Бүгінгі қоғамда адамдарға не қажет екенін түсіну үшін олармен үнемі байланыста болу керек. «Кісі болар адамның кісіменен ісі бар, кісі болмас адамның кісіменен несі бар» демекші, адамдардың қандай қиындықтары бар екенін олармен тығыз қарым-қатынас орнатқан кезде ғана айқын көруге болады. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Берген Беспалинов журналистерге берген сұхбатында партияның аймақ тұрғындарының мәселелерін шешудегі рөлі және өткен жылы не тындырғандары туралы жан-жақты айтып, әңгіме өрбітті.
– Берген Маратұлы, партиялық бақылау комиссиялары мен кеңестерінің әрбір отырысында партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланады. Оны біздер, журналистер қауымы, көріп жүрміз. Десе де, осы сайлауалды бағдарламада белгіленген мақсаттарға қаншалықты қол жеткізілді?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыруды басты міндет етіп белгілеп берді. Бүгінгі таңда «AMANAT» партиясы еліміздегі ең үлкен партия ретінде осы міндетті орындауға белсенді араласуда. Біздің облыста партияның 274 бастауыш ұйымына біріккен 38 мыңнан аса белсенді мүшесі бар. Әр ауданда филиалдар жұмыс істейді. Партиялық бастауыш ұйымдарға біріккендер –кәсіпорындар мен түрлі мекемелердің қызметкерлері мен мамандары. Ал, партияның сайлауалды бағдарламасы оның әрбір мүшесі үшін негізгі құжат болып табылады. Оны іске асыру барысында әртүрлі салаларда 130-ға жуық іс-шара қамтылуы тиіс-ті. Солардың кейбіріне тоқталсам, жаңа ауыл шаруашылығы кәсіпорындары ашылды, жолдар, мектептер мен ауруханалар салынды, елді мекендер абаттандырылып, туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылдың басында осы 130 іс-шараның 110-ға жуығы толығымен іске асты. Бұл облыстың барлық өңірлерін қамтитын жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижелі жемісі. Мысалы, 42 жаңа ферма ашылып, ауыл шаруашылығы саласында қосымша жұмыс орындары құрылды. Білім беру саласында бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Өткен жылы облыс тарихында алғаш рет бірден тоғыз жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 20-дан астам жаңа медициналық ұйым салынды.
Аймақ басшысы Марат Ахметжанов аудандарға барған жұмыс сапарлары барысында мердігерлермен кездесіп, проблемалары бар нысандардың жұмыс сапасына ерекше назар аударады. Былтыр жылдар бойы салынып келген Петровка, Бұланды ауылдарындағы мектептердің құрылысын аяқтауға мүмкіндік туды. Егіндікөл ауданының тұрғындары үшін ауыз су мәселесі де оңтайлы шешілді.
Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы ауылдың да, қала халқының да өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Барлық оқушылар жақсы мектепте оқып, ел азаматтары сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі қажет, әркімнің де еңбек етіп, лайықты жалақы алуы маңызды.
– Бірақ, сіз айтып отырған барлық жобаларды мемлекет қаржыландырып жатыр ғой. Ал, сонда партияның ауылдық жолдарды жөндеудегі рөлі қаншалықты?
–Сұрағыңыз өте орынды. Бұл жерде екі аспектіні анықтап алуымыз керек. Біріншіден, облыс мәслихаттарының депутаттары арасында 80 пайызы аманатшылар. Олар азаматтардың өтініштері мен өңірлердегі қажеттіліктерді ескере отырып, іске асырылуы тиіс бірінші кезектегі жобалар пулын қалыптастырады. Екінші аспекті – бұл кез келген қолға алынған жобаның сапасы мен мерзіміне қоғамдық бақылау жүргізу, оны да біздің партияластар мен депутаттар орындайды.
– Нысандарға депутаттардың баруы мердігерлердің жұмысын қаншалықты реттейді немесе олардың жауапкершіліктерін арттырады?
– Айта кету керек, облыстық мәслихат депутаттары, әдетте, аудандық партиялық бақылау комиссияларын басқарады. Мысалы, Атбасар ауданында Ғалымжан Саханов, Аршалы ауданында Руслан Шамкенов, Қосшыда Айдын Төребаев және тағы басқалары өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар жол жөндеу, құрылыс, абаттандыру сияқты барлық нысандардағы жұмыстардың сапасына үнемі мониторинг жүргізеді. Бұл мердігерлердің жауапкершілігін одан әрі арттыра түседі.
– «AMANAT» партиясы бірқатар жобаларды іске асырып жатқанын жақсы білеміз, сол жайында толығырақ айтып беріңізші.
– Иә, біз 13 партиялық жобаны іске асыруды қолға алғанбыз. Олардың барлығы шынайы. Әр жобаның өзіндік аудиториясы бар. Бұл жобалар азаматтардың мәселелеріне терең үңіліп, оларды жан-жақты және жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретін нақтылы жұмыс барысы.
Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бірегей жобасының рөлін ерекше атап өткен болатын. Жоба бойынша ауыл тұрғындары жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ресімдеп, мал, құс, сүт өңдеуге арналған техника немесе басқа да жабдық түрін сатып алып, өз істерін ашуына болады. Аталмыш жоба бойынша 200-ге жуық ауыл тұрғыны жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге несие ресімдеді. Биыл да бұл бағдарламаға қаражат қарастырылды. Қазір біз барлық ауыл тұрғындарына бағдарлама туралы кең ауқымды ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Тағы бір тәрбиелік маңызы зор жоба – «Таза Қазақстан». Ол тек сенбіліктерді өткізуді ғана қамтымайды, оның басты мақсаты – болашақта еліміздің табиғи байлығын сақтап қалу үшін жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру, соның ішінде жастарға ерекше мән беріледі. Сонымен бірге, біз үшін «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы да өте маңызды. Ал «Қайсар» жобасы аясында «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесіп, депутаттар Дуанбай Ыбырай, Умар Шоназаров жастарды патриоттық тәрбиелеуге белсенді қатысуда.
– Бүгінде халықтың басым бөлігінің несие алып, қарызға белшеден батып отырғаны өзекті мәселе. Бұл бағытта да партия белгілі бір жұмыс жүргізіп жатқанын білгенімізбен, нәтижесі қандай?
– Иә, дұрыс айтасыз. Біздің еліміздегі несиелері бар адамдардың жалпы санынан бір жарым миллионының қарызын өтеу мерзімі өтіп кеткен. Бұл мәселені жан-жақты зерттей бастағанда, біз көптеген азаматтарымыздың еш жауапкершілікті сезінбестен, несиенің пайыздары мен айыппұлдарын зерттемей ала бергеніне қанық болдық. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасының міндеті – адамдарды қаржылық сауаттылық негіздеріне үйрету. Ол өткен жылы алғаш рет қолға алынып, 9 мыңнан астам ақмолалықтар – жұмыссыздар, педагогтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер үшін оқыту тегін жүргізілді. Көбі өз мәселелерін шешіп алды десек те болады. Бұл жобаны біз әлі де жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар, тұрғындарға әр бейсенбі сайын партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде тегін кеңес алуларына болады.
– Партияның қоғамдық қабылдауларының жұмысы туралы да айта отырсаңыз. Қабылдауларда азаматтар көбінесе қандай мәселелерді көтереді?
– Қоғамдық қабылдаулар барлық өңірлерде белсенді жұмыс істейді. Өткен жылы бізге 10 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Көбінесе адамдар жұмысқа орналасу, әлеуметтік төлемдер, кредиттерді өтеу, алаяқтық, жер учаскелері мен тұрғын үй алу мәселелері бойынша өтініштерімен келеді. Осы мәселелердің шамамен 60 пайызы оң шешімін тапты. Қалғандары бойынша азаматтарға түрлі кеңестер беріліп, мән-жайлар түсіндірілді. Мысалы, жақында жалақысын ала алмай жүрген бір азамат қабылдауға жүгінді. Ол бір жеке тұлғада келісім-шартсыз жұмыс істепті. Заңгердің оған қалай әрекет ету керектігін түсіндірген бір кеңесінен кейін ол жалақысын сол күні алды. Осы жерде айта кетсем, «Құқықтық көмек» жобасы аясында біздің заңгерлер мен адвокаттар азаматтарға тегін кеңес береді. Сол сияқты, жақында Көкшетау қаласындағы Тәттімбет көшесінің тұрғындары жол жөнделіп жатыр, бірақ көше бойында су өтетін канал қарастырылмаған деп шағымданды. Біз мердігермен сөйлескеннен кейін, ол тұрғындардың өтінішін далада қалдырмай, су өтетін арнаны жобасына енгізді. Жоғарыда айтқанымдай, біздің жұмыс формализмнен мүмкіндігінше арылған, нақтылы әрекетке бейімделген. Әрбір арыз-шағымның, өтініштің оң шешілуі үшін әрекет етеміз. Біздің басқаша әрекет етуге құқығымыз жоқ. Себебі, әр мәселенің артында адам тағдыры тұр…
–Сонда әділеттілікті орнатып жатырмыз демексіз ғой.
–Солай десе де болады. Облыстық мәслихаттың депутаттары халықпен жұмыстың едәуір бөлігін өз мойындарына алып жатқанын атап өткім келеді. Әсіресе, Әбілқайыр Ошақбаевтың, Бекім Әкімовтің, Абай Жорабектің, Клара Меңдібаеваның және басқалардың еңбектері ерекше. Олар ауыл тұрғындары үшін, агроөнеркәсіптік сектор қызметкерлері үшін алаңдап, олардың толғандыратын мәселелерін әртүрлі алаңдарда, соның ішінде орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтеріп жүр. Бүгінде бұл депутаттар азаматтар мен мемлекет арасындағы көпірге айналып, олар жоғарыдағы шешім қабылдайтын билік өкілдеріне халықтың тілектерін айтып, жеткізуге көмектесуде. Сонымен бірге, депутаттардың жазбаша сауалдар жолдау тәжірибесі де жақсы нәтижесін беруде. Өткен жылы біздің депутаттар мемлекеттік органдарға 1400-ге жуық сауал жолдады. Ал, республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететін мәселелер туындаған кезде, біз мәжілісмендерге, яғни, партия мүшелеріне жүгінеміз. Және бұл жұмыстың тиімділігін де көріп жүрміз.
Бұл жерде біздің басты мақсатымыз өңір тұрғындарымен бірге болып, олардың мәселелерін шешу деп санаймын. Қиындық халықтың басын біріктіретініне осымен бірнеше рет көз жеткіздік. Былтырғы көктемде орын алған бұрын-соңды болмаған су тасқыны мұның айқын дәлелі. Былтыр біздің өңірде бірқатар аудандардың тұрғындары қатты зардап шекті. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жедел штабтар құрылды, «AMANAT» партиялық фракциясының депутаттары мен партия мүшелері де белсенді азаматтық ұстанымға ие болды. Олар су басқан аудандарға барып, адамдармен әңгімелесті, оларға не қажет екенін біліп, қолдан келген көмектерін ұсынды. Халық та қолдауды сезіне алды. Бұл арқылы біз адами қарапайым қатынас, әсіресе, қиын кезеңге тап болған жандарға қолдау білдіріп, көмек қолын созу жалпы азаматтардың билікке, оның қабылдаған шараларына деген көзқарасын өзгерте алатынына көз жеткіздік. Мұның барлығына ең алдымен облыс басшылығының, жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізілді. Тұрғындар су тасқынынан кейін қысқа мерзім ішінде алғашқы ақшалай өтемақыларын алды. Қазір Атбасарда басқа аудандардағыдай, барлық зардап шеккен отбасылардың тұрғын үй мәселесі толығымен шешілді. Осы ретте, бір айтып өткім келіп отырғаны, біздің депутаттар 100 миллион теңгеден астам қаржыға су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегін көрсетті.
– Берген Маратұлы, қазір сіз де облыстық мәслихаттың депутатысыз. Осы ретте, партия аппараты тарапынан қандай қолдау бар?
– Әрине. Партия тарапынан өте үлкен қолдау көрсетіледі, бірақ, бұл жерде жауапкершілік те зор. Айта кетейін, өткен жылы аумақтардағы 16 мәслихатта депутаттардың қосымша сайлауы өтті. Барлық жерде біздің кандидаттар ең көп дауыс жинады. Былтыр өткен ауыл әкімдерінің 56 сайлауының барлығында да «AMANAT» партиясының мүшелері жеңіске жетті. Қазір облыста ауыл әкімдерінің 95 пайызы аманаттықтар. Және бұл оларға ерекше міндеттер жүктейді. Біз партиялық резервті қалыптастыру бойынша жұмысын жалғастырудамыз.
Партия жұмысы – қоғамдағы көңіл-күйді анықтайтын барометр тәрізді. Оның жұмысына ене бастасаңыз, ол біртіндеп сіздің мінезіңіздің, ойлауыңыздың бір бөлігіне айналады. Өңірлерге барып, халықпен кездескенде, құрылыс алаңдарында, мониторинг жүргізгенде, жұмысқа одан сайын бойлап, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді зерттеп, біле аласың.
– Сіз партия жұмысының мақсатын қалай қабылдайсыз және депутат әрі төраға ретінде өзіңіздің жеке мақсатыңыз қандай?
– Партия адамдар үшін, олардың өмірін жақсарту үшін жұмыс істейді. Қала болсын, ауыл болсын, әйтеуір өңір тұрғындарының мәселелерін шешеді. Және мен бұл жұмыстың нәтижесі айқын деп айта аламын. Ал, менің өз мақсатым – қоғамға пайдалы болу, пайдамды тигізу.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбатты жүргізгендер:
Владислава КОКОРИНА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.