2025 – Жұмысшы мамандықтары жылы
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
(«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»
атты Қазақстан халқына Жолдауынан).
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Жарлығына сәйкес, биылғы 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Аталмыш бастама жұмысшы мамандықтарын даярлауға зор ықпалын тигізіп, техникалық және кәсіби білім беру ісіне басымдық берілуіне негіз болуда. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Осы орайда, біз бүгін Ақмола облысында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтуді жөн санадық.
Облыста білім беру қызметін 29 колледж жүзеге асырады, онда 20 мыңға жуық студент оқиды, оның 16 мыңнан астамы тегін оқумен қамтылған. Бүгінде облыс колледждерінде жұмысшы біліктілігі бойынша 5977 студент, орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандарында 13814 студент оқиды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарында білікті кадрлар даярлайтын колледждер жастар мен жұмыс берушілерді тартудың орталығына айналуға тиіс екендігін атап өтті. Осыған байланысты, өңірдегі колледждерде мамандарды сапалы даярлауға көп көңіл бөлінетінін атап өткім келеді.
Кәсіптік-техникалық білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы өңірдің салалық басқармалар, ұйымдар мен кәсіпорындар ұсынатын қажеттілігіне сәйкес қалыптастырылады. Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыстың 50 пайыздан астамы техникалық және агротехникалық мамандықтарға орналастырылады. Колледждерден жыл сайын 6 мыңнан астам студент түлеп, мамандық иесі атанады. Өңір кәсіпорындарында түлектердің жұмысқа орналасу үлесі 72 пайыз көлемінде. Талдамалық жұмыс нәтижесіне зер салатын болсақ, ол дәнекерлеу ісі, ауыл шаруашылығын механикаландыру, токарлық іс, электрмен жабдықтау және тағы басқа осындай техникалық, технологиялық мамандықтардың жұмыс біліктіліктері бойынша жұмысқа орналасудың жоғары үлесін көрсетіп отыр. Яғни, бұл мамандықтарға сұраныс жоғары. Мәселен, «жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары» және «электрмен жабдықтау» мамандықтары бойынша тау-кен колледжінің 25 студенті облысымыздың өнеркәсіптік кәсіпорындарында, атап айтар болсақ, Степногорск тау-кен химия комбинатында, Степногорск подшипник зауытында, Степногорск энерго-кешенінде ақылы тәжірибеден өткеннен кейін даярлықтың жоғары деңгейін көрсете отырып, жұмыс берушілерден тұрақты жұмысқа орналасуға шақырту алды.
Облыс колледждері бизнес-қоғамдастықпен тығыз ынтымақтастықта. Барлық техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында 700-ден астам кәсіпорынның қатысуымен индустриялық кеңестер жұмыс істейді. Үшжақты шарт жасасумен нақты кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлау тиімді жұмысқа орналасуға ықпал ететінін атап өткім келеді. Бүгінде облыста осындай дайындықпен 2 мыңнан астам студент қамтылған. Бұл болашақ мамандарға оқу кезеңінде жұмыс орындарын табуға, ал жұмыс берушілерге оларды өз кәсіпорны үшін дайындауға мүмкіндік береді.
Өңірімізде студенттерді дуальді оқытумен қамтуды ұлғайту бойынша жұмыстар да өз жалғасын табуда. Бүгінде бұл технология 26 колледжде енгізілген, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын, дуальді оқытумен қамтылған студенттердің саны 5 мың адамды құрап отыр.
Дуальді оқытумен қамтамасыз ету жобасына «Тыныс» акционерлік қоғамы, «КАИК», «НОВОПЭК», «Көкшетау жолдары» серіктестіктері мен «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамы сияқты өңірдің ірі кәсіпорындары белсенді қатысуда. Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 1757 педагог жұмыс істейді. Кадрларды даярлау сапасына өндірістен колледждерге 150 маман-практиктерді тарту және кәсіпорындар базасында өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушыларын тағылымдамадан өткізу ықпал етеді.
Айта кету керек, облыс педагогтары республикалық кәсіби шеберлік конкурстарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Өңір педагогтары тау-кен металлургиясы, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, инженерлік салаларда, қызмет көрсету және тағы басқа салаларда республика бойынша үздіктердің қатарынан көрінуде. Сондай-ақ, облысымыздың колледждерінде республикалық кәсіби шеберлік конкурстары өтуде. Мәселен таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының көпсалалы инновациялық колледжінің базасында алғаш рет «AgroSkills» ауыл шаруашылығы бағыты бойынша үш құзырет бойынша республикалық конкурс өтті. Сонымен қатар, өңір колледждері жастарды тиімді оқыту мен жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, екінші жыл қатарынан 10-11 сынып оқушыларын бір уақытта білім алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету бойынша республикалық пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Тағы бір осындай қанатқақты жобаның бірі – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының қолдауымен Маңғыстау облысында тұратын жасөспірімдер мен жастардың еліміздің үздік колледждерінде сапалы кәсіби білім алуына жағдай жасауға бағытталған «Жарқын болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Тағы бір айтулы жаңалық – ағымдағы жылы республика колледждерінде «Серпін» жобасын жүзеге асыру қайта жанданады. Қазіргі таңда облыстағы 10 колледж 28 мамандық бойынша осы жобаға қатысуға ниет білдірді. Бұл ретте, колледждердің білім беру бағдарламалары икемді және жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне бағытталған.
Сондай-ақ, 415 білім беру бағдарламасы оңтайлы бағаланып, оқу үдерісіне енгізілді. Колледждер сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа лицензиялар алу бағытында жұмыс жүргізді. Олардың ішінде мехатроника, ландшафты дизайн, құрылыс сметасы, логопедия және тағы басқа сұранысқа ие мамандықтар бар.
Ерекше екпін түсіре атап өтерлік жайт, колледждер жаңа және болашағы зор мамандықтарға: үй шебері, цифрлық логист, ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы және тағы басқаларына лицензиялар алуды жоспарлап отыр. Кәсіптік-техникалық білім берудің одан әрі даму траекториясын анықтау және аймақтағы озық тәжірибені тарату, колледждердің тиімділік рейтингі қалыптастырылып, республикалық жетекші, облыстық табысты деңгейдегі және магниттік колледждердің дамушы қосалқы колледждері қалыптастырылды. Соңғы екі жылда «Жас маман» жобасына қатысушы ірі колледждерге қосылу арқылы 4 шағын колледж, атап айтқанда, Бозайғырдағы мектеп-интернат-колледжі, Қорғалжын және Егіндікөлдегі агротехникалық колледждер және Біржан сал музыкалық колледжі біріктірілді.
Осы кезеңде оқу үдерісінің сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, еншілес колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Білім берудің тиімділігін арттыруға бағытталған озық халықаралық тәжірибені қолдану мақсатында облыстың іргелі жоғары оқу орны – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесе отырып, колледждердің білім беру бағдарламаларын біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Беларусь Республикасы 3,4 миллиард теңгеге қаржыландырған «Жас маман» жобасы кәсіптік-техникалық білім беруді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде облыстағы 11 колледжде 31 құзырет орталығы құрылды. Облыстағы колледждер бюджеттік қаржыландырудан бөлек, материалдық-техникалық базаны нығайтып, өздері өндірген тауарларын өткізуден кіріс алуға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда колледждер базасында 9 шағын кәсіпорын мен 11 оқу орталығы табысты жұмыс істеуде. Облыс колледждеріндегі студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесі де біртіндеп оңтайлы шешілуде. Бүгінде жобалық сыйымдылығы 6 мыңнан астам орынға шақталған 40 жатақхана бар.
Биылғы жылы Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжіндегі 300 орындық екінші жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс басқармасының мәліметінше, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне арналған 300 орындық жатақхана 2025 жылы пайдалануға беріледі. Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі өз қаражаты есебінен 450 орындық жатақхана салуда, оны пайдалануға беру де 2025 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Соңғы үш жылда колледждерде жалпы сомасы 1425,4 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осыған қарамастан тағы 7 нысанда оқу корпустары, шеберханалар мен зертханалар және жатақханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Соңғы үш жылда техникалық және кәсіптік білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл соманың жартысы білім беру мекемелерін дамытуға бағытталған өз өндірісінің тауарларын сатудан түскен колледждердің кірісі екендігін айта кеткен жөн.
Қазіргі таңда кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық WorldSkills қозғалысынсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі күні WorldSkills стандарттары кадрларды даярлаудың жоғары сапасының көрсеткіші болып табылады. Өңіріміздегі колледждер осыған белсенді түрде атсалысып, халықаралық WorldSkills қозғалысында және жыл сайын Ұлттық чемпионатта жүлделі орындарды иеленіп келеді. Айта кетерлік жайт, республикалық чемпионат 30 құзыреттілік бойынша өткізілсе, облыстық деңгейде құзыреттер саны 63-ке жетті. Осылайша, биылғы жылы техникалық және технологиялық колледждердің 80 пайызы WorldSkills стандарты бойынша демонстрациялық емтихан тапсырса, 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қорытынды аттестаттаудың бұл нысаны студентке алған кәсіби құзыреттілігін іс жүзінде кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді.
Алда да жұмысшыларды сапалы оқыту және оларды жұмысқа орналастыру үшін алға қойылған мақсаттарға жету жолында барлық мүдделі органдардың, атап айтқанда, салалық басқармалардың, әкімдіктердің, бірлескен жұмысы қажет. Осы орайда, «Жұмысшы мамандықтары жылы» еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге мүмкіндік беретініне сенім мол. Бұл үшін ақмолалық педагогтар мен жұмыс берушілер де аянбай, Мемлекет басшысы жариялаған игі бастамаға зор қолдау көрсетулері тиіс.
Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы.