Көкшетау орталық қалалық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Қазақстан – достық пен бірлік елі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда өткен осы 30 жылдың еліміздегі бірлік пен этносаралық келісімді нығайтудағы маңызды кезең болғаны атап өтілді.
Тақырыпты талқылауға Ақмола облысы татарлар мен башқұрттар бірлестігінің төрағасы Рафаил Сұлқарнаев, «Әзірбайжандар қауымдастығы» РҚБ Ақмола филиалының төрағасы Назым Шихалиев, «Видергебурт» облыстық немістер қоғамының мүшесі Людмила Хаврушина, сондай-ақ, Көкшетау қалалық ақпараттық-кітапханалық жүйенің басшысы Серік Жетпісқалиев қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Ассамблеяның жетістіктері мен перспективалары, оның Қазақстан Республикасындағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі әңгіме өзегіне айналды. Қатысушылар қоғамдық тұрақтылықты нығайту және этностар арасындағы мәдени байланыстарды құру жұмыстарының тәжірибесімен бөлісті. Елімізде тұратын барлық этностар арасында өзара түсіністік пен құрмет ахуалын қалыптастырудағы Ассамблеяның рөліне ерекше назар аударылды.
Кездесудің жарқын сәті ретінде «Ғалиябану» татар ансамблі мен №14 орта мектеп оқушылары дайындаған тартымды концертті де атап өтуге болады. Іс-шара елімізде тұратын барлық этностардың бірлігін бейнелейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының Әнұранын орындаумен аяқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.