Фариза Оңғарсынова – 85
2024 қазақ поэзиясының мәңгілік шамшырағы, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толды. Ол өткен ғасырдың 70-жылдары қазақ әдебиетіне дауылды жырларымен қадам басты. Талантты ақын қайталанбас мінезімен және терең дүниетанымымен қара өлеңді биікке көтеріп, қазақтың көркем сөзін көпке танытты.
Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Атырау облысы Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
Фариза он баланың кенжесі. Алайда, бауырларының көбі ерте қайтыс болып кетеді. Әкесі Оңғарсын Иманғалиев оқыған, балық шаруашылығын алғашқылардың бірі болып ұйымдастырған, жұртына қадірлі азамат болған. Ол Фаризаның кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен. Ал, анасы Халима Иманғалиева арабша хат таныған кісі. Ол халық ертегілерін, ескі қазақ әндерін жақсы көрген. Балаларын да оқу-білімге баулып, сауатты болуларына үлкен үлес қосқан да анасы. Балалар қыстың ұзақ кештерінде түрлі кітаптарды дауыстап оқып, поэтикалық шығармаларды жаттап үйренді. Фариза да өз балаларының ескі дәстүрлі тыйымдарға байланып қалмайтындай, еркін болып өсулеріне барын салған осы анасына қарыздар.
Қазақтың ақын қызы кішкентай кезінен-ақ, анасының Пайғамбарымыз (с.ә.с) туралы әңгімесін естіп өседі. Ол қиындыққа кезіккен сайын анасын жылатпауға тырысып өскен. Мектеп жасында-ақ, Қобыланды батыр жырын жатқа оқыды. Алайда, сол заманда бүкіл елді қалжыратқан сұрапыл соғыс тұтастай баланы да ерте есейтті. Фариза Оңғарсынованың да балалық шағы сол сұрапыл жылдарға дөп келді. Әке қазасының артын ала мейірімді аға Бақтұғыл мен сүйкімді апайы Рәбила оралмас сапарға аттанды. Болашақ ақын бас-аяғы алты жылда жанына жақын үш бірдей адамынан айырылды. Неше түрлі жоқтауды есі кірмей жатып естіп өссе де, құйтақандай кезден-ақ қайсар мінезімен ерекшеленді. Ақынның өзі де бала Фариза жайлы «қыз болып ойнамадым қуыршақпен, ерке еді мінезім де қыңырсоқтау» деген өлең жолдарын шығарған болатын.
Ақын қыз 1961 жылы Гурьев (Атырау) мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Оқу бітіргеннен кейін сол өңірдегі Балықшы, Еркін қала, Октябрьдің қырық жылдығы атындағы қазақ мектептерінде дәріс берді. Ол 1966 жылға дейін ауылдық мектептерде мұғалім, содан кейін директор болып жұмыс істеді. 1966 жылдан бастап Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясында әдеби қызметкер ретінде жұмысқа орналасып, журналистік қызметін бастады. Ал, 1968-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің Гурьев, Ақтөбе және Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жұмыс істеді. Фариза ақын шөл мен көл тоғысқан топырақта туып-өскендіктен, оның болмысы да сол топыраққа тартқан сыңайлы. Ақынның поэзия әлемі толған сезім.
Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев айтқанындай, Фаризада өзінің талантына лайық тегеурінді мінез болды. Расында да, солай еді. Талайды опындырған да, бірақ ақынды биік шыңға жетелеген де дәл осы мінез болатын. Ертеректе, неміс баспасының аудармашысы Ильза Чертнер деген әйел Фариза Оңғарсынованың үйінде қонақта болған. Сонда қойдың үйітілген басына үрке қарап, сылқылдай күлген аудармашы мен оның серігінің әрекеті Фариза апаймызға жақпай, ақын оларды үйінен қуып шығады. Сол кезде ақын: «Дәстүрімді сыйламаған адам, өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын» депті.
Ақынның әдебиет деп аталатын азабы көп ауылға келуіне әкенің қаны, ананың сүтімен берген қасиеті себеп болған. Фариза Оңғарсынова қалың қазаққа алдымен, шыншыл журналист ретінде танылды. «Лениншіл жас» газетінің мұнайлы өлкедегі тілшісінің көп жазатыны, әділ, кесіп жазатыны байқалған.
Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы, тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдер топтамаларының авторы. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.А.Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлеңдер топтамаларын, сондай-ақ, Р.Ф.Казакованың, Е.А.Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.
1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
2015 жылы ақынның туған жерінде ескерткіш, 2015 жылы Астанада ақынның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сардар» баспасынан 12 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 2018 жылы Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, көше берілді. Сол жылы балаларының қолдауымен естеліктер жинағы жарық көрді. 2019 жылы Астана қаласының бір көшесіне ақын есімі берілді. 2018 жылы Ақтөбе қаласында, 2019 жылы Ақтау қаласында Ф.Оңғарсынова атындағы мектеп ашылды. Маңғыстау облысындағы мәдениет үйі де Фариза Оңғарсынованың есімімен аталады. 2019 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойына орай, «Шілде» және «Полдневный жар» кітаптары жарық көрді.
Фариза ақынның өлеңдерінің құдіреті асау мінез, шалт қимыл мен ащы шындықта. Әр сөзі мірдің оғындай Фариза ақын халықтың мұң-мұқтажын көре жүрді, көп мінбеден көтере білді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кезінде «Ана мен бала» туралы заң жобасын әзірлеп, мәжіліс қарауына алғаш ұсынған да Фариза Оңғарсынова еді. Жетім көрсең жебей жүр деп, әлеуметтік мәселелерді төтесінен қойып, кесіп тұрып айтты, жазды. Бірақ, мемлекеттің қоржынында ақша аз деген себеппен ақын жазған заң мақұлдануға жіберілмей қалған болатын.
Қазақтың ақын қызы депутат бола жүріп, әйел азаматтарды басшылық қызметке тарту мәселесін көп көтерді. Бірнеше қазақ қыздарының саяси қызметтерге келуіне себепкер болды. Ақын жалпы, әйелдердің билік басында жүргенін жақсы көрді. Фариза апайдың қазақтың қызы осындай болса деген ойынан шыққандардың бірі, күрделі министрлікті басқарған Зағипа Бәлиева болатын. Фариза апай қазақ жастарының, әсіресе, қазақ қыздарының шын жанашыры болды.
Фариза ақын сүйіспеншілік пен махаббатты 28 жыл үздіксіз жырлаған ақын. Бірде оттай шарпитын, енді бірде алапат дауылдай теңселтетін махаббат сезімін басуға, жүрегін жандырмай, жан дүниесін таза ұстап қалуға көмектескен осы құдірет күші – өлеңі .
Артына өшпес асыл мұра қалдырған ақын 2014 жылдың 23 қаңтарында 74 жасында дүниеден озды. Қазақ халқының біртуар қызы Астанадағы Ұлттық пантеонда, Қабанбай батырдың кесенесінің жанында жерленді.
Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.