«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақмола өңірінде экологиялық іс-шаралар одан әрі жалғасуда.
Каменка ауылының агротехникалық колледжінде «Эко-сана – елдің өркендеуіне жол!» атты дөңгелек үстел өткізіліп, онда экология мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге аудандық әкімдік пен мәслихат өкілдері, сарапшылар, студенттер мен оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Сәуле Жайылғанова өз сөзінде жастардың бойында экологиялық сананы қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Колледж директоры Константин Кудин бұл үдерістегі білім беру мекемелерінің рөлі туралы айтып берді, ал, аға шебер Игорь Причипеев «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Оқушылар өздерінің экологиялық бастамаларын ұсынды. Онда мультфильмдер, тұсаукесерлер және табиғатты қорғауға бағытталған жобалар болды. Сонымен қатар, Белгород мектебінің оқушылары «Құстарды қыста тамақтандырыңыз» акциясы туралы айтып берсе, Лесное мектебінен келген Арина Ким «Планетаны бірге сақтайық» жобасын таныстырды.
Кездесу барысында дөңгелек үстелге қатысушылар қоршаған ортаның ластану проблемаларын, «Таза Қазақстан» бағдарламасының бастамаларын және волонтерлік қозғалыстың маңыздылығын талқылады. Көптеген студенттер экологиялық жобаларға қосылуға өз ынта-ықыластарын байқатты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.