Жолдауға – қолдау!
Ел болашағы – жас ұрпақтың ертеңіне, әсіресе, білім саласына ерекше көңіл бөлу қоғамның басты мәселесі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап, жайлы орындарда білім алулары ешқашан ел назарынан тыс қалған емес.
Жыл сайын білім беру саласының дамуына қолайлы жағдайлар жасау мақсатында облыстық және республикалық бюджеттен білім беру нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы өзінің былтырғы қыркүйекте жолдаған Жолдауында: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын» деп атап өтіп, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін, Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тарту керектігін, 3 жыл ішінде бұл мектептердің толық жаңартылуы тиістігін қадап айтқан болатын. Осы тапсырмаларды орындау барысында ел Үкіметі жергілікті жерлердегі әкімдіктермен тығыз жұмыс істеп, тиісті жоспарлар құрылуда.
Жалпы, мектепте сапалы білім алу – әрбір баланың құқығы. Мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі – бәсекеге қабілетті, білімге құштар оқушылар тәрбиелеу және оларға жайлы жағдай мен қауіпсіз орта қалыптастыру.
Бүгінде Ақмола облысында орта білім беру саласында 139 мыңнан астам оқушы оқитын 534 мектеп жұмыс істейді. Осы білім беру ұйымдарының 71-іне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа облыстық және республикалық бюджеттен, сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында қаражат бөлу қарастырылуда. Нақтылай түссек, жөндеу жұмыстары көзделген білім ордаларының ішінде 32 мектеп күрделі жөндеуді қажет етсе, олардың 17-сі «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жаңартылады. Қалған 39 білім беру ұйымы ағымдағы жөндеу жұмыстарымен шектеледі.
Алдағы жылы білім беру мекемелерінің жабдықталуын арттыру үшін «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 50 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алу жоспарланған. Осы мақсатқа қазынадан 500 миллион теңге бағытталады.
Білім ордаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аналогтық бейнекамераларды цифрлық камералармен алмастыру жұмыстары жалғасуда. Бұл бейнемониторинг орталықтарын полицияның жедел басқару орталықтарымен біріктіруге мүмкіндік береді. Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы осы мақсатқа орай, биыл 587 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Білім беру объектілерінің құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.
Жоғарыда атап өтілген, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы біздің облыс аумағында да нәтижелі түрде іске асырылып келеді. 2024 жылдың 1 қыркүйегінде Қосшы қаласында 1200 орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді. Жалпы, осы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Целиноград ауданында және облыс орталығы Көкшетау қаласында 12200 баланы орта біліммен қамтып отырған 9 мектеп ашылды. Сонымен қатар, Біржан сал ауданының Бұланды және Сандықтау ауданының Петровка ауылдарында әрқайсысы 80 орындық екі мектеп ашылды. Сонымен бірге, мектептерді жаңғырту бағытында биыл тағы 2 мектептің құрылысы жалғасуда. Бірі – Целиноград ауданының Жаңа жол ауылындағы 80 орындық, екіншісі – Степногорск қаласына қарасты Бестөбе ауылындағы 300 орындық мектеп. Бұл нысандардағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, білім ордалары балалар игілігіне беріледі.
Облыстағы мектептердің басым көпшілігі кеңес заманында, алпысыншы-жетпісінші жылдардың ішінде салынып, кейбірі бүгінде апатты күйде тұрған жайы бар. Сондай білім ошағы Жарқайың ауданының Бірсуат ауылында орналасқан. 1964 жылы ашылған мектептің бүгінгі күйі сын көтермейді. Осы орайда, Бірсауат ауылында 80 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау көзделуде, ал оған қаражатты жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз ету қарастырылуда.
Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында 2027 жылға дейін республика бойынша 1300 мектеп толықтай реновацияланатынын атап өткен еді. Осы ауқымды бағдарламаның аясында Ақмола облысында мектептерді реновациялаудың үш жылдық жоспары әзірленді.
2025-2027 жылдарға арналған мектеп реновациясының тізбесіне 90 білім беру мекемесі енгізілді. Олар осы үш жыл ішінде кешенді күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Тарқата айтсақ, бекітілген жоспар бойынша 2025 жылы облыста – 20 мектеп, 2026 жылы – 29 мектеп, ал, 2027 жылы 41 мектеп қайта жаңартылады.
Сонымен бірге, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Көкшетау қаласында 600 орындық «Білім-инновация» мектеп-интернатының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ал, Щучинск қаласындағы «Білім-инновация» IT лицей-интернатының 300 орындық жаңа интернатының құрылысы бастау алуда.
Осылайша, Ақмола облысында білім беру саласын дамыту мақсатында бірқатар маңызды жобалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл жоспарланған жобалар білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсартуға және оқушылар үшін сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Айнагүл БАЛТАШЕВА,
Ақмола облысы білім басқармасының басшысы.