағы ойлы оқырманға арналған қос кабинет бар. Бұл бұрын-соңды біздің өңірде болмаған соны жаңалық! Кітапхананың бірінші қабатында орналасқан Төлеген Қажыбаев атындағы музей кабинетінің лентасын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Аманжол Ыдырысов және Төлеген Қажыбаевтың ұлы, ғалым Аян Төлегенұлы қиып, салтанатты түрде ашты.
– Төлеген Қажыбаев атындағы бұл музей кабинет кез-келген көкірегі ояу, көзі қарақты оқырманның көзайымына айналады деген сенімдеміз. Әкемнің бұл жерде өзінің көзайымына айналған жәдігерлері, қолжазбалары, тырнақалды туындысынан бастап, қолын қойған соңғы романына дейін бәрі тізіліп тұр. Сондықтан, кез-келген руханиятқа ынтызар оқырман өзінің қайнар бұлағына айналдырып, осы жерде Төкеңнің мұрасымен сусынданады деген үлкен ойдамыз, сенімдеміз. Бұл іс-шара шынымен де тарихи оқиғаға айналып отыр. Сондықтан да, өзінің заңды жалғасын табады деген сенімдеміз, – дей келіп, Аян Қажыбай осы игі істің ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Кабинетте жазушының жеке заттары, кітаптары, қолжазбалары, ордендері мен медальдары, басқа да марапаттары, естелік фотосуреттері бар. Ал, кітапхананың екінші қабатында Сәкен сері Жүнісовке арналған мәжіліс залының тұсаукесер лентасын мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Жабал Ерғалиев пен Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова және кітапхана директоры Қуаныш Оспан қиды. Бұдан кейін осы залда Сәкен Жүнісовтің 90 жылдығына орай «Серілердің соңғысы» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
– Бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап облыстық кітапханасында шынымен де маңызды тарихи оқиға болып жатыр. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқанындай, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Бүгінгі жайнаған кітапхананың жаңа келбеті бәрімізге де құтты болсын, – деп құттықтау сөзін бастаған, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев жиналған қауым алдында осы игі іске атсалысқан жандардың барлығына алғысын білдірді. – Сәкен сері рухы тәуелсіз суреткер болатын. Ол қандай заманда, қандай кезеңде, қандай қоғамда өмір сүрсе де рухы тәуелсіз болғаннан кейін елдің сөзін, елдің мұңын, елдің зарын айта алды. Оның серілігі де, еркіндігі де, халқының тәуелсіздігінде жатқан болар. Кезінде Мұхтар Әуезов «Менің аспирантым» деп кілең таланттылардың арасынан ерекшелеп мақтаса,
«Туған жер–Сарыарқаны сағынғанда, –
Мен сені бір иіскесем жетіп жатыр,–
деп ақын Ғафу Қайырбеков жыр жүрегінің бар мейірімін ақтарып, төге салғандығы, өздерінің соңдарынан адами ақиқаттың арашасысы, қазақ әдебиетінің ары, өз заманының тура биі болып Сәкен Жүнісов қаларын тани білгендігі һәм сол кемеңгерлердің ұлылықтары мен даналықтарына тәнті боласың! Бүгін кітапханада Сәкен сері Жүнісовтің мәжіліс залының ашылуы, сонымен қатар, Төлеген Қажыбаев ағамыздың оқу залы, жазушы кабинетінің тұсаукесері бәрімізге де құтты болсын. Бұл ардақты жазушыларын елі ұмытпағандығы, ұлықтағандығы деп есептейміз, – деді Жабал Ерғалиұлы.
Ғылыми-теориялық конференция ғалымдардың тұғырлы тұлғалардың шығармашылығы туралы танымды баяндамаларымен жалғасын тапты. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Аманжол Есмағұлов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы ғалым Сәбит Жәмбек, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ғалым, публицист Аян Қажыбай баяндама жасап, өскелең ұрпақ өзіне қажетті мол мағлұмат ала алатын тағылымы терең ойларын ортаға салды.
Тәуелсіздік күні есігін айқара ашқан жаңарған ғимаратта облыстық кітапхана қызметкерлері осындай танымды іс-шара ұйымдастырып, ойлы оқырмандарына рухани қуат сыйлады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.