Өткен бейсенбі күні Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласыныың орталық көшелері мен саябақтарын және Қопа көліне дейінгі аралығын жаяу аралап көріп, облыс орталығын дамыту мәселелеріне назар аударды.
Биыл Көкшетауда ауқымды өзгерістер болады деп күтілуде. Облыс орталығында Қопа көлі жағалауындағы құрылыс жұмыстары жалғасып, ондағы саябақтар қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ, жаңа скверлер мен бульварлар пайда болады. Көкшетау көшелеріне жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжановқа жаңа қоғамдық кеңістіктердің жобалары таныстырылды.
Облыс әкімінің жұмыс сапарында сонымен қатар қаладағы Рахымбек Сабатаев, Ақан сері, Мақтай Сағдиев және Біржан сал көшелерінің қиылысында Батырлар саябағы салынатыны айтылды.Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл орын қала тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына айналмақ. Жоба бойынша көгалдандыруға, жарықтандыруға және жайлылыққа ерекше мән беріледі.
Жоспарға сәйкес, Батырлар саябағынан Жеңіс аллеясына дейін өтетін жол салынады. Бұл аллеяның сәулеттік стилі Батырлар саябағымен үндесіп, заманауи көрініске ие болады. Мұнда кіреберіс аймақтар жаңартылып, ағаш пен гүл егіліп, балалар ойнайтын алаңдар мен воркаут аймақтары пайда болады. Сонымен қатар, бұл жерлер де жарықтандырылып, субұрқақтар мен шағын сәулеттік нысандар орналастырылады. Сондай-ақ, мемориалдық тастар да жаңартылып, жаңа келбетке енеді. Тәуелсіздік алаңы мен Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңындағы аллеясына да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, М.Сағдиев көшесінде жаңа бульвар салынып, ондағы көп жылдан бері бос жатқан аумаққа көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Бұл аталған аймақтардың ландшафттық дизайн жобасын «ENVICON» компаниясы әзірледі. Компания басшысының орынбасары Сергей Тропиннің айтуынша, жобалау барысында қаланың дизайн коды ескеріліп, жарықтандыру мен көгалдандыруда заманауи технологиялар қолданылмақ. Олар қала сәулетінің стилімен өз үйлесімін тауып, аумақтардың макроклиматына оң әсер етеді. Қазіргі уақытта бұл жобаны қала әкімдігіне тапсыру үшін құжаттары әзірленуде.
Жоба бойынша аталған заманауи саябақтар мен скверлер жолы Қопа көлінің жағалауымен жалғасып кетуге тиіс. Мердігер ұйымның мәліметінше, өткен жылы барлық инженерлік желілері тартылып, дайындалып қойған. Биыл компания наурыз айында жұмысқа кірісіп, маусымда аяқтауды жоспарлап отыр.Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, биыл шамамен қаладағы 12 гектарға жуық аумақ абаттандырылады. Қаладағы Жеңіс саябағынан бастап, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік саябағы, Уәлиханов аллеясы, М.Сағдиев көшесіндегі бульварларға қатысты және жоғарыдағы жаңа орындарды қамтитын туристік маршрут құрылмақ. Жаңадан ашылуы жоспарланған және жаңғыртылатын бұл орындар қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып, сонымен қатар, шағын кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде.
Өңір басшысы өз кезегінде жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды. Содан соң облыс әкімі Марат Ахметжанов Көкшетаудағы құрылысы аяқталуға жақын егде жастағы адамдарға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығын аралап көрді. Мұнда да қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Орталық ашылған соң бұл жерге келетін егде жастағы тұрғындар уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, жан-жақты қолдау ала алатын мекемеге айналады деп жоспарлануда. Бұл жердекомпьютерлік сауаттылықты арттыру, шет тілдерін үйрену, спортпен және вокалмен айналысу секілді түрлі үйірмелер жұмыс істеп, қарттар өз қалауынша арнайы мамандардың сабағына қатыса алады. Сондай-ақ, орталықтың іші мен айналасы жасыл желекпен көмкеріліп, сәнді аквариум, демалыс орындары орын теуіп, спорт залы, кітапхана, заңгерлік және психологиялық кеңес беретін кабинеттер де өз жұмысын бастамақшы.
Орталықтың құрылыс жұмысымен, ішкі көрінісімен толық танысып шыққан өңір басшысы қарт адамдардың денсаулығын нығайтып, олардың белсенді өмір сүруіне жасалатын орталық ғимаратындағы қарастырылған мүмкіндіктерге назар аударды.
-Спортпен айналысып, жаңа дағдыларды меңгеру олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Әсіресе, компьютерлік сауаттылық қарттарымыздың заман ағымына ілесіп, қоғаммен тығыз байланыста болуына көмектеседі. Бұл орталық тек білім мен дағды ғана емес, жан жылуы мен қамқорлық сыйлайтын орынға айналуға тиіс, – деді облыс әкімі.Мекеменің директоры Қуат Қайратовтың айтуынша, орталық күніне 150-ге тарта адамды қабылдауға қауқарлы. Бүгінде құрылыс жұмыстары соңғы кезеңге жетіп тұр. Оның салтанатты ашылуы 22 наурызда Күн мен түннің теңелу күнінде, Наурыз мейрамына орайластырып, жоспарланып отыр.Бұл – Көкшетауда алғаш рет ашылатын ерекше орталық, онда қарттар жай ғана демалып қоймай, жаңа білім алып, араласатын орта тауып, уақыттарын тиімді пайдалануға жол ашылмақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.