Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағдырлы тұлға тағылымы - АРҚА АЖАРЫ

Тағдырлы тұлға тағылымы

Әдеби кеш

«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына орай әдеби кеш өткізілді. Іс-шараға №8 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары қатысып, жазушының өмірбаяны және шығармашылығымен танысты. Қатысушылар алдымен, Ілияс Есенберлин туралы бейнебаяннан Атбасар қаласындағы қарымды қаламгерге арналған мұражайды тамашалады.

Ұлттық әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан Ілияс Есенберлин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Әкесі ағаш шебері болған. Бірақ, өмірдің қиындығынан алдымен әкесі, содан соң анасы қайтыс болып, інісі Раунақ екеуі жетім қалады. Туыстары Раунақты асырап алады да, Ілияс жетімдер үйіне түседі.

Мектепте жүргенде-ақ қабырға газетіне  өлеңдері жарияланып, әдебиет, химия, физика, сызу, математика, бейнелеу өнері сабақтарын қызығушылықпен оқиды, алуан түрлі ертегі де шығарады. Мектепті тәмамдағаннан кейін, жұмысшы факультетіне қабылданады. Жоғары оқу орнын армандаған Ілияс Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, оны 1940 жылы бітіреді. Жезқазғанда жұмыс істеп жүріп, әскерге шақырылады. Әскери борышын өтеп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, майданда ауыр жарақаттанады.

1944 жылы ол болашақ жары Диляра Жүсіпбековамен танысты. Диляраның анасы, репрессияға ұшыраған Наркомның жесірі, абақтыда отырған еді. Ілияс оны түрмеден босатуға көмектескені үшін 1951 жылы «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен тұтқындалып, Қарақұм каналын салу жұмыстарына жіберілді. Қатаң жағдайлар мен ауруларға қарамастан, тау-кен инженері ретінде жұмыс істеп, ол зұлматтан аман қалды.

Сталин қайтыс болғаннан кейін, 1953 жылы Есенберлин босатылып, ақталды. Ол бірнеше жыл бойы кен орындары мен шахталарда жұмыс істеді. Алайда, өзінің шынайы аңсары әдебиет екенін түсініп, 1950 жылдардың соңында Алматыға көшті. Мұнда ол «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлер редакциялап, пьесалар жазды. Өз ортасына таныла түсіп, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды.

І.Есенберлин шығармашылық жолын ақын ретінде бастаған. Оның қаламынан «Адамгершілік жыры» атты өлеңдер жинағы, «Большевик туралы жыр», «Біржан сал» трагедиясы, «Адам мәңгілік», «Сұлтан», «Айша» деп аталатын поэмалар туды. Сондай-ақ, қырықтан астам әндердің сөзін жазған. 1960 жылдардан бастап, жазушы проза жанрына көшті. Алғашында оның «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повестері, содан кейін «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты көлемді романдары дүниеге келді. Ілияс Есенберлин жалпы саны 17 роман жазған.

Қаламгер «Таудағы тартыс» пьесасымен драматургия саласына да атсалысып, К.Д.Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін», М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» романын қазақ тіліне аударды. Жазушының ең танымал, көлемді шығармалары – «Көшпенділер», «Алтын орда» тарихи трилогиялары. Осы туындылардың арқасында көшпенділер өркениеті мен дала батырлары әлемге кеңінен танылды. Халқымыздың тарихына терең үңіліп, білгісі келетін оқырмандарға Ілияс Есенберлиннің шығармаларын  оқуға кеңес береміз.

Ал, кітапхана өткізген әдеби кешке тоқталсақ, ол арқылы оқырмандарымыз ұлы жазушының сан қилы өмірі мен жемісті шығармашылық жолына үңіліп, тағдырлы тұлға тағылымын шынайы сезіне түсті.

Алтын ІЛИЯСОВА,
«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
үлгілі кітапханасының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар