Даладай дархан, дарабоз Сәбең

Сәбит Мұқановтың туғанына – 125 жыл

Өткен аптаның соңында Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейіне Солтүстік Қазақстан облысы Сәбит Мұқанов әдеби-мемориалдық музей ұжымы «Даладай дархан, дарабоз Сәбең» атты жылжымалы көрме алып келді.

Әйгілі академик жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы тереңнен сыр шертетін көрменің салтанатты ашылуына Ақмола облысы мәдениет басқармасының өкілдері, музей қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты. Аталмыш көрме көкшелік көрермен назарына бір апта бойы ұсынылмақшы.

Биыл қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар айтулы тұлға, академик жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осы датаны мерекелеу аясында қызылжарлықтардың Көкше жеріне жазушының жылжымалы көрмесін алып келуі құптарлық іс. Неге десеңіз, Сәбит Мұқанов өз шығармаларына өзге де көптеген туындыларымен қатар, Көкшетау, Бурабай топырағына да қатысты тарихи оқиғаларды өзек етіп алуымен бірге, осы өңірде туып-өскен тұлғалар өміріне де қалам тартты. Жазушы өзінің қажыр-қайратын жұмсай отырып жазған, өзіміз жастайымыздан оқып-өскен «Аққан жұлдыз» романынан шоқтығы биік Шоқанның бейнесін көрсек, «Балуан Шолағынан» әйгілі композитор, қара күш, басқа да өнер иесінің балалақ шағына, тартыспен өткен тауқыметті ғұмырына қанық бола түсеміз. Бұл романда да өңіріміздің жер-су атаулары мен әкімшілік-құрылымдық аумаққа қатысты деректер көзімізге оттай басылады. Ал, өзінің әйгілі «Ботагөз» романында Бурабай өңіріндегі тап күресі туралы жаза келіп, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі Амантай бейнесі қақында құнды мәліметтерді алға тартады. Жалпы, Сәбит Мұқановтың жазбалары мен монографияларынан хан ордасы атанған Көкше жерінен шыққан хан-төрелер мен би-шешендер, батырлар, сал-серілер туралы көптеген мәліметтерге кезігетініміз рас.

Ал, Кеңес Одағының Батыры, ғалым-жазушы Мәлік Ғабдуллинмен рухани байланысын жалпы көпшілік біледі. Екі тұлғаның аға мен іні болып, тонның ішкі бауындай араласқан бауырластығы мен жақын қарым-қатынасы сонау 1930 жылдардан бастау алады. Бірде Көкшетауға келген сапарында Сәбит Мұқанов бала Мәлікті көріп, оның зеректігі мен алғырлығын байқап, батасын береді. Кейіннен Алматыға арман қуып, оқуға барған Мәлікке басқа факультетте оқып жүрген жерінен Сәбит ағасы 1931 жылы Абай атындағы педагогика институтының филология факультетіне ауысуына көмектеседі. Сөйтіп, ол өзінің Бейімбет Майлиннің шығармашылығы турасындағы дипломдық жұмысын Сәбит Мұқановтың жетекшілігімен қорғап шығады. Бүгінде музей қорында екі тұлғаның өмір өткелдеріндегі өзара жазысқан 200-ден астам хаттары сақтаулы тұр. Сәбит Мұқанов пен Мәлік Ғабдуллин арасындағы рухани байланыс туралы музейдің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова әсерлі баяндап берді.

Қазақ руханияты үшін өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың байланысына Ақмола облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Бейсембаева да тоқталып өтті.

– Биыл Мәлік Ғабдуллинге 110 жыл, ал, осы музейдің құрылуына 30 жыл толса, көрнекті классик жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойларды солтүстік өңірдегі әріптестерімізбен бірлесіп, атап өтіп жатқанымыз біз үшін де зор мәртебе. Мәдениет министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан музейлер арасындағы байланысты одан әрі нығайту, белгілі тұлғалардың өмірін насихаттау, олардың шығармашылығына тұрғындардың қызығушылығын арттыра түсу біздің алдағы уақытта да бірлесіп атқаратын жобаларымыз болмақ деп ойлаймын,-деді Дина Уақытқызы көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музейі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит Мұқанов ауылында орналасқан. Ата-анасынан ерте айырылған екі бауырдың балалық шағы өткен қара шаңырағы 1990 жылдан бастап музейге айналыпты. Бүгінде музей қорында жазушыға тиесілі жеке қолданған заттары, кітаптары, құжаттары сақталып тұр. Музей үйінің жетекшісі Әлия Сәрсекова жылжымалы көрмеге Сәбеңнің көзінің тірісінде қолданған заттары, қолының табы қалған жазу машинкасы мен қолжазбалары, киімдерін қосқанда, барлығы 30-ға жуық жәдігер іріктеліп алынғанын айтады.

Салтанатты шарада сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманай Сейітқасымов Сәбеңнің тарих сахнасындағы рөліне, оның Қызылжар жұрты мен Көкше топырағын байланыстыратын   тұлғалық келбетіне, жазып қалдырған мол мұрасына тоқталып, төскейде малы, төсекте басы қосылған екі өңір арасындағы рухани жалғастықтың ешқашан үзілмейтінін атап өтті.

Сәбит Мұқанов көрнекті жазушы, драматург қана емес, ірі саяси қайраткер де болды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Ғылым академиясының академигі болып, қат-қабат шаруаның ішінде жүрсе де, аядай ауылына деген перзенттік махаббатымен ауылына да жиі ат басын бұратын. Музейдің ғылыми зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Гүлжаухар Сәдуақасова осы көрмеге қойылған әр жәдігерге жеке-жеке тоқталып, жиналғандарға таныстырып шықты.

Жазушының балалық шағына ерекше тоқталған музей қызметкері Сәбиттің тұрған үйінің суретін көрсетіп тұрып, сегіз жасар баланың ата-анасының бейітін жоғалтып алмау үшін ол жерге жылқы сүйегін жинап белгі қойғанын баяндап берді. Расында жылқы сүйегінің шірімейтін фосфор екенін ескерсек, бұл расында қаршадай ғана баланың тапқырлығы деуге келетіндей. Содан соң Сәбеңнің өмір мектебіндегі жолыққан, кездескен, байланыс орнатқан белгілі тұлғалармен бірге түскен фотосуреттері, қызметтік іс сапарларын дәлелдейтін құжаттары, өз қолымен жазған кейбір қолжазбалары хақында тереңірек мәлімет алдық. Фотосуреттерден құралған көлемді жиынтықта Омбыда мұғалімдер курсында оқып жүргенінде Мағжанмен танысқан сәтіндегі кадрларды, Жамбыл Жабаевтан бастап Мұқағали Мақатаев сынды көптеген белгілі тұлғалармен бірге түскен суреттерді көзіміз шалды.

– Сәбит Мұқанов атақты Жамбыл Жабаевпен етене жақын араласты. Сәбит атамыздың денесі ірі болғандықтан, оны ол кісі «Менің Балуан Шолағым»деп атаған. Жамбыл бабамыз емханада ауырып жатқанда Сәбит Мұқановты арнайы алдырып, « Менің жаназам шықпай қалмасын, оны өзіңе тапсырамын» деп өзінің соңғы сапарындағы оқылатын дұғасын аманат етіпті, – дейді Гүлжаухар Сәдуақасова.

Жылжымалы көрменің ашылуында Сәбит Мұқановтың ауылдасы әрі жазушыны 19 жасында көрген Мәдениет  ақсақалмен тілдесіп, сөйлесудің сәті түсті.  Ол кісі қаламгердің жеке адамдық қасиеттерін тереңірек біледі екен. Туған жеріне жиі ат басын бұратын Сәбең бір жолы ауылына атақты композитор Кенен Әзірбаевты ертіп келіпті.

– Менің әскерден келген кезім еді. Бір жолы ауылға Сәбит Мұқанов пен Кенен Әзірбаев келді деген хабарға бүкіл ауыл елең ете қалдық, – деп бастады әңгімесін Мәдениет атамыз. – Ауылда аунап-қунап, бір-екі күн болып, қайтатын уақыты жақындағанда ауыл азаматтары Сәбеңді шығарып салуға жиналдық. Сонда ауылдың сыртында жол үстінде жалғыз тұрған төмпешікті көріп: «Мұнда кім жерленген? – деп сұрады. «Бұл жерде ноғай Бабыр жатыр» дедік жарыса. Содан Сәбең әлгі жерге тізе бүгіп, Бабырдың аруағына бағыштап, құран оқыды. Бәріміз қол жайысып, бата тіледік. Кейін білсем жастайынан жетім қалып, жақынынан ешкім қалмаған Бабырдың: «Мен өлсем, жол үстіне жерлеңдер, әрі-бері өткендердің оқыған құран-сүрелерінің шарапаты тисін» деп өсиет айтқанын Сәбең біледі екен, – дейді атамыз музейдің дәлізінде аз-кем тілдесіп тұрғанымызда.

Жалпы, Сәбит Мұқановтың өмір жолында кездескен  үлкен-кішіге қолынан келген көмегі мен жақсылығын аямай, қал-қадірінше қол созғаны туралы оқып, естіп келеміз. Мәдениет ақсақал да Сәбиттің өзінің нағашы әжесіне беріп жіберген бес метр сисасы туралы тебірене еске алады. Айтуынша, елді аштық жайлап, жоқшылық халықты қысып жібергенінде ауылға келген Сәбит Мәдениет атамыздың нағашы әжесінің үстіндегі көйлегінің жырым-жырым болып тозғанын көріп, іштен тынып, үндемей кетеді. Арада біраз уақыт өткенде апамызға көйлек тігіп алу үшін бес метр сиса мен сәлемдемесін салып жібереді.

Сәбең туған қасиетті топырақта қаламгердің мол мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақтың өзегіне рухани нәр беріп отырған музейдің Көкшенің төріне келуі, Сәбит Мұқанов мұрасының Мәлік батыр музейінде насихатталуы мәдени-рухани тұрғыда үлкен оқиға деп білеміз. Олай болса, осы аптада музейге барып, ардақты Сәбеңнің өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлермен танысуыңызға жол ашық, қадірлі көкшелік көрермен!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музейінің экспонаттары жайлы сыр шертілуде; жазушының пайдаланған жазу машинкасы мен телефоны.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

3 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар