Қазақ тілі олимпиадасының үздіктері анықталды

Үкілі үміт

Жуырда «Жарқын болашақ» олимпиадасының облыстық кезеңінің жүлдегерлері анықталып, 6 оқушы республикаға жолдама алды.

Олимпиаданың облыстық кезеңін «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры осымен он үшінші рет өткізіп отыр. Оған облыстың мамандандырылған 5 мектебінен, 17 ауданынан және 3 қаласынан 150-ден астам оқушы қатысты.

Олимпиада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге және қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын дәріптеуге бағытталған. Байқауға қатысушылар бес бағыт бойынша бақ сынасты. Бірінші орынды иеленген оқушылар республикалық кезеңге қатысуға жолдама алды. Бұланды ауданы Қараөзек орта мектебінің 9 сынып оқушысы Нұрғиса Елешұлы жеңімпаздар қатарында. Ол «Әнші-бұлбұлдар» номинациясы бойынша үздік атанды. Бұл номинацияда қатысушылар әнді нақышына келтіре орындап, өздерінің вокалдық дағдыларын көрсетулері тиіс болатын.

–Мен олимпиаданың республикалық кезеңіне өттім. Өте қуаныштымын. 9 жасымнан өнерге әуеспін, ән айтамын, айтысқа қатысамын, ақындығым бар. Облыстық кезеңде «Самал тау» әнін орындадым. Енді, Алла қаласа, республикада осы әнді нақышына келтіре, бойды шымырлата орындап, бір белесті бағындыруға тырысамын, – деді облыстық кезең жеңімпазы Нұрғиса Елешұлы.

Еңлік Қызыр «Білгірлер бәйгесі» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломның иегері атанды. Бұл бағытта қатысушылар халық ауыз әдебиеті бойынша бақ сынасты. Еңлік Целиноград ауданы, Тасты орта мектебінің намысын лайықты қорғап шықты.

– «Білгірлер бәйгесі» сайысынан бірінші орын алдым. Өте қуаныштымын. Енді республикада жеңіс тұғырынан көрінемін деген үміттемін. Мен облыстық осы сайысқа алдыңғы жылы да қатысқан болатынмын. Сол кезде 3-орын алған едім. Ал, биыл жыл бойы дайындалған еңбегім одан сайын ақталды, – дейді Еңлік.

Сондай-ақ, «Бейнелеушілер», «Жас қаламгер» және «Сөз шеберлері» номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталды. Олимпиаданың қорытынды нәтижесінде 43 оқушы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, І дәрежелі дипломмен – 6 оқушы, ІІ дәрежелі дипломмен – 13, ІІІ дәрежелі дипломмен – 24, грамотамен 9 оқушы марапатталды.

Енді ақмолалық 6 оқушы республикалық олимпиадада Ақмола облысының намысын қорғайды. Айта кетейік, дода мамыр айында Астана қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар