Өмір жолы көпке өнеге

Ардагерлер арамызда

Зәлет Есләмов 1935 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Красноармеец ауданының Талап ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, ауылдың ер-азаматтары майданға аттанған еді. Ауылда қарттар мен әйелдер және балалар ғана қалып, колхозда еңбек адамдары жетіспейтін. Сол себепті бұғанасы қатпаған Зәлет ата да 1944-1945 жылдардан бастап, Бірлік ауылында еңбек етті.

Барлық колхоз жұмыстары әйелдер мен жасөспірімдердің мойнында болды. Сұрапыл соғыстың салдарынан олар оқуын тастап, өздерінің жас екендігіне қарамастан, Ұлы Жеңіске үлестерін қосуға тырысып, аянбай жұмыс істеген.

Әрине, адам баласының басына тағдыр салған мұндай зұлматты жылдарда жалғыз Зәлекең ақсақал ғана емес, сол кездегі осы кісімен тетелес ауыл ішіндегі жасөспірімдердің бәрі де уақыт талабына сай, еңбек еткендері анық. Дегенмен, заманына қарай жұмыс саласы да, оны атқарып меңгеру деңгейі де әркімнің басында әрқилы жағдайда болды және әркім оны өз мүмкіндігіне қарай орындап отырды. Сол сияқты, бүгінгі Талап ауылының құрметті қариясы Зәлет те шамасы келгенше адал жұмыс атқарып, өзінің алғашқы еңбек жолын бала кезінен қырман және мал фермасынан бастаған болатын.

Көктем туса, мамыр айынан бастап егістікте көппен бірге өгіз жегіп, жер жыртып, тұқымды қолмен сеуіп, аянбай жұмыс атқарды. Маусым, шілде айларында колхоз шөп шабуға кірісетін. Шөпті қолмен шауып, жинап, қысқы малға беруге маялап үйетін. Ендігі осы жағын Зәлет қарияның өз аузынан естіп көрейік:

–Сөз арасында сол кездегі өмірдің қиыншылығын аздап болса да, түсіндіре кетейін. Ол тұста соғыс майдан даласында жүріп жатса да, соның зардабы мен қиыншылығы одан алыс жатқан қазақ ауылдарын да шарпыған еді. Соның бір көрінісі – киер киім мен жағар отын өз алдына, ұзақты күн уақытпен санаспай еңбек еткен біздер сықылды бала-шаға мен егде тартқан адамдарға бәрінен де тамақтың тапшылығы жанға бататын. Оның үстіне жұт жеті ағайынды дегендей, монша деген жоқ, ауыстырып киер киімің тағы тапшы. Түнде жуғызасың да, жыртығын жаматып, қыртысын қолмен уқалап, қайта киесің. Дегенмен, салар азабын салатын тағдыр өз ырқына көндіріп, бәріне де белді бекем буғызады екен. Иә, ол тұстағы ауыр жұмыс маусым өткен сайын бірінен соң бірі жалғасып, адамға да, жегер көлікке де бір күн тыным бермейтін. Ол кезде бүгінгідей жұмасына екі күн демалыс немесе мерекелік күндерде дем алу деген қайда?! Бірде аш, бірде тоқ жүріп, осылардың бәріне көніп бақтық, – деп терең бір күрсініп алған атамыз өткен ауыр күндерін есіне осылай алмағанда қалай алсын?!

Ол кісінің өз айтуы бойынша 1944-1945 жылдары қыста тұқым тазарту, шөп тасу, қоғамдық колхоз малына көмек беру жұмыстарында жүрген. Наурыз, сәуір айларында көктемгі егін себуге дайындық. Әйтеуір, ол кездегілердің соғыс біткенше шыбын жандарын шүберекке түйіп, дамыл таппағаны шындық. Осылай жүріп зарыға күткен Жеңіс күні де жетеді. Ендігі мақсат – қайтадан мектеп партасына отырып, білім алу. 1945-1955 жылдары Зәлет қария әуелі Краснокаменка мектебінде, кейіннен Қызылсая орта мектебінде оқиды 1956-1959 жылдары әскер қатарына шақырылып, Белоруссияда танк полкінде бөлімше командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, әскери борышын өтеп қайтады. Әскерден келген соң, өзінің еңбек жолын туған ауылында есепші болып жалғастырады. 1974-1978 жылдар аралығында ауылдық Кеңеске депутат болып сайланады. 1977-1990 жылдары Талап ауылдық бастауыш партия ұйымын басқарады. Қазіргі таңда Зәлет атай ауылда ақсақалдар Кеңесінің төрағасы, өмірлік жары екеуі 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отырған үлкен шаңырақтың иесі, әрі ақылшысы.

Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, адамның бәрі ойлы болса, қоғамға еңбек еткеннің бәрі бірдей  өз міндетін адал атқарса, ол бір ғанибет емес пе! Бұл ретте, өмір жолында қарапайым жұмысшыдан өз еңбекқорлығының арқасында лауазымды да жауапты қызметке дейін көтеріліп, пәрменді түрде адал еңбектене білген, осы өнегесі кейінгіге үлгі болған Зәлет қария сияқты жұрт құрметіне бөленген ардагерлеріміздің орны бір бөлек. Мұндай адамдардың өз Отаны мен өз ортасына деген сүйіспеншілігі мен түсінігі де, ар-намысы да басқалардан жоғары тұрады. Олар елі мен жеріне, қоғамына осынысымен де қадірлі, сонысымен де бедел-дәрежесі басқалардан артық. Олардың жүріп өткен өмір жолдары, ауыр жылдардағы төзімділік пен адамгершілік қасиеттері кейінгіге өнеге деп білеміз. Сондықтан да, «отбасыңыз аман, деніңіз сау болып, әлі де болса ұл-қыздарыңыздың, немерелеріңіздің қызық-қуанышын көріңіз» дедік біз ол кісіге.

Міне, ел басына қиыншылық түскен ауыр жылдарда қаршадайынан ересектермен бірге адал еңбек еткен бүгінгі қадірменді ауыл ақсақалы Зәлет Есләмов қарияның соқтықпалы-соқпақты тағдыр жолының бір үзік сыры осындай.

Алма БАЙҒОЖИНА.

6 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар