Игі бір іс
Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы өңірдің негізгі салалары бойынша мамандардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін дамытуға бағытталған «Тәлімгерлік мектебі» жобасы іске қосылды.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Тәлімгерлік мектебі» ерекше маңызға ие десек, қателеспейміз. Бастама «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобасы аясында жүзеге асырылмақшы және машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, қоғамдық тамақтандыру және қаржы секторы кәсіпорындарында білікті тәлімгерлердің тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған.
Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» шарасы ұйымдастырылған. Оны сертификатталған жаттықтырушы-мультипликатор, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләззат Шонаева жүргізеді.
Оқу колледждердегі тәжірибеден өтетін және жұмыс істейтін кәсіпорын мамандары үшін қарастырылған. Семинар барысында елуден астам қатысушы жастарға тиімді тәлімгерлік ету үшін педагогика және психология саласында құнды білім мен практикалық дағдыларға ие болады. Кешенді оқу бағдарламасы дуальді оқытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен міндеттері, жұмыс орнында оқытудың педагогикалық негіздері, оқу технологиялары, әдістемелік тәсілдер мен құралдар, оларды қолдану, өндірістік оқу жоспарын әзірлеу, коммуникация технологияларының негіздері және тағы басқа мәселелерді қамтиды. Курс аяқталғаннан кейін оның тыңдаушылары аттестаттаудан өтеді, тәлімгер сертификаттарын алады. Бұған қоса, олар «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы тәлімгерлер тізіліміне енгізіледі.
–Тәлімгерлік – өмір бойы оқып, іздену. Тәлімгер өзінің білімін, дағдыларын бәсекелестік ортаға тығыз орайластырып, өндіріс талаптарына жауап беретіндей маман жұмысшыны тәрбиелеп шығаруы керек. Оқудан өткен барлық мамандар сертификат алады, аттестатталады. Кейін бұл оларға колледждермен келісім-шарт жасасу кезінде өндіріске тәжірибеден өтуге келген студенттер үшін белгілі бір төлем алуға мүмкіндік береді, – дейді Ләззат Шонаева.
«Веста Бурабай» тігін кәсіпорнының басшысы Екатерина Жукова да өткізіліп жатқан семинардың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, «Тәлімгерлік мектебі» аясында оқыту студенттердің колледждегі біліміне қоса қажетті өндірістік дағдыларды алуына мүмкіндік береді.
–Тәлімгерлік – тәжірибелі мамандардың жас кадрларға өз тәжірибесі мен білімін беруінің тиімді жолы. Біз өңір кәсіпорындарында жаңа қызметкерлерді оқытуда және бейімдеуде, сондай-ақ, жұмысшылардың әлеуетін арттыруға қабілетті, білікті тәлімгерлерге қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Тәлімгерлік мектебі осы олқылықтың орнын толтыруға көмектеседі, – деп атап өтті өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек те бізбен әңгіме барысында. Олай болса, іске сәт!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
2 Total Views , 2 Views Today