Әрі ұстаз, әрі жазушы

Әдеби кеш

Абай жолы, Мұхтар жолы дегенде, аты қоса аталатын ардақты есімнің бірі – Кәмен Оразалин есімі. Ұлылар мекенінде дүниеге келіп, Абай мен Шәкәрімді терең білген, Мұхтарды қаламына арқау еткен қаламгер қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орнын алуға тиісті тұлғалардың бірі.

Көкшетау қалалық Застанционный үлгілі кітапханасында белгілі  жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кәмен Оразалиннің 105 жылдығына  арналған «Майдангер жазушы» атты әдеби кеш өткізілді. Іс-шараның қонақтары №14 жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жамантай Болат, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  студенттері Динара Ауезхан, Гүлзат Түймебай Кәмен Оразалиннің шығармашылығына тоқталып, өз ойларын ортаға салды.

Кітапханашылар кітап көрмесін ұйымдастырып, оқу залының кітапханашысы Динара Көшембаева оқырмандарға Кәмен Оразалиннің шығармашылығы бойынша әдеби шолу өткізді.

Жазушы Семей облысы (қазіргі Абай облысы), Абай ауданы, Жданов атындағы совхоздың Қылышбек жайлауында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен-ақ шайқастарға қатысып, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен және медальдармен марапатталған. Жараланған соң туған жеріне оралып, Семей педагогикалық институтына оқуға түседі. 1947 жылы оқуын аяқтап, Қарауыл ауылының Абай атындағы мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасып, сонда отыз жылдан астам еңбек етеді.

Алғашқы кітабы – «Жексен» автобиографиялық повесі (1950). Жазушы бұл тырнақалды туындысында Сталинград шайқасын шығармасына арқау етіп алған. Тың жерлерді игеруге арналған «Ақ жазық» (1959), ұжымдастыру кезеңінен сыр шертетін «Көктем салқыны» (1964) романдарының авторы Кәмен Оразалиннің Мұхтар Әуезовке арналған «Абайдан соң» роман-трилогиясы оқырман қауымға барынша танымал. Кәмен Оразалин ұлы жазушыға «Абай жолы» романына материал жинауға да көмектескен.

Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі әрі Абай ауданының құрметті азаматы Кәмен Оразалиннің есімін ұмытпау, шығармашылығымен таныс болу баршамызға парыз. Осы тұрғыда өткізілген әдеби кеш өз мақсатына жетіп, жиналғандар майдангер жазушы туралы біраз мәліметтерге қанықты. Ендігі арада олар Кәмен Оразалин кім екенін біліп жүреді деген ойдамыз.

Қарлығайын НӘКЕШЕВА,
Көкшетау қалалық Застанционный үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

сурет: egemen.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар