Мектебіміздің қадамы құтты, дәстүрі мықты

Алтын ұя   

Ерейментау өңірінде отыз бес жылға жуық уақыт бойы жас ұрпақты ана тілімізде білім нәрімен сусындатып келе жатқан Бөгенбай батыр атындағы мектеп-лицейі осы кезеңде тек білім беру ордасы ғана емес, сонымен бірге, ұлттың тілін, мәдениеті мен рухани құндылықтарын сақтаушы алтын шаңыраққа айналды. Мектептің іргетасы 1948 жылы қалана бастады. 1954 жылы тың көтеру кезінде ресми ашылды.  Кейін аралас мектеп болды.

1979 жылы неміс автономиясы құрылады деген суық хабар желдей ескенде, оған үлкен сәулетті ғимарат керек деген желеумен жабылып қалды. Аудан орталығы Ерейментау қаласында тәуелсіздікке дейінгі кезеңде орыс тіліндегі мектептер көп болғанымен, таза қазақ тілінде білім беретін мектептер болмады.

1980 жылдардың аяғында бұл мәселе кеңінен көтеріле бастады. Бұл бастамаға жергілікті халық, ұстаздар қауымы және қала әкімшілігі үлкен қолдау көрсетті. Сөйтіп, 1990 жылы 1 қыркүйекте қазақ орта мектебі болып қайта ашылып, 300 жылдық торқалы тойына орай, білім ордасына Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың есімі берілді. Бұл Ереймен өңірінде алтын әріппен жазылатын тарихи оқиға болды.

Қазіргі мектеп-лицей директоры Ерғали Таханұлы Жахин – педагогика саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан азамат. Ол өзінің мұғалімдік және басқарушылық қабілеттерін ұштастыра отырып, білім саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Ұстаздық жолындағы басты ұстанымы – әр баланың қабілетін ашу, оған сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті азамат етіп қалыптастыру. Ерғали Таханұлы оқу-тәрбие жұмысын жетілдірумен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Соның бірі – өткен оқу жылында мектепте күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі.

Мектеп ғимаратының жаңғыртылуы – білім сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Күрделі жөндеу жұмыстары барысында сынып бөлмелері, жылу жүйесі жаңғыртылды, мектептің сыртқы келбеті көркейтілді. Оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін жасалған бұл игі істер мектептің беделін арттыра түсті. ҰБТ нәтижелері бойынша мектептің көрсеткіштері жыл сайын жоғарылап келеді, мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жаңа технологияларды меңгеруде. Оқушыларымыз облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Мектепте соңғы үлгідегі интербелсенді тақталардың орнатылуы да заманауи цифрлық ресурстарды тиімді пайдалана отырып, білім беруге жасалған үлкен мүмкіндік.

Отыз жылдан аса уақыт аралығында білім ұясынан мыңдаған түлектер қанат қағып, еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде. Бүгінде ұжым мүшелері білім саласындағы міндеттерді жүзеге асыру ісіне қомақты үлес қосып келеді. Жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беруді, жеке тұлғаның интеллектуалдық қабілеттерін дамытуды мақсат тұтқан мектеп-лицей ұжымының білім берудің мониторинг жүйесін жетілдіру, авторлық бағдарламаларды ғылыми негізде дайындау жөніндегі іс-тәжірибесі аудан және облыс көлеміндегі білім мекемелеріне кеңінен танымал. Мектеп-лицей ұжымы оқушылар олимпиадасы мен ғылыми-жобалар байқауы, түрлі конкурстарда үнемі жүлделі орындардан көрінеді. Мұның барлығы оқушының шамшырағын жаға білген ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі.

Білім мекемесінде тәлім-тәрбие алып келе жатқан шәкірттердің қоғамдық және әлеуметтік белсенділігі жыл санап арта түсуде. Білім шаңырағы білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру мақсатында білім беру сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік жұмыстарды жыл санап жандандыра түсуде. Білім ұясынан осы уақытқа дейін 30-дан аса «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері қанат қаққан. 14 түлек «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және өзге де бағдарламалар аясында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Түркия, Сингапур сияқты мемлекеттерде білім алу мүмкіндігіне ие болды.  Қазіргі таңда Қазақстанның бірнеше мемлекеттердегі елшіліктерінен бастап, түрлі министрліктерде абыроймен қызмет атқарып жүрген біздің мектеп түлектері жетерлік.

Мектепте әр жылдарда ғылым кандидаттары, оқу-ағарту саласының майталмандары жұмыс жасаған. Атап айтар болсақ, Балташ Сыздықұлы Дүйсенов, Ғалы Асқарұлы Асқаров, Қасен Тұқпаұлы Жүсіпов, Есен Шәріпұлы Шәріпов, Елена Николаевна Османова, Жәнібек Қазыханұлы Қазыханов, Раиса Нәзіпқызы Сарманғалиева, Ғалым Ысқақұлы, Шортанбай Хамзеұлы Хамзин, Манап Бектасұлы Әдірешов, Амангелді Молдабайұлы Молдабаев, Күміс Мұхамеджанқызы Шәріпова сияқты ұстаздар мектептің ұзақ жылғы тарихында өзіндік орнымен есте қалған тұлғалар.

Міне, осы аға буын ұстаздардың ізін жалғаған бүгінгі орта буын ұстаздар да жетерлік. Солардың бірі ретінде «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпазы Бекай Жаббарұлы Нұрмұхановты айтуға болады. Қазіргі таңда мектепте 27 педагог еңбек етіп келеді. Олардың басым көпшілігі педагог-зерттеуші және педагог-сарапшы біліктілік санатындағылар. Педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесіндегі мұғалімдер де бар. Оқушылардың білім сапасы да жыл санап артып келеді. Жоғары сынып оқушылары арасындағы пәндік олимпиадаға қатысқан оқушылардың басым көпшілігі жүлделі орындардан көрінді. «Алтын сақа», «Алтын түлек» математикалық олимпиадасында да бірнеше жыл бойы жүлдегерлер саны артып келеді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден Президенттік олимпиада көрсеткіші бойынша да жыл сайын жүлдегер оқушылар шығуы қалыпты жағдайға айналған. 8-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық ғылыми жобалар байқауы мен 2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» байқауының республикалық кезеңінде жыл сайын шәкірттеріміздің топ жаруы – мектеп оқушыларының білім мен ғылымға деген ынтасы мен дарындылығының айғағы.

Мектеп оқушылары сапалы, заманауи технологияларға негізделген біліммен қатар тәрбие үдерісінен де шет қалмаған. Мектептің бұл тұрғыда «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлы ойшыл Әл-Фарабидің даналығын ту етіп жұмыс істейтіндігі бекерден-бекер емес. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ата-ана, оқушы және мектеп арасында тығыз байланыс орнатылған. Оқушылар мектептің қоғамдық-мәдени өміріне үнемі белсенді атсалысады. Олар дебат қозғалыстары мен  түрлі мерекелік концерттік іс-шаралардың ғана емес, әдеби клубтар мен өзге де танымдық қозғалыстардың белсенділері. Республикалық өнер фестивалдерінде үнемі жоғары нәтиже көрсететін білім алушылар қатары да аз емес.

Мектепте ұжым мүшелерінің шығармашылық ізденіспен еңбек етуіне жан-жақты жағдай жасалған. Ұстаздар қауымы оқу-тәрбие жұмыстарын ұтымды жоспарлауға және жүргізуге, ұжым мүшелері арасында өзара түсіністік, ынтымақтастық ахуал қалыптастыруға ұдайы назар аударып отырады. Озық тәжірибе мектебі аясында білікті ұстаздар авторлық бағдарлама, оқу-әдістемелік құралдар жазу, ғылыми жұмысқа оқушы дайындау, қысқа мерзімді сабақ жоспарларын құрастыру бойынша шеберлік дәрістерімен ұдайы түрде бөлісіп отырады.

Мектеп директорының бастамасымен жас мамандарға әдістемелік қолдау көрсету, тәжірибе алмасу және кәсіби дағдыларды жетілдіру мақсатында педагог-зерттеушілер мен педагог-сарапшылар арасында ашық сабақтар өткізу ұйымдастырылып тұрады. Мұғалімдер жасанды интеллект, геймификация және түрлі цифрлық платформаларды тиімді қолданады. Республикалық басылымдарда үнемі мақала жариялап, түрлі кәсіби конкурстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген мұғалімдер бар. Біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, өзара тәжірибе алмасу жолға қойылған. Мұғалімнің оқу үрдісіне шығармашылықпен қарауы баланың бойындағы бұғып жатқан қабілеттері мен дарынын ашады. Сондықтан да, кәсіби біліктілікті дамыту үшін мұғалімнің өз бетінше ізденуі, жетілуі, ынталануы қажеттігі анық. «Егер болашақтың өзгеруін қаласаң, өзің қазіргі сәттің өзгерісі бол» деп үнді ұлтының көсемі Ганди айтқандай, бұл өзгерістерді енгізіп, тұрақты етуде мұғалімдердің заман талабына  сай болуы, өзгеруі өте маңызды.

Спорт саласында да мектеп-лицей оқушылары үнемі жоғары белестерден көрініп жүр. Мектеп оқушылары түрлі үйірмелерге, шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол спорт түрлерінен жарыстарға қатысады. Нәтижесі де жоғары деңгейде деп ауыз толтырып айтуға болады. Дені сау ұрпақ – келешегіміздің жарқын болуының бір кепілі. Тағы бір мәселе – мектептің қауіпсіздігі. Бұл қазіргі білім беру жүйесінің маңызды қағидаларының бірі. Оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету білім беру мекемелерінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қауіпсіздік шараларының бірі ретінде мектептерде бейне бақылау камераларын орнату, турникеттер және бет-әлпет тану (фейсайди) технологияларын қолдану үлкен маңызға ие. Мектепте бейне бақылау камералары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл құралдар жоғарыда айтқан мәселелерді шешіп, білім беру ордаларында тәртіпті сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, олар мектептің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін де маңызды рөл атқарады.

Мектеп – әрбір жастың, әрбір адамның өміріндегі маңызды кезең. Ол тек білім беру орны ғана емес, жас ұрпақтың қалыптасуына ықпал ететін маңызды орталық. Мектепте алған білім, тәрбиенің негіздері мен өмірлік дағдылар әрбір баланың тұлға ретінде дамуына жол ашады. Сонымен қатар, мектеп қоғамның дамуында маңызды рөл атқаратын, білім мен тәрбие саласындағы әр игі өзгеріске тез бейімделіп, инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануға қабілетті ұйым болуы тиіс. Сондықтан, мектептің міндеті – тек білім беру ғана емес, сонымен бірге, жас ұрпақтың рухани, әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету. Міне, аталмыш ұстанымдардан оқу-ағарту саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан біздің Бөгенбай батыр атындағы мектеп-лицейі ешқашан да айнымақ емес.

Төлебек БЕКТАС,
Ерейментау қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы
мектеп-лицейі директорының орынбасары.

2 Total Views , 2 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар